Қазақстанда ішкі туризм қарқын алып келеді

104

Қазақстандықтар ішкі туризмге көбірек мән бере бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат  Energyprom.kz-ке сілтеме жасап.

Өткен жылы елімізде ішкі туризм саласында қызметті пайдаланушылар саны 5,9 млн адамнан асып кеткен. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 5,6 млн адам еді. Олардың 4,9 млн адамы қонып демалған.

Санаториялық-курорттық мекемелердің қызметін пайдаланған туристердің саны 296,9 мың адамға жетті (бір жыл бұрын 285,5 мың адам еді). Ерекше қорғалатын табиғи орындарға барған туристердің саны – 871,9 мың адам (бір жыл бұрын 889,6 мың адам болған).

Қазақстанда болашақта балалар мен жасөспірімдер туризмін дамытуға мән берілгелі отыр. Бұған дейін хабарланғандай, 2020 жылдан бастап аймақтарды аралайтын «Балаларға арналған тегін пойыз» іске қосылмақ.

Сонымен қатар, «1+2» сызбасы бойынша kids go free қағидатымен балаларға арналған тегін авиабағдар орнату көзделген. Ол туралы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бұған дейін айтып берген болатын.

Айта кетсек, қазақстандықтарды, сондай-ақ шетелдіктерді қабылдап, демалдыруға әзір орналастыру орындардың саны өткен жылы 2,99 мыңнан 3,32 мыңға жеткен еді. Олардың көбі басты туристік аймақ саналатын Шығыс Қазақстанда (537), Алматы облысында (519) және Ақмола (287) облысында шоғырланған.

Курорттық аумақтарда орналастыру орындарының саны 2018 жылдың қорытындысы бойынша 10,4 пайызға, яғни 900-ге өскен.

Қазақстанда маркетингтік коммуникацияның тиімділігін көтеру үшін негізгі туристік аумақтардың айқындалғаны белгілі. Алдағы уақытта сол аумақтарға барынша маңыз беріледі.

Атап айтқанда, ел билігі Алматының тау кешендеріне, Нұр-Сұлтанға, Бурабайға, Түркістан облысына, Алакөлге, Маңғыстау мен Баянауылға, Балқаш пен Шалқар-Имантау курорттық орындарына көптеп туристерді тарту амалдарын қарастырмақ.

Ал бір жылдың ішінде сыртқы туризм деңгейі 3,8 пайызға, ішкі туризм деңгейі 5,8 пайызға артқан.