Дуальды оқытуды енгізу мен кеңейту бойынша жұмысты күшейту керек – Асқар Мамин

110

Дуальды оқытуды енгізу мен кеңейту бойынша жұмысты күшейту керек. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін Білім министрі кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстарды енгізді. Оларды қолдаймыз. Осы жүйені жаңғыртуда әлеуметтік-экономикалық факторларды, сонымен қатар аумақтық қолжетімділікті, оқыту мекемелерінің көпбейінділігі мен тиімділігін, түлектердің сұранысқа ие болуын ескеру керек. Сондықтан біріншіден, бұл мәселеге бизнес пен жоғары оқу орындары қызығушылық танытуда», – деді ол.

Үкімет басшысы қазіргі таңда экономика және энергетика көшбасшы компаниялары өз сенімділік басқаруына шамамен 150  колледжді алуды жоспарлап отырса, университеттер шамамен 50 колледжі алуға дайын екенін айтты.

«Біз осы бастамаларды қолдап, әріптестіктің нақты шарттарын әзірлеуіміз керек. Білім және ғылым министрлігіне «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, жобалық кеңсе құруды тапсырамын. Екіншіден, дуалды оқытуды енгізу мен кеңейту бойынша жұмысты күшейту керек. Кәсіпорындар колледждер базасында орталықтар ашулары қажет. Бұл колледждер жұмысын жұмыс берушінің сапасына жақындатып, түлектердің жұмысқа орналасуына кепілдік бола алады. Осындай орталықтардың колледждердің базасында құрудың табысты тәжірибесі бар», –  деп атап өтті Үкімет басшысы.

Сонымен қатар, А.Мамин Еңбек министрлігіне және басқа да мемлекеттік органдарына жылдың соңына дейін 480 кәсіптік стандартты әзірлеуді аяқтауды, кәсіби біліктілік процесін заманауи реттеу бойынша ұсыныстарды енгізуді тапсырды.

inform.kz