Қазақтың құны: тазыдан төмен, төбеттен сорлы

615

Парламент мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар қазақтың асыл тұқымды иттерін сақтау және көбейту мәселелері бойынша заң нормаларындағы түзетулерді мақұлдапты. Құжатты депутат Әмірхан Рахымжанов таныстырған. Мәжіліске ит туралы заңды құшақтап келген депутаттың айтуынша, тазы мен төбет қазақ халқының ұлттық мақтанышы, ұлттық қазынасы, мәдени-тарихи құндылығы көрінеді.

Дұрыс, асыл тұқымды ит тұқымдарының азайғаны рас. Бірақ осы уақытқа дейін талай жерде айтылып-жазылса да, тазы мен төбетке бірде-бір шенді-шекпенді «итпісің» деп пысқырмаушы еді. Аяқ астынан иттерге қандай аяушылық ояна қалды екен? Осы жағы қызық бізге.

Ит туралы заң жобасы нормаларын іске асыру үшін 1,4 млрд теңге қажет екен. Бұл сома биыл 18 қазанда республикалық бюджет комиссиясының отырысында қолдау тапқан болатын. Қысқасы, ақша бөлінетін болды.

Біздің айтпағымыз тазы немесе төбет туралы емес еді әңгіме. Тазы мен төбеттің асыл тұқымды ит екені рас. Бірақ дәл қазіргідей алмағайып уақытта сол төрт аяқты итті асылдандырумен айналысу, оған қазынадан миллиардтап ақша бөлдіру, депутаттардың ит туралы заң шығарумен әбігерленуі ақылға қонымды шаруа ма өзі? 1,4 млрд теңге аз ақша емес. Сол сомаға үйсіз-күйсіз жүрген қанша қазаққа баспана салып беруге болар еді? 10 млн теңгеге бір үй тұрады деп есептесеңіз, 140 қазақты баспана зарынан құтқаруға қапталынан жететін ақша бұл.

Оны да қойшы, қазір кедейге байдың, халыққа мемлекеттің жаны ауыратын уақыт па? Жоғарғы жақтағылардың біреуіне тазы ит өсіру қажет болып қалған болуы мүмкін. Немесе көкелеріміздің біреуі төбетті қатты жақсы көреді. Сондай «қажеттіліктер» болмаса, біздің депутаттар ит түгілі, адамға адамдық танытқан кездері аз. Сол депутат ағайлар мен апайлар ит тұқымын асылдандыру туралы заңмен әбігерленгенше, шетелден келген қазаққа Қазақстан азаматтығын бес жыл күттірмей беру нормасын неге талқыға салмайды? Әлде қандастарымыздың тағдыры тазы мен төбеттің тағдырынан да сорлы ма?

Оны да қойшы, түкірігі жерге түспей тұрған кейбір депутаттар түкірігіне айыппұл төлеп жатқанда, мына жақта әріптесі ит туралы заң нормасын толықтырып алып, шауып жүр. Иттер-ай, бақыттысыңдар ғой!

Жарас ШӨКЕ