
Ата-бабамыз аңсаған азаттыққа қол жеткізіп, өз алдымызға дербес мемлекет болдық. Ғасырға жуық санамызды улаған атеистік идеологиядан арылып, өзімізді жаратқан бір Алланы танып, имандылыққа да бой ұрдық. Ұлттық құндылықтарымызды да түгендей бастадық. Осы уақытқа дейін өліп-тіріліп тойлап жүрген жаңа жылымыз – жаттан қалған мереке, ал негізгі дәстүрлі мерекеміз – ата-бабамыздан келе жатқан Наурыз мерекесі екенін де (бұл жайында айтудай айтылып, жазылып та келеді) білудей біліп қалдық. Алайда, жаттың жайдақ мерекесі жаңа жылға деген құмарлығымыз, ынтығымыз әлі күнге басылмай-ақ келеді. Жаңа жылды бәрінен бұрын пәк жанды сәбилердің асыға күтетіні тағы шындық. Өйткені оларды тікен жапырақты тал-шыршаға, жасанды сақал жапсырған Аяз атаға «табындырып» қойған да өзіміз.
Сонау кеңес одағы кезінде де жаңа жыл күні үйдің төріне шырша құрып, «түнде Аяз ата әкеліпті» деп өзіміз алдын ала шыршаға іліп қойған түрлі сыйлықтарды балаларымызға ұстататынбыз. Олар кәдімгідей-ақ сеніп, мәз болушы еді. Естері кіріп, «қулығымызды» сезе бастаған кезде де балаларымызды сол «ұзын сақалды» кейіпкердің сиқырына сендіреміз деп шыр-пырымыз шығатын.
Бабамды білмеймін, атам мен әкемнен маған жеткен жаттың жаңа жылын мен де еш ойланып-толғанып жатпастан тұңғыш ұлыма «құшақтата салдым». Тұңғыш ұлым да мен сияқты «басын ауырта» қоймаған секілді. Өйткені 4-5 жыл бұрын сол тұңғыш ұлымның тұңғыш ұлы – немерем де жаңа жыл шыршасына қатысып, мәз болып келді. Тақпақ айтып, Аяз атадан сыйлық алыпты. Не дейін? Дәл осы немеремнің жасында өзімнің де тақпақ айтып, Аяз атадан сыйлық алғанымды айта алмай, бар болғаны «бәрекелді!» деп арқасынан қақтым. Сөйтіп, еліміз Тәуелсіздігін алғаннан кейін туылған немерем де жаңа жылдың сиқырына арбалып, Аяз ата сыйлығының «дәмін татып» үлгерді. Ал одан кейінгі буын ше? Олар қайтер екен?
Қыс өтіп, қар кетіп,
Шырайлы жаз жетіп,
Шаруаның кенелген,
Мейрамы ежелден
Құтты болсын, бұл Наурыз! («Еңбекші қазақ» газеті, 22 март 1925 жыл) деп ата-бабамыздан келе жатқан ежелгі мерекеміз – Ұлыстың Ұлы күнін тойлай ма, әлде олар да алдыңғы буын біз секілді жаттың жаңа жылына таңылып, жансыз шыршаға табынып, ұлттық қасиетінен айрылып, делебесі қозған қалпы қала бере ме?
Шынында, кәрі-жас, үлкен-кіші демей барша адам асыға күтетін, өліп-өшіп тойлайтын бұл жаңа жыл мерекесі қандай мейрам? Қайдан шықты? Біздің өмірімізге қалай енді?
Ғалымдардың айтуынша, жаңа жылды тойлау дәстүрі шамамен біздің дәуірімізге дейін 3-ші мың жылдықта алғаш рет Месопотамияда басталған көрінеді. (Кей деректерде көне замандағы адамдар көктемнің келуін тойлаған десе, кей деректерде Мадрук құдайдың зұлымдық пен өлімді жеңгенін тойлаған делінеді). Сондай-ақ жаңа жыл мейрамы тіпті ежелгі өркениеттік дәстүрге жататыны, христиандыққа дейін көп құдайшыл халықтар кезінде де тойланып, ежелгі друидтардың шыршаны безендіріп, оны қоршай айналып, тауап ету жөнінде айтылады. Кезінде көптеген римдік құдайлардың ішіндегі екіжүзді Янус құдайының (януарий-январь айының атауы осыдан шыққан) құрметіне 1 қаңтар (январь) күні тойланғаны да, жаңа жылдың басты кейіпкері – Аяз ата, Санта-Клаус қарапайым дін қызметкері «қасиетті Николайдың» түп бейнесінен алынғанын да біріміз білсек, біріміз біле бермейтініміз шындық.
Ал әлем халықтары ортақ күнтізбе бойынша жыл басы деп тойлайтын жаңа жыл мерекесі 1 қаңтарды Ресей патшалығына 1700 жылы І Петр енгізгені белгілі. Патшалық Ресей құлап, Кеңес одағы орнаған 1927-1936 жылдары жаңа жылды тойлап, шырша құруға тыйым салынады. Тек 1937 жылы Сталиннің бұйрығымен 1 қаңтар күні жаңа жылды тойлауға қайтадан рұқсат етіліп, 1947 жылы 23 желтоқсанда бүкіл КСРО аумағында тойланады. Алайда, жаңа жыл мерекесі бұрынғы діни сипаттардан тазартылып, тек Кеңес Одағы идеологиясының шегінде ғана өткізіле бастайды. Содан бастап, Кеңес дәуіріндегі он бес одақтас республиканың бірі саналатын Қазақстан, оның ішінде қазақ ұлты да тікенекті талы бар, сақал жапсырған шалы бар жаттың жаңа жыл мерекесін тойлай бастайды. Бұл интернационализм және атеизм идеологиясы санасын әбден улаған қазақ халқының өз салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын, тілін, дінін ұмытып, ұлтсыздана, орыстана бастаған кезеңі болатын. Сөйтіп, тарихқа көз салсақ, жаңа жыл біз түгіл, христиандықтардың да дәстүрлі мерекесіне жатпайтын көне мейрам екенін анық байқауға болады. Әйтсе де, жаңа жылдың жарқылына алданып, сиқырына арбалып, көр соқыр болған көңіліміз Наурыз мерекесін ұлттық киім киіп шығып, ұлттық фольклорлық қойылымдарды ғана тамашалап, наурыз көже ішіп қайтатын мерекеге санап, жақсы жақтарын көрмей-ақ келеді. Бұл түсінікті де. Жаңа жылды тек аппақ қар, жасыл шырша, ақ сақалды Аяз атасымен, ойын-сауық, думанымен ғана көзімізге елестететін бізге басқа жаңа жылды мойындай қою әрине, қиындау.
Осы жерде маған мынадай бір қызық ой келеді. Егер, Сталин осыдан 83 жыл бұрын (1937 жылы) жаңа жыл мерекесі деп 1 қаңтарды емес, 1 сәуірді бекіткенде және жасыл шыршасыз, Аяз атасыз тойлауды бұйырғанда не болар еді? Әрине, оған да көнер едік, көндігер едік. Мұны айтып отырған себебім, бір кездері қызыл империя күштеп таңған жаңа жыл мерекесін ұмытып, орнына ата-бабамыздан келе жатқан Ұлыстың Ұлы күнін ұлықтап, тойлаймыз десек, дәл бүгін бізге ешбір қиындық та, кедергі де жоқ қой. Ғасырға жуық санамызда жаңғырып, жалындата тойлап келген 23 ақпан, 7 қараша, 29 қазан, 19 мамыр секілді қызыл мерекелерді де бүгінде ұмыттық емес пе?
Иә, бұл мақаланы оқығандар «Мына байғұс баяғыдан тойланып келе жатқан жаһандық мейрамды жамандап, аяқ астынан тас-талқан болғаны несі? Жаңа жыл әкесін өлтірген бе, шешесін өлтірген бе?» дерін де білемін. Алайда, жұртқа жаға бермейтін жамандау нәрсені де «аузы жаман» біреу айту керек емес пе? Оның үстіне бұл мәселені мен тек бүгін ғана емес, бұдан 30 жыл бұрын да жазып, ол сол кездегі халықтың сүйікті газеті «Лениншіл жаста» (қазіргі «Жас Алаш») жарияланған еді. Одан басқа ауданымыздағы ең алғашқы Наурыз тойы да мен жазған сценарий бойынша өте жоғары дәрежеде өткенін, одан кейінгі өткен Наурыз тойларының да сценарийлерін жазып келгенімді дәл бүгін мақтанышпен айта аламын. Тек мен ғана емес, мән-мағынасын терең ұғынған кез келген жан Наурыз мерекесінің қай жағынан болса да жаңа жылдан әлдеқайда биік тұрғанын анық байқар еді.
Біріншіден, Наурыз мерекесі (21-22 наурыз) аспан денелері өздерінің ең бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңеліп, ақ қарлы қысты көктем жеңіп, «жыл басы» – жылқышы торғай (наурызек) келіп, көк құт (өсімдік) көзін ашып, Жер-Ананың тоң кеудесі жібіп, тас емшегі иіп, Самарқанның көк тасы еріп, Алланың құдіретімен жер бетінде жаңа бір өмір басталатын ерекше күн саналса, жаңа жыл турасында осы айтылғанның бәрін дерлік, керісінше, айтып шығудың өзі де жеткілікті.
Екіншіден, Жыл басы – Наурыз ділімізге де, дінімізге де жақын, ата-бабамыздан келе жатқан ежелгі мерекеміз болса, (Кеңес өкіметі 1926 жылы «діни мейрам», «ескілік сарқыншағы» деп тоқтатып тастаған), жаңа жыл-бізді сол ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрімізден, ана тілімізден, дінімізден, ең бастысы, қазақтығымыздан айыру үшін қызыл империяның күштеп таңған мерекесі.
Үшіншіден, Наурыз мерекесі ынтымақ-бірлік, ізгілік, мейірімділік, қайырымдылыққа жетелеп (табиғатты қоқыстардан тазартып, бұлақ көздерін ашу, тал отырғызу, т.б.), шынайы өмірге, адал еңбекке құлшындыра түсетін, тіршілікпен біте қайнасып кеткен, адамзат үшін өте маңызды да, мағыналы, құнды мереке болса, жаңа жыл, керісінше, сол жас талдарды (шыршаларды) отап, кесуге мәжбүрлеп, кәрі-жас, үлкен-кіші демей барлығын ақыл-есінен айырып, (зорлық-зомбылық, зинақорлық, ұрлық-қарлық, жол апаттары, кісі өлімі басқа да ұсақ бұзақылықтар мен оқыс-оқиғалардың дәл осы жаңа жыл түні жаппай орын алатынын ешкім жоққа шығара алмас) делебесін қоздыра түсетін, титтей де тәлім-тәрбиелік мәні жоқ, бастан-аяқ көпірме қызыл сөз, құрғақ қиял, жеңіл ойын-күлкіден құрастырылған жаттың жайдақ мерекесі.
Өз басым, ерте ме, кеш пе, тәлім-тәрбиелік мәні жоқ жаттың мерекесі – жаңа жылдан бас тартып, ата-бабамыздан қалған дәстүрлі Жыл басы – Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесін ұлықтап, тойлайтын буын шығарына сенімдімін.
Ендеше, ертеңгі күні солардың алдында ұятқа, сұраққа қалмас үшін уақытымыз, мүмкіндігіміз барда біз де қарап отырмай, Ұлық мерекемізді ұлықтап, ұлттық жаңа жылымыз ретінде тойланатындай дәрежеге жеткізуіміз керек. Үкімет тарапынан да Ұлық мерекеміздің халықтық сипатын аша түсетіндей (наурыз мерекесіне арналған ашық хаттар, түрлі кітапшалар, альбомдар, сыйлық ойыншықтар мен сәндік бұйымдар, т.б. шығару. Ойын-сауығымен қатар тәлім-тәрбиелік мәні де зор, ең мағыналы Наурыз кешінің сценарийіне конкурс жариялау, т.с.с) үлкен жұмыстар жүргізілуі тиіс.
Меніңше, наурыздың 21-нен 22-не қараған түнін жаңа жыл түнінен бірде-бір кем түсе қоймайтындай жастардың ұлттық ойын-сауық, думанына айналдыруға (22 наурыз күні әдеттегідей Наурыз мерекесі тойланады) әбден болады және ол қолымыздан келеді деп ойлаймын.
Әрине, мен айтты деп, Қазақстан халқы санасына әбден сіңіп, жүрегін жаулап алған жаңа жылды «жұлып тастап», орнына Наурыз мерекесін тойлап кете қоймасын жақсы білемін. Әйтсе де, ұлттық құндылықтарын қастер тұтатын, өзін-өзі сыйлап, өзгелерге де сыйлата алатын, ұлттық намысы өте күшті, ертеңіне деген сенімі мықты, еңсесі биік ел боламыз десек, жаңа жылды тек отбасылық мейрам ретінде қалдырып, дінімізге де, ділімізге де қайшылығы жоқ, ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі Жыл басы – Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесін (БҰҰ 2010 жылы халықаралық мереке ретінде ресми түрде бекіткен) ұлықтап, мемлекеттік, ұлттық деңгейде атап өтуге бар күшімізді салуымыз керек.
Байділдә АЙДАРБЕК