Айзат Қадырәлиева, театртанушы: Қабатов қайда келгенін түсініп жүрген жоқ

209

«Жас Алаш» көтеретін жүктің бірі – өнер саясаты. Өнер болғанда, қазақтың театр, кино, әдебиет өнерінің проблемалары. Айдарымыздың бүгінгі қонағы жас театртанушы Айзат Қадырәлиева. Ол – марқұм Әшірбек Сығайдың шәкірті, ұстазының жолын қуған білікті маман. Қазіргі театр өнерінің түйткілдерін көтеріп, айтып, жазып жүрген санаулы жастардың бірі. Бүгінгі сұхбатта өнерге жолдан қосылған адамдардың театр басқарып отырғаны, драматургия саласындағы кемшіліктерді, тақырыптық жұтаңдықтар төңірегінде әңгіме болды.

– Айзат ханым, театр адамды рухани тазартатын, рухани жаңғыртатын мәдени орталық екені рас. Ендеше, рухани орталықтарымызда қойылып жатқан ұлттық тақырыптардан бастасақ әңгімемізді. Қазақ драма театрлары ұлттық тақырыптарға қаншалық жақын, қалай қойылып жатыр?

– Қалай қойылып жатқаны турасында қай жерде айтпадық? Әлеуметтік желіде қанша жазылды. Бірақ қанша айтылып жатса да, оған құлақ асып жатқан жанды көрмедік. Әдептіліктен ада, қазақы иістен жұрдай тексіз көріністер сахнамызды кеулеп келеді. Өрескел өзгертулерге жол беріп жүрген бастықтарға айтар сөз қалмады. Бүгінгі күнде айғыздалып-тапталып жатқан сол асыл бейнелерді кезінде кімдер сомдап еді? Айман мен Шолпан, Қозы мен Баян, Жібек пен Төлеген, Қаракөз бен Сырым, Нарша – олар үшін асқақ арманға айналған қымбат кейіпкерлері болғанын қалай естен шығарамыз. «Құлагерлеп» шырқыраған Ақанның зарға толы даусымен жеткізсек те, естір емес. Осының бәрін өз жерінің нанын жеп, суын ішіп отырған қазаққа қазақтың айтып түсіндіруден асқан сорақылық жоқ шығар, сірә. Әдебиет пен театр ұлттың руханиятын байытуға қызмет етуге тиіс екенін білсе де, бұқаралық сана-сезімнің «от басы, ошақ қасы» аясында қалып қойғандары сондай өкінішті. Бір мақаламда айтқанымдай, ұлттық руханиятты шимайлауды қашан тоқтатар екенбіз.

– Ұлттық тақырыптар дегенде, қазақ театрларының көбі, әдетте, тарихи тұлғаларды сахналаудан аспай жатады. Бүгінгі көрерменге, әсіресе, жастарға тарихты қанша бояп берсең де, тарих – тарих болып қалмай ма? Жастарға тәрбие беретін тағылымды драмалар қажет сияқты…

–Тарихи тұлғаларға көп көңіл бөлуден қашпау керек. Кеңес кезінде айтылмаған бұл тақырыптарды бүгінгі ұрпақ керек етіп жатса, оның несі жаман? Олардың қазақ жеріне, еліне, ана тіліне сіңірген орасан еңбектерін бүгінгі жастар біле бермейді. Қазақ халқы басынан кешкен ауыр кезеңдерді ұмытуға ешкімнің хақысы жоқ. Тек драматургтің суреткерлік қиялымен, режиссердің шешімдері сахна әдебіне, заңдылығына сай келіп жатса болғаны.

–Ұлттық тақырыптарға қалам тербеп жүрген жас драматургтердің қарым, қалам қабілеті қалай?

–Қазіргі жазып жүрген Қ.Мұрат, Ә.Бағдат, Ж.Әлікен, А.Аламан, Ә.Байбол және т.б қыз-жігіттер бар. Бір қынжылтатыны, бұлар бір-бірінің шығармасын оқымайтындығы. Сонан соң өзінің пьесасы қойылса ғана театрға барып, басқа замандастарының премьераларына онша бара бермейтін сыңайлы. Онымен қоса, фестивальдерде, іс-шараларда орта, жас буындағы драматургтерді көре бермеймін. Драма жазу үшін драматург театрға жиі бару керек, көп көру керек. Сонда ғана шығараманың композициясы мен ішкі мазмұнының құрлымы ұтымды шығады. Ал қазіргілер спектакль структурасына не керек екенін жөнді білмей, отырады да жаза салады. Содан кейін «мұрнына май құйсаң да түк шықпайтын» көжедей бірдеңелер шығып жатады.

–Сіз – театртанушысыз. Әшірбек Сығайдың шәкіртісіз. Әш-ағаңның тұлғалық қасиетін қазақ қоғамы ұмыта қойған жоқ. Шыншыл, сыншыл азамат болды. Әш-ағаңның шыншыл, сыншыл жолына қаншалық адал болып жүрсіз? Өмірді қайдам, өнерде шыншыл, сыншыл болу әйел табиғатыңызға ауыр емес пе екен?

–Иә, сыншы ұстаздың тұлғалық қасиетін, қоғамға, өнерге, әсіресе, театр өнеріне сіңірген еңбегін ұмыту мүмкін емес. Ұстаздың шеберханасынан өтіп, тәлімін көргеннен кейін осындай күрделі жолда ой айтуда әлсіздік танытпауға барымызды салып жүрміз. Өз басыма жауап берер болсам, өзім көрген дүниелерді айтпай іркіп қалған жерім жоқ. Барды бар, жоқты жоқ деп айтамын. Оны бірі қабылдаса, бірі қабылдай алмай, қара тізімге қосып жатады. Оған қанша жерден қапа болсам да, сынды бұра тартқан кезім болған емес. Сосын, «әйел табиғатыңызға ауыр емес пе?» деп қалдыңыз. Ауыр!.. Театр сыны жолында жігіттердің жүргені дұрыс екен, бірақ, Әшірбек Сығайдың жолын қуатын өз жарығы, өз саңлауы бар азаматтар әзірге болмай тұр.

–Көзге көрінбей, еленбей жүрген, жұлдызы жанбай жүрген актерлер бар ма? Кімдерді бөле-жара айтар едіңіз?

–Бүгінгі актерлердің көркемдік-эстетикалық ізденістеріне менің көңілім тола бермейді. Кейіпкер характерін ашу жолындағы қажырлы еңбектері жетпей жатады. Шалалық, жасандылық басым. Мен үшін өзіндік қолтаңбасымен айқындалып жүрген актер аз. Аз болса да бар. Менің айтқым келгені, еңбектері елеулі болса да елеусіздеу жүрген Астана театрларындағы Жандәулет Батай мен Дастан Әміров, Қарағанды театрындағы Дина Заитованы айтар едім. Бұл сахнагерлер актерлік өнерге өз үлесін жақсы қосып жүрсе де, лайықты бағасын ала алмай жүрген секілді. Әсіресе, басты рөлдерді ғана емес, шағын эпизодтардың өзіне жан бітіріп жандандырып жіберетін Жастар театрындағы Жандәулеттің ешқандай атақсыз, марапатсыз жүргенін түсінбейміз. «Еңбек сіңірген қайраткерлікке» оның еңбек пен талантты бірдей ұштап отыратын шеберлігі мен шабытты өнері дәлел.

–Театр қоғамды түзейтін, адам жанын тазартатын рухани орда. Бүгінгі қоғамды өзіңіз де жақсы білесіз. Адамды адам аямайды, қатыгез, қайырымсыз, намыссыз, рухсыз, екіжүзді, парақор. Осы кемдіктердің төркіні театрға бармаудан, театрды ұмытудан емес пе?

–Театрға жұрт бармайды деп айта алмаймын. Барады. Есік сындырардай болмаса да, залда адам отырады. Ал, ізгілікті істер арқылы көрушінің жүрегін жұмсарта алмай жатқанымыз – ол біздің дімкәстігіміз. Сахнаға, экранға қазақтың дәстүріне қайшы келетін не болса соны шығара беретін болдық. Солардың кесірінен, көрушінің бойынан білінбей мейірім кеміп жатыр. Жүрек қатайып жатыр. Бұл өте қорқынышты. Театр деген – бір жамандық пен кесірден басқаларды қорғау үшін хабар беретін және ол жолдың жақсы-жаманын ескертетін жер екенін ұмытпауға тиіспіз. Әлбетте, сұрағыңыз өте орынды. Бірақ, бұл сұрақты театр басшыларын жинап алып, өздеріне тікелей қою керек сияқты. Тамырында бүлкілдеп жатқан қазақы қан болса жауап берсін, көрейік!

–Көрермен театрды сыртынан, сахнадан ғана көреді. Ал театрдың ішкі әлемі өзінше бөлек. Сол бөлек әлемде саусақпен санайтын драматургтерімізді құрметтеуден гөрі қорлау басым сияқты. Сондай әңгімелерді жиі естіп жатамыз.

– Айналдырған азынаулақ байлығымызды неге бағалай алмай жүргенімізге өзім де аң-таңмын. Мысалы, күні кеше Алматы қаласында VIII Орталық Азия елдерінің халықаралық фестивалі өтті. Шет елден театрлар келді, солардың қайсысы Әуезовтің шығармаларын әкелді. Жай халықаралық фестиваль болса түсінер едім, ал, заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арнайы арнап отырған соң, соның пьесаларынан, әңгімелерінен әкелуіне бір театрға болса да талап қоя алмағанымыз нені белдіреді? Осы датаға қарасты фестивальдің болатыны алдын ала жоспарланды емес пе? Біз осы сыртқа шыға қалсақ болды, өзімізді ысырып тастап, сол елдің драматургтерін төрге шығарамыз ғой. Онымен қоймай, өзгенің дүниесімен жүлде алғанымызды дабыра қылып жариялап жатамыз. Осындайда жаның ышқынып айғайлағың келеді: «бізде өзі намыс қалды ма?» деп. Әйтпесе, Шекспир шығармаларынан кем түспейтін, төл драматургиямызды байытуға ересен еңбек сіңірген ұлы суреткерді өз мерейтойында қадірлеуге әбден болар еді ғой.

– «Қазақстан Театрлар Ассоциациясы», «Театр қайраткерлері Одағы» деген ұйымдар бар. Екеуінің илейтіні бір терінің пұшпағы, бірақ бастары піспейтін сияқты. Неге?

– Неге екенін бұрынырақта айтқанбыз, қайталай берудің қажеті аз болар. Бірақ, екеуі де әлгі күнге дейін марапаттаудан ары аспай тұр. Алдағы уақытта демеушілері табылса, арнайы сыншылар тартып, жылына кем дегенде, төрт-бес театрдың шығармашылық хал-күйін анықтап тұруға жол ашса, жақсы болар еді. Олардың не істеп, не қойып жатқанына көз жеткізумен қатар, марапаттың шын иесін тауып беруге де үлкен көмегі тиері айтпаса да түсінікті. Ал, ссылкадан, флешкадан өздері көріп, таңдай салу немесе театрлардың өздерінен сұрап бір звонокпен шеше салу – өнерге тигізіп жатқан пайда деп ойламаймын. Рухани бәсекелестік болса, мұндай ұйымдардың болғаны көптік етпейді.

Мәдениет саласын мәдениетті түсінетін адам басқаруы керек дейміз. Қазақстанның мәдениетін басқаратын азаматтар театрға бармайтын, КВН-нен қалмайтын, мәдениетті ақпараттық деңгейде ғана түсінетін кісілер деген әңгіме айтылады. Қазақ қоғамының мәдениетсіздігі – мәдениетті мәдениетсіздердің билеп-төстеуінен емес пе?

–Сенесіз бе, осы ой жанға маза бермей жүр. Бұл орынды сұрағыңызға ұзағырақ тоқталуға тура келеді. Өйткені, қазақ өнері дегенде, оның ішінде, актерлердің тағдырына келгенде, үнсіз отыра алмаймыз. Мұны былтыр көтергім келген, бірақ, әліптің артын бағайын деп жүрдім. Халық қаһарманы, КСРО және Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты, талантты режиссер, профессор Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетовтің  есімін арқалап жүруге жастардың белі көтер ме деген күдігіміз болды. Ол күдігіміз сейілер емес. Себебі, Тұрсынбек Қабатов әлі де қайда келгенін толық түсініп жүрген жоқ секілді. Мәмбетовтің атын алу үшін Тұрсынбектің көп жүгіргенін, бар беделін іске қосып, мәдени-рухани мекемеге есімін бергізгенін жақсы білеміз. Дұрыс, біз оған қуаныштымыз! Бірақ, бар шаруа атын берумен бітпейді ғой, атына лайықты атқарылар заты бар емес пе? Оған жүрдім-бардым қарауға әсте болмас. Оның үстіне, Тұрсынбек көркемдік жетекші қызметінде отыр. Ол дегенің – көрерменнің рухани-мәдени талабын қанағаттандыру үшін күнде келіп тынбай бейнеттену керек деген сөз. Күнде келуі керек деуімнің себебі, сахнада жүргендердің басым көпшілігі жастар. Олардың ойынына селқос танытып, болашағына немқұрайды қарасақ, олардың буыны енжарлықпен бекіп, бұғанасы таптаурындылықпен қатып кетпесіне кім кепіл? Жаман әдеттің бойды біртіндеп жеңетіні сияқты, ауырдың астымен жүруге ұжымның бірте-бірте еті үйреніп кетсе, нағыз сұмдық сол кезде болады. Ал, театр өнерінің ішкі теориялық және практикалық-тәжірибелік жүйесін жөнге келтіруді Тұрсынбектің өзі дұрыс біле ме екен? Әй, қайдам. Білсе, ендігі айлық репертуарын түзер еді ғой. Жылына ары кетсе, екі рет шығатын «Әзіл әлемімен» әуре болып жүрген ол театрды тобырлық деңгейден халықтық дәрежеге дейін көтереді дегенге өзгені қайдам, өз басым аса сене қоймаймын. Жарайды, Тұрсынбектің театр мінберінде жүруі сайтанның ойына келмейтін қисынсыз сандырақ дейік, ал, актер болып жүріп, басшылыққа өтіп кеткен басқа да көркемдік жетекшілері айрықша «көзге түсіп» жүр. Ааттарын атамай-ақ қояйын, әркім өзін тауып алар. Соларың көркемдік жетекшінің міндетіне не жататынын жақсы біле бермейді-ау, осы. Әрине, қойылымның қою-сұйықтығы режиссерге байланысты. Бірақ, қолға алған шығарманың көркемдігін ойлайтын жалғыз режиссер ғана ма? Бар кінәні режиссерлерге арта берсек, сонда көркемдік жетекші не бітіреді? Әрбірден кейін шақырылған режиссер болса, ол келеді де, кетеді. Ал, сөз театрға тиеді. Сондықтан, осындай олқылықтарға орын бермеу тікілей басшыға қатысты. Бар еңбек үстел айналасындағы талдау жасағаннан басталады деп ақыл айтып отырудың өзі артық шығар. Сол рөл бекітілген сәттен бастап тыңғылықты еңбек істеуіне бас-көз болатын, адасса жөн сілтеп отыратын көркемдік жетекшінің құзырындағы іс. Шығармашылық ұжымының сахнада танымастай боп құбылуына тізгінді бір жіберіп, бір тартып отырушы жалғыз режиссер ғана емес, көркемдік жетекші екенін де ұмытпаған жөн. Сол себептен, көпшілікке сахналық суретті тарту етпес бұрын, сын көзбен қарау алдымен, көркемдік жетекшінің міндеті. Бейнелеп жеткізер болсақ, көркемдік жетекші деген шығармашылық ұжымын қиыс жолдан аман сақтап қалар «періштесі» іспетті. Періштесі деп қоймай шырылдасақ та, театр жетекшілері қосымша жұмыстарға көбірек алаңдап, шектен тыс еркінсуге жол беріп жүргендері мүлде ұнамайды. Еркінсу мен еркіндікті ажырата алмайтындар, тіпті, фестивальдерде, айтулы іс-шараларда өздері жоқ, өзгелер жүр. Көмекшісі қайсы, кеңесшісі кім? Кісі түсініп болмайды. Егер қосымша жұмыстардан қол босамай (арасында басқа театрға бару, апталап, айлап дайындықта, сьемкада жүру, ТВ т.б), актерлердің шығармашылық зертханасына оқта-текте ғана соғар болса, қай-қайсысы болса да, онда обал жасамай,орынды босатқандары дұрыс болар.

Көркемдік жетекшілерге жарымай жатқанымыз аздай, директорлардың да тұрақтауы көңілдегідей емес. Театрдың басына айтыскер ақындар да келіп жатыр. Театрды көріп-біліп, ішінде жүрген адамдардың өзі көп тірлікті дөңгелете алып кете алмай жүргенде, сырттан келе салғандарға не дейміз. Шығармашылық саласының ащы-тұщы дәмін татпаған адамдарды қоя салған жергілікті әкімшілік пе, әлде мұны да бір төбе деп келе салған өздері кінәлі ме? Кім кінәлі? Мейлі, келсін. Кадр мәселесі, репертуар, режиссер-актерлер тағдырының сәтті-сәтсіз қалыптасуына байланысты мың сан проблемаларды меңгеремін дегенше, ол орнынан түсіп үлгереді. Театрға қандай жаңалық енгізер екен деп, бүгін келген адамнан үзіле күтіп жүргенде, ертең орнына су жаңа бастық келіп отыратынына біз де үйрендік. Театрдан – басшылардың ықпалы тиген ойлы дүниелерді көру емес, жыл құрғатпай бастықтардың ауысқанына және оларды жан-жақтан құттықтап жатқанымызға «мәз» болып жүрміз. Өнердің өресі осымен ғана шектеліп тұр, әзірге.

–Мәдениет министрінің сіз айтып жүрген проблемалардан хабары бар ма?

–Депутат Мақпал Мыса Мәжіліс отырысында қазақтың экраны мен сахнасында орын алып жатқан өрескел қателіктерді батыл айтып жоғары жаққа сауал жолдағанын тыңдадық. Мұндай өзекті сауалдар бұрында ара-тұра там-тұмдап айтылып жатса да, артынша, ұмытылып жататын. Бұл жолы Мақпалдың жанайқайы аяқ асты қалмайтынына сенгіміз келеді. Сенім арта отырып, біздің де қосар ұсынысымыз бар. Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев «бір төбенің шаңын бір төбеге қоспай», театр және кино саласын жіті зерттеп жүрген кәсіби мамандармен жеке-жеке кездесу ұйымдастырса, жөн болар еді. Яғни, театр сыншылары бірлестігімен бір үлкен жиын өткізу керек-ақ! Ол жерде театр өнерінің ішкі-сыртқы мәселелерге байланысты толғақты ой-пікірлері ортаға тасталса екен және ол пікірлер айтылған жерде қалмай, оның шешу жолдары білікті мамандармен бірге шешілсе екен дейміз. Мұны неге айтып отырмыз. Театрлардың репертуары қандай болу керек? Қазақтың жанын, болмыс-бітімін сақтау үшін не істеуге тиіспіз? Қазақтың әдебиеті мен мәдениеті қай деңгейде деген сұрақтарға жауап айтылып-жазылып жатқан өзекті проблемаларымыз мемлекет тарапынан қолдау тауып жатпағаны жасырын емес. Қазақ өнерінің төбесінде күн күркіреп, найзағай ойнап, жай түсіп жатса да жоғары жақтағылардың қозғалар түрі жоқ. Сондықтан, өнердің көсегесі көгерсін деген өлшем биігінен Дәурен мырза зерделер болса, бұл ұсынысты жедел қарастырар деген ойдамыз. Рухани кеңістігіміз үшін маңызды шараның болмауынан санаға жұғыспайтын қасиеті аз көріністер жайлап барады. Анда-мұнда шауып шала іс атқарып жүргендерге қарап, көңіліміз қашанғы жаси бермек. Ал, оны тоқтататын, шешетін, нәтиже шығаратын уақыты әлдеқашан өтіп кеткен еді.

– Министрге айтар датыңыз болса?

–Бар, әрине! Құметті, Дәурен Әскербекұлы! Өткен жолы «Мәдениет» порталының тілшісі бәрімізден сұхбат алып еді. Сөз соңында Сізге қарата жазған шағын ой-түйінім болған. Оқыған боларсыз. Ол жерде айтылған сөзімді бұл жерге көшіріп әкелмей-ақ қояйын. Тобықтай түйінін айтар болсақ, «рухани мешеуліктен қашан айығамыз және қайтіп айығамыз-ға» тура қарау. Кезек күттірмей қарастырар зәру мәселелер болғандықтан, көп болып, қоғам болып театр, кино өнерінің ары қарай дұрыс ілгерілеуіне үлесімізді қоссақ деген тілек бар.

–Әңгімеңізге рақмет!

Жарас Кемелжан