Қос үрей: қауіп пен қатер

115

Футболсүйер қауымның екі-үш күннен бері жасыл алаңға назары ауды. Алайда саясат футболға да әсерін тигізе бастады. Әлімсақтан солай. Бұл жолы дау Украина футболшылары киген киімнің дизайнына қатысты өрбіді.

Айта кету керек, Украина құрамасының футболшылары киіп шыққан формада Украина картасы және «Украина жасасын!», «Батырлар даңқы арта берсін!» деген ұрандар жазылған. Ал дәл осы жазу Ресей саясаткерлеріне ұнамай отыр. Өйткені, расында да, халықаралық құжаттарда «Қырым – Украина жері» деп көрсетіледі, ал Ресей ол түбекті 2014 жылы заңсыз аннексиялағаны белгілі. Ресей тарапы Украина ұлттық құрамасының формасына келіспейді. Бұл – бір. Екіншіден, Ресей футбол одағы УЕФА-ға шағымданып, киімнің дизайнын өзгертуді талап етіп отыр. Ресей саясаткерлерінің айтуынша, «Батырлар даңқы арта берсін!» деген ұранды алып тастау керек. Өйткені мұны Украинаның ұлтшыл ұйымдары жиі пайдаланады. Міне, киімнен де саяси астар іздеген орыстың атқамінерлері ел назары Еуропа чемпионатына ауған сәтте аяқастынан осылай ылаң жасап отыр.

Мұны неге айтып отырмыз? Әртүрлі жолдармен жерінен айырылған елдер әлемде өте көп. Мысалы, Кеңес Одағы тарағаннан кейін Мәскеу бұрынғы ықпалынан ажырап қалмау үшін зорлықпен Молдовада –Приднестровье, Грузияда – Оңтүстік Осетия мен Абхазия, Украинада – Луганск мен Донецк аймағын құрды. Сонымен қатар, 2014 жылы Қырымды заңсыз аннекциялады. Мұндай мысалдар әлемде де көп. Ресей, шын мәнінде, өзінің империялық әрекетін ашық жүргізеді. Өзге өңірлерді басып алады немесе өзге елді іштен ірітіп, жоғарыдағыдай, «қуыршақ мемлекет» құрады. Ресейдің бұл әрекетіне қатысты халықаралық санкциялар салынды. Сонда да ресми Мәскеу империялық астамшылық пиғылын қояр емес және мемлекетті Путин басқарып отырған уақытта жалғаса беретіні айқын.

Ресей әскери интервенция арқылы өзге елді жауласа, ал Қытайдың саясаты мүлде басқа. Пекин Ресейдей емес, жасырын түрде «бейбіт жаулап алу» саясатын жүргізеді. Қарызын қайтара алмай, Қытайға бодан болып отырған елдер әлемде ондап саналады. Бір ғана мысал, экономикалық тұрғыдан Қытайға кіріптар болған бірқатар Африка елдері қазір қарызын қайтара алмай, амалдың жоғынан жерін жалға бере бастады. Қазір Африка құрлығында 1 миллионнан астам қытайлықтар жұмыс істейді. Соңғы мәліметтерге қарағанда, Кения, Замбия, Нигерия, Мозамбик, Камерун, Танзания, Уганда сияқты мемлекеттердің 4 миллион гектар жерін қытайлықтар жалға алған. Бұл аймаққа ешкім кіре алмайды. Оны Қытайдың арнайы жасағы күзетеді. Ондағы өндірілген бүкіл ауылшаруашылық өнімдері тек қана Қытайға экспортталады.

Мұндай мысалдар жетіп-артылады. Мысалы, Тәжікстан Қытайдан алған қарызын қайтара алмаған соң, осыдан төрт жыл бұрын елдің оңтүстігінен 5000 гектар жерді 20 жылға жалға берген. Сондай-ақ «Душанбе-2» жылу электр энергиясы стансасын жарақтандыру үшін өзінің алтын кенін де беруге мәжбүр болған.

Қытайдың «бейбіт жаулап алу» саясаты талай елді өзіне кіріптар ете бастады. Мысалы, Шри-Ланка 8 миллиард долларын қайтара алмады. Амалдың жоғынан Қытайға «Хамбантота» портын 99 жылға жалға беруге мәжбүр болды. Бұл ғана емес, Вануату аралдық мемлекеті Қытайға берешегін өтей алмаған соң, Эспириту-Санто аралын жалға берген. Ол жерде Қытай өзінің әскери базасын тұрғызғаны белгілі. 20 миллиардқа жуық қарызы бар Пәкістан мемлекеті де «Гвадар» портын Қытайға бергенін ешкім ұмыта қойған жоқ. Айта кетер бір жайт, қазіргі таңда Қытай аталған порттан түскен табыстың 91 пайызын өз пайдасына жаратып отыр. Міне, экономикалық экспансия! «Бейбіт жаулап алу» саясатының орасан зор пайдасы дегеніміз – осы. Ал Ресей өзге елдерге қатысты ақпараттық, идеологиялық «соғысын» үдетті. Бұған біздің билік мән бермесе де, көрші отырған соң, қазақ халқы мұны айқын біліп, сезініп отыр.

Ал Қытайдың жөні басқа. Олар Ресей сияқты басқа мемлекетке ашық шабуыл жасамайды. Үндемей саясат жүргізе отырып, үйіңе кіріп, иемденіп алады. Сосын, оларды елден қуып шығу мүмкін емес.

Қазақстанның Қытайға берешегі қанша? Қытайға экономикалық тұрғыдан кіріптармыз ба? Айта кетер бір жайт, билік ықпаса да, Қазақстан халқы Қытай қатерінің барын жоққа шығармайды. Сарапшылардың бағалауына қарағанда, қазіргі таңда Қазақ мемлекетінің Қытай алдындағы қарызы 4,3 млрд доллардан асқан. Оның үстіне, елімізде «Қытайдың 56 зауыты салынады» дегелі бері халықтың алаңдаушылығы, тіпті, күшейе түсті. Бұл қаншалықты шындық? Биылғы наурыз айында сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев 56 зауыттың салынатынын ҚХР коммерция вице-министрі Ван Шоувэнмен болған онлай кездесуде растады. «Индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық бағдарламасы аясында 24,5 миллиардқа Қазақстанда 56 заманауи кәсіпорын салу жоспарлануда, бұл нысандардың басым бөлігі 2023 жылға қарай аяқталады», – деп мәлімдеді вице-министр Қайрат Төребаев.

Міне, қос алып мемлекеттің арасындағы Қазақстан үшін өмір сүрудің қаншалықты қауіп-қатерге толы болып отырғанын осы мысалдардан-ақ аңғаруға болады. Соңғы кезде елдегі болып жатқан митинг пен халықтың Қытай мен Ресейге қатысты қас-қабағының қатулана түсуі де бекер емес. Мәскеу Қазақстанды экономикалық тұрғыдан тәуелді етіп, ақпараттық шабуылын үдете түссе, ал Қытай экономикалық тұрғыдан бейбіт жаулап алу саясатын жүзеге асырып отыр. Бұл тұрғыда территориялық тұтастығынан айырылған Украина билігі мен Еуропа чемпионатына патриоттық сезіммен келген украин футболшыларының жай-күйін де түсінуге тура келеді.

Сондықтан да, әсіресе, Қазақстан билігіне, қазаққа абай болуы керек.

2023 жылға дейін елімізде құрылысы аяқталатын 56 зауыттың салдарының қандай болатынын біз әлі сарапқа салып, ұғынып үлгергеніміз жоқ. 56 зауыт елге керек пе? Оны билік кезінде халықтың таразысына салғысы да келмеді. Ол зауыттар қандай мақсатта салынады, ол өнімдер қайда жөнелтіледі? Түгелімен Қытайға кете ме? Ал ол тауарлар сапалы ма? Оны ешкім де білмейді және қазақ билігі тарапынан ашық айтылып та отырған жоқ. Сондықтан біз де жоғарыда аттары аталған дамушы

мемлекеттерге ұқсап, Ресей мен Қытайға басыбайлы кіріп, кіріптар болып қалмайық. Халықтың көңілінде алаңдаушылық бар: ол – қос үрей. Алаңдайтынымыз, сол қос үрей мемлекет үшін қауіп пен қатерге айналмасын.

Батыр ЖАСҰЛАН