Қу Қытай қарызын қазақтан әлі сұрамайды

120

Күні кеше Түрікменстанның Қытай алдындағы газ үшін алған қарызын толық қайтарып бергені туралы хабар тарады. Ол қарызды Қытай кезінде «Туркменгаз» концерніне әлемдік нарықтарға газ жеткізуді әртараптандыру, Түрікменстан­–Қытай газ құбырының құрылысы мен Галкыныш газ кенішін игеру үшін берген еді.

Қытайдың мемлекеттік даму банкі 8 маусымда түрікмен тарапына қарызға берілген қаражатты қайтаруды талап етіп, ресми хат жолдаған екен. Түрікменстан барын беріп, қарызды қайтара алыпты, әйтеуір.

Ендігі кезекте Қытайдың мемлекеттік даму банкі берген қарыздарын дереу қайтаруды Қырғызстан мен Тәжікстаннан талап етуге даярланып отыр. Ол елдер қарызды дер кезінде қайтара алмаса, өз жеріндегі кеніштер мен инфрақұрылымдық нысандарды беруге мәжбүр болады.

Қу Қытай бірақ Қазақстанға келгенде қарызын әзір сұрай қоймас. Кең-байтақ, ұлан-асыр жерінің асты мен үсті байлыққа толы Қазақстанмен есеп айырысуға Қытай асықпас. Оларға бізді қарызға әбден батырып алу керек. Әлі талай ірі жобаларды қаржыландыруға қарыз беріп, бірлескен кәсіпорындарды әбден көйітіп алу керек. Кейін сұрағанда қарызды қайтара алмасақ, қазақтың жері мен нысандарын саудаға салғанға жақсы емес пе?

Айтпақшы, жер мен қазбалы байлықты қойып, қарызының қайтарымы ретінде қазақ жеріндегі қыз-келіншектерге де көз алартып шықпасын деңіз. «Жаман айтпай – жақсы жоқ». Қазір Қытайдың ең өткір проблемаларының бірі – әйел тапшылығы. Содан халықтың өсімі күрт баяулай бастаған. 2015 жылға дейін жүргізіліп келген «Бір отбасы – бір бала» саясаты сұмдық жағдайға әкеп соқты. Артында мұрагерін қалдырғысы келетін әр отбасы іштегі баласы қыз болса жүктілікті тоқтатып, халық жаппай ұл сүйді. Сасқан билік кейін тіпті іштегі баланың жынысын анықтауға тыйым салуға дейін барған. Қазір қытай жастары жар таба алмай қор болды. Қалыңмал деген аспандап кеткен, миллион юаньнан асты. Мьянма, Вьетнам сияқты елдерден қалыңдық экспорттайтын қылмыстық бизнес ұйымдастыратындай жағдайға жеткен соң не дейсіз.

Қазаққа сақ болу керек! Қытайдан қарыз ала беруді дереу доғарып, оның орнына алған қарызды қайтарудың қамына кірісе беру керек.