Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаевқа Ашық хат

106

 Құрметті Қасым – Жомарт Кемелұлы!

Бүгінгі  күні Қазақстан Республикасының өз алдына қойып отырған міндеттерінің бірі- шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту екені  белгілі. Бұл  жөнінде  өзіңізде  жиі айтасыз. Құптаймыз.

Алайда,  кәсіпкерлер  соны  сезініп  отыр ма?  Әрине, өз  ісін  дөңгелетіп отырғандар  баршылық. Бірақ   шешілмей  жатқан  түйткілдерде  жоқ  емес.  Соның  бірі Меркі  қант зауытына байланысты  мәселе. Тәуелсіздік алғалы  бері  бұл  қант зауытының   құрылтайшылары  сан  мәрте ауысты. Бірақ зауыттың  өркендеуіне, кеңейуіне үлес  қосқан,  қаржы салып  дамытуға  себепкер болған  ешқайсысы  жоқ. Бәрі  тек  түскен пайданы қалтаға  салып алғаннан арыға  аса алмады. Бұл  өте  өкінішті жағдай.  Мәселен, салыстырмалы  түрде  қарайтын  болсақ, көрші Қырғызстандағы қант зауыттары фермерлерден қант қызылшасын  бізден 20%-ға көп қаражатқа сатып алып отыр, сонымен қатар, жыл сайын өнім көлемін көбейтуде. Ал біздегі жағдай керісінше болып тұр.Қазақстаннан экономикалық  әлеуеті 20-30 есе кем Қырғызстан өз  фермерлеріне осылай  жағдай  жасап, аяқтарынан  тұрып  алуға көмек  беруде.  Ал,  бізде  бәрі керісінше. Неге?                                                            Құрметті Қасым – Жомарт  Кемелұлы   мен бұл  Меркі  зауытында бір емес бірнеше рет  болдым. Ондағы  жұмысшылармен,  зауытқа қант  қызылшасын  өткізіп,  күн  көріп  отырған фермерлермен тайлай сөйлестім. Қоғам белсендісі  ретінде зауытта қалыптасып қалған  түйткілдерді шешуге   қол  үшін  бердім. Бірақ  бұл  аздық етеді. Қазіргі  жағдайға өзіңіз араласып, фермердерді  қолдаса дейміз. Жақында  олар  маған  мынадай  хат жазды:

«Бізге Меркі қант заводы әлі күнге дейін толық ақшамызды бермеді. 918 миллион қарыздан 80 миллион ғана төленді. Осынша уақытқа дейін күттік. Облыс әкімінен қаражатымызды алып беруді сұранған едік. Одан бері біраз уақыт өтті.   Мәселе шешілмеді. Қайтпек керек?» .  Бір ескерте кететін жайт, фермерлердің жеке үйлері банктерде кепілдікте тұр. Егер уақытында банктен алған несиені  төлей алмаса,  тағы  бір үлкен  проблема туындайтыны  анық. Қазір  қызылша  егіп,  өнімін Меркі  қант  зауытына өткізіп  отырған  жергілікті фермерлердің  басында  осындай  қиын жағдай  болып  тұр.  Бұл  мәселені, облыс басшысы шеше алмағн соң,  амалсыз  өзіңізге  ашық  хат ретінде жазып отырмын.  Мемлекет басшысы ретінде  фермерлерді,  қорғауыңызды,  қолдауыңызды  сұраймын.

Құрметпен Азаматхан  ӘМІРТАЙ «Байтақ-Болашақ»  экологиялық  альянсының  төрағасы