Қазақтан кешірім сұрайтындар неге көбейіп кетті?

727

Қазір әлемдегі геосаяси жағдай күрделеніп барады. Толас таппайтын түрі жоқ. Кеше Пентагон «Ресей-Украина арасындағы соғыс әлі үш жылға созылуы мүмкін» деп мәлімдеме жасады. Мақсат – Ресейді әлсіретіп барып, соғысты аяқтау ма, жоқ әлде қуатының кеміп бара жатқанын сезіп, Мәскеу соғыстан өзі бас тарта ма? Оны уақыт көрсетер.

Ал анығы, бізге соғыстың тезірек аяқталғаны керек. Қазақстанға келген АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтон Блинкен кеше Ресейге жасалынған санкциядан Қазақстан да зардап шеккенін айта келе, біздің елімізге қаржылық көмек жасауға уәде берді. Бұл ақшамен алдарқату ма, жоқ әлде осындай саясат арқылы Ресейді тұқырту ма, ол жағын алдағы уақытта бағамдай жатармыз. Ал біздің алаңдап отырған мәселе, кейінгі кезде қазақ халқынан кешірім сұрайтын өзіміздің орыстар көбейіп кетті. Әсіресе Украинада соғыс басталған бір жылдан бері олардың саны артты. Жалпы соғыс болып жатса да, Украинада интернет жүйесі жақсы дамыған ғой. Украин блогерлері кәсіби тұрғыдан мықты маман. Олар Қазақстандағы әртүрлі чаттар мен әр азаматтың фейсбук парақшасына қосылып алған. Сөйтіп, Қазақстандағы кез келген азаматтың пікірін зерттейді. Сосын барып, біздегі жекелеген азамттардың ресейшіл көзқарасын білгеннен кейін олармен тікелей эфирге шығады. Сөйтіп біздегі бірқатар ресейшіл азаматтардың көзқарасы айқындалып, масқарасы шығып жатыр. Отанына, Қазақстанға қарсылар өз ішімізден пайда болуда. Сұрақтың сұрқы да сұмдық. «Ресей Қазақстанға соғыс ашса, кімнің жағында боласың?». «Ресейдің». Артынан «білмедім, жаңылдым, қателістім. Қазақстан – менің отаным» деп кешірім сұрайтындар көбейді. Ал заңға сүйенсек, бұл қылмыстық кодекстің 174-бабы. Ұлтаралық араздықты қоздыру. Ал украин блогерлерінің мақсаты не? «Екінші майдан» ашу ма? Отқа тамызық па? Анығы, сол украиндық блогерлердің арқасында солтүстік облыстардағы кей азаматтардың көзқарасын біліп алдық. Бірақ бізге сабыр, тұрақтылық керек.

Жалпы бұдан шығатын дұрыс жол, Қазақстандағы азаматтардың отанға деген сүйіспеншілігін, махаббатын арттыру қажет. Ұлттық идеология керек. Қазақстан өзінің отаны екенін ұлтына қарамай, кез келген қазақстандықтың жүрегіне ұялататындай мүмкіндік жасаған дұрыс. Сонда ғана соғысып жатқан Ресейдің саясатын қолдайтындар азаяды немесе мүлде болмайды. Негізі соғыстан олжа тапқан ешкім жоқ. Тек үшінші елдер ғана қаруын сатып байитын шығар. Халық зардап шегеді. Экономика тұралайды. Ал бізге тыныштық керек.

Рас, қазір екі елдің соғысында Ресейді немесе Украинаны жақтайтын жекелеген азаматтар біздің елде де бар. Екі түрлі көзқарас. Неліктен? Өйткені бізде Ресей пропагандасы әлі толас тапқан жоқ. Дұрысы, «бір ел  бір тіл» саясаты жүзеге асырылса, екіге жарылған көзқарас та болмайды. Мұны неге айтып отырмыз? Дінтанушы Қайрат Жолдыбайдың былай деп айтқаны бар: «Қазақ тілінің қазіргі мүшкіл жағдайына кім кінәлі?! Қазақ тілінің қазіргі мүшкіл жағдайына 30 жыл бойы билікте отырған шала қазақ шенеуніктер мен солардың бүгінгі ұрпақтары тікелей кінәлі. Шенеуніктерде ұлтқа, ана тілге деген махаббат болғанда баяғыда шешіліп қоятын қарапайым ғана мәселе еді. Ресейдің қысымы жай ғана сылтау.

Әйтпесе, Ресейді алдап соғатын, қазақ тілін дамытудың түрлі айла-тәсілдері бар. Мысалы, мемлекеттік қызметке тек қана қазақ тілін білетіндер ғана алынады деген берік қағиданы бекіткенде, әлдеқашан билік мемлекеттік тілде сөйлейтін еді. Іс-қағаздардың бәрі қазақша жазылар еді. Телеканалдарымызды, ғаламтордағы ютуб секілді каналдарды қазақша қызықты контентке толтырып тастар едік. Бірақ мұның ешқайсысы жасалған жоқ. Себебі, билікте отырғандардың өздері дұрыс қазақша білмегендіктен, оларға қазақ тілінің дамығаны керек емес. Дамыса, бірінші кезекте өздері жұмыстан шеттетілетінін біледі. 30 жыл тіл мәселесінде асығудың, даурығудың қажеті жоқ деп бейқам отырды. Бұл тек уақыт жоғалту мен тұтастай ұлтты көпекөрнеу алдау болды. Енді қанша отырарымыз тағы белгісіз».

Жалпы дұрыс пайым. Негізі қазақ тілі үшін қарапайым халықты кінәлау орынсыз немесе тағы бір пікірді тыңдап көріңіз. Тележурналист Дархан Әбдік те мемлекеттік тілдің мәселесін биліктен талап ету керектігін айтады. «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруге кім қарсы? Ол кафедегі даяшыларды қуалап жүріп кешірім сұрату немесе дүкенге барып ұрыс шығару емес. Мемлекеттік тілде бірінші кезекте мемлекеттік қызметкерлер сөйлеуі керек. Талапты депутаттарға, министрлерге  қою керек, солар сөйлесін. Қалғандары жағдайды көргенде үйреніп шығады. Әзербайжанда, Өзбекстанда тіл мәселесі шешілмей қалған жоқ. Жас буынның барлығы сол тілде сөйлеп жүр.

Біздің билік тіл мәселесін қолдан жасап отыр. Өйткені бірде-біреуінің баласы қазақша сөйлемейді. 30 жылда 30 тіл үйренуге болар еді. Мәселе тілде емес, биліктің позициясында. Биліктен талап ету керек, себебі билік міндетті»,–дейді сұхбатында Дархан Әбдік.

Өткенде Алматының «Динара» кафесінде орын алған жағдай да тіл мәселесіне келіп тірелді. Қазақша ас мәзірін және мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді сұраған қаракөзге «нацист, фашист» деп тілдеген өзге ұлт өкілі ақыры кешірім сұрап құтылды. Қазір «кешірім сұрату» ең оңай тәсілге айналып барады. Негізі тілге құрмет – Отанға, адамға құрмет болуы тиіс.

Кешірім сұраған дұрыс шығар, бірақ ол әдетке айналмаса дейміз…

Батыр ЖАСҰЛАН