Қошанов Тұңғыш Президент туралы заңның күшін жоюға қатысты пікір білдірді

437

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Тұңғыш Президент туралы заңның күшін жоюға қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

«Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» заң күші толығымен жойылады. Ол келесі жылдың басында болады. Білесіздер, бұл конституциялық заң, ал конституциялық заңдар Парламент палаталарының бірлескен отырысында қабылданады. Қаңтарда палаталардың бірлескен отырысы шақырылады», – деді Қошанов Мәжіліс кулуарында журналистер сұрағына жауап беріп.

Журналистер заң күші жойылғаннан кейін оның кінәсі дәлелденсе, Тұңғыш Президент қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін бе деген сауал қойды.

«Егер заң күшін жойса, онда бұл заңда көзделген иммунитеттің бәрі күшін жояды. Ол күшінде болмайды», – деп түсіндірді Мәжіліс спикері.

 

Осыған қатысты депутат Айдос Сарым да пікір білдірді.

«Елбасы мәртебесін жоғалтқаннан кейін оны соттауға бола ма»- деп сұрады журналистер.

«Егер ол тікелей қылмыс жасаса, мысалы, адамды қағып кетсе, әрине, болады», – деп түсіндірді депутат.

Сондай-ақ, оған Тұңғыш Президенттің туыстарынан дербес құқығы алып тастала ма деген сұрақ қойылды.

«Оның туыстары сіз бен біз сияқты азаматтар. Қылмыс жасасақ, жауапқа тартыламыз. (Демек, туыстарының бәрі дербес құқығынан айырыла ма? – Сұрақ.) Иә», – деп түсіндірді депутат.