Қазақта мінез бар ма?

989

Әрине, қызық сұрақ. Бұл сұраққа әркімнің өз жауабы бар. Мен не деймін? Ойланып қарасақ, әр халықтың өзіне тән ұлттық ерекшеліктері болады. Мысалы, грузиндер ән мен биге жақын, өзбек еңбекқор, олар жердің тілін таба алады және құрылысқа бейім. Неміс тәртіпті сүйеді. Жапондар небір техника ойлап тапқыш. Америкалықтар мықты жандармдар. Олар әлемдік тәртіпті бақылаушы.

Ал қазақтар ше? Қазақта ерекшелік көп, бірақ өзіне тән ұлттық мінезі бар ма?

Ойлана-ойлана келгенде, қазақта мінез бар деймін. Ол қаншалықты біртүрлі болса да, бар. Жалпы, қазақ әлемде өзі жалғыз экземпляр боп жүрген халық. Ашығын айтқанда, біртуар халықпыз.

Қалтай Мұхамеджанов деген дарынды жазушымыз болған. Өзі драматург, прозаик, ұлттық фольклорды терең түсінген, қара сөздің шебері еді.

Бірде мынадай оқиға болды. Қазақстанға орталықтан ЦК бас хатшысы қылып Колбинді жөнелтті. Белгіленген күні партиялық жоғары басшылықпен таныстыру үшін дәстүр бойынша зиялы қауымды жинады. Арасында белгілі жазушылар, режиссерлер, суретшілер мен актерлер бар.

Қалтай ағаны да шақырған. Бірақ Қалекең нағыз қазақ сияқты ЦК ғимаратына бір сағатқа кешігіп келді. Үлкен залда жиын әлдеқашан басталып кеткен. Есіктер ішінен жабылған, ешкімді кіргізбейді. Қалтай аға кіре алмасын түсініп, ұзын коридормен сыртқа қарай беттей берген. Сол кезде оны Ербол Шаймерденов деген ЦК инструкторы қуып жетті: «Қал-аға, сіз мұнда неғып жүрсіз?» – дейді. Сонда Қалтай қырылдаған дауысымен, «е, Колбиннің к… е кірейін деп келіп едім. Қарасам, орын қалмапты», – деген екен.

Осы жауапта бәрі тұр. Комедия, ирония, трагизм, шындық, құлдық сана, шарасыздық және іштегі наразылық. Бірақ қазақ қана осылай айта алады. Қалтай қазақ еді. Даналығы көрініп тұратын.

Қазақтың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқов өмірде тым қарапайым, тыныш адам болған. Оны жұлдыз деп мазақтауға ауыз бармайды. Өйткені қазір «жұлдыз» дегенде шулайтын, шырылдай беретін қуыс кеуделер көз алдымызға келеді. Ал Шәмші тым момын, ұяң мінезді ауылдың адамы еді. Орден қуаламаған. Үй мен гонорар сұрамаған. Өзінің тыныш әлемінде жүрген кісі еді. Содан бір күні Жазушылар одағының үлкен бастықтары Шәмшіні еске алып, соны бірдеңемен марапаттап қоюды шешкен екен. Жиынға шақырып, сөз алғандар мұны ұзақ тұрып мақтайды. Бетінен кезек-кезек сүйіп, ең соңында үстіне шапан кигізіп, қолына конверт ұстатып, шығарып салады.

Жиыннан шығып, парк ішінде келе жатқан үстінде шапаны, қолында конверті бар Шәмшінің алдынан бұзақы жігіттер шыға келеді. Олар үндемей ғана үстіндегі шапанын шешіп, қолындағы конвертті суырып алады да, қарасын суытады. Сонда Шәмші: «Халқымнан айналайын, өзі киіндіреді, өзі шешіндіреді!», – деген екен.

Қазақта Асқар Тоқпанов деген ұлы әртіс болған. Ол да қайталанбас экземпляр. Қазір ондайлар жоқ. Бірде Асекең бір тойға ма, мерейтойға ма барады. Қазақта өзі той көп қой, қандай себеп болсын-болмасын, тойлағыш халықпыз. Ұлттық ерекшелігіміз бұл. Сол тойға Асқар аға өзінің бір шәкіртін, жас режиссерлердің бірін ертіп барған. Мәртебелі мейман ретінде бұларды ең үлкен киіз үйге кіргізеді. Дәу дастарқан, тартылған бастар, қарындары шыртиған, майлы беттері жылтыраған кілең бастықтар отыр екен, ішіп-жеп. Асекең бірден жақтырмады: «әй, бас жегіштер, әйтеуір, жей бересіңдер, тоймайсыңдар», – дейді. Мұндайды күтпеген жас режиссер сыртқа қашады. Кім білген, өңкей бастық кәрі шалды басып-жаншып тастауы мүмкін. Содан бір сағат өтті, екі сағат өтеді. Режиссер енді шындап алаңдай бастағанда, Асекең киіз үйден шығып, жайбарақат келе жатыр. Қолындағы пакет толы қойдың піскен басы. – «Асқар аға, мынау не?»

– «Е, жәй, әшейін», – дейді ол.

– «Әшейіні несі, жаңа ғана өзіңіз оларды бас жегіштер деп тілдеп едіңіз ғой?»

– Ей, не көрінді саған. Иә, алдым. Тегін берген соң алмағанда, не істеймін? Пендешілік бұл. Мен не, пенде емеспін бе, – депті.

Асқар ағаның мінезі осындай болған. Күрт өзгеретін. Ол тағы теңдессіз әртіс еді. Шын шебер, дау-дамай шығарғыш, білімді энциклопедист, шаршамайтын қалжыңбас, қылжақбас, ерекше ұстаз, кең пейілді адам болған-ды. Бірақ сонымен бірге ештеңеге бағынбайтын араздастырғыш болатын. Қарама-қайшылықтың адамы еді. Әрине, ол да нағыз қазақ. Ешкімде жоқ мінез иесі болған – ұлы қазақ.

Қазақтың мінезі деген – осы.

Ермек  Тұрсынов