
Наурыз мерекесін исламдандырудың қисыны жоқ. Бұл тұрмыс мерекесі.
Бағзы заманның адамдары, әсіресе мал бағып, соның ыңғайымен жайлаудан күзеуге, күзеуден қыстауға, қыстаудан көктеуге, көктеуден қайтадан жайлауға ауысып тіршілік ыңғайымен көшіп-қонып өмір cүрген біздің бабаларымыз қай бір «благоустроенный домда» тұрыпты. Малдың жайымен қыста да киіз үйде өмір сүре берген. Малы да бүрсең қағып, қыстан қысылып шыққан. Тіпті, жұтқа да жиі ұшыраған. Осындай халық көктем шығысымен арқа-басы кеңіп, табиғат жадыраған кезде көктемді қуаныш қылып тойламағанда, енді нені тойламақ? «Қылышын сүйреткен кәрі құда қыс кетті, енді алдымызда жадыраған жазымыз бар» деп, кеуделерін алабөтен қуаныш кернеген. Қыстай бүрсең қағып, алысқа ұзап шыға алмаған олар бір-біріне осы кезде қатынаған. Былтыр күзде ренжісіп, өкпелесіп қалғандар сонысына қас бойы опынып, күн жылығанда жапатармағай көрісуге асыққан. Көрісудің осы күнгі біздің күн райы қатал батыс өңірлерде көбірек сақталып қалатын себебі де сонда.
Бүкіл өмірі сайын далада өткен бабаларымыз түгілі, оты-суы үйімізге түтікпен келіп тұрған қазіргі біздің өзіміз, міне, наурыз туа қуанышымыз қойнымызға сыймай барады. Алысқа ұзамай-ақ, биылғы қатты аязда құбырдағы суымыз қатып қалып, кейбір жерде ол жарылып апатқа ұласып, пешіне газ жағатындардың газына ауа қосылып үйді дұрыс жылытпай, көмір жағатындардың көмірі таусылып, ит әбігерге түскен жоқпыз ба?
Қазіргі бізді қойшы, баяғы бабалар қуанса, бойымыз жылынады деп қана емес, қыстан аман шыққан арық-тұрақ малымыз көкке ілігіп, семіре бастайды, семіре бастаса, іш тастамай төлді де төгіп береді деп қуанған. Малымыз төлдей бастаса уызға жаримыз деп көңілденетіні өз алдына бір хикая.
Сөйтіп, сарқылып біткен кебеже-қаптарының түбін қағып (қаққанда уысына бірдеңе іліксе), қалған-құтқан барын ауыл ортасына құрып қойған тай қазанға салса керек. Біз сияқты жоған базарға жүгіріп барып ала салу қайда? Сонымен қазанның астына от жағып қайнатқанда қою (кейде сұйық) көже пайда болған. Қазанға әркім қолда бар әрқилы дәмін әкеп салған соң, көже де әр ауылда әртүрлі бола берген. Соны қазақ тілеу көже, наурыз көже деп, осыған жеткеніне де шүкір қылып, арқа-жарқа боп ішпей ме. Содан кейін бұндай қойыртпақ көже пісіруді қазақтар келесі наурызға дейін ұмыта тұрған. Қазанға жеті дәм салды ма, сегіз дәм салды ма, әлде тоғыз дәм салған шығар, о заманда кім санапты? Санамаған, табылғанға шүкіршілік еткен. Кейін наурыз көже жасауды әдетке, дәстүрге айналдыра келе киелі сандарды қатыстырып пәлсапа соғатындар пайда болған. Онысы жөн де шығар. Жүдеген халықты солай да жұбатып, алдағы күнге үміттендіріп әңгіме шығару қажет қой. Осы күнгі «Ұлы даланың жеті қыры» сияқты әңгіме құрастыратын пәлсапашылдарға ұқсап.
Не болса да, бұл қуаныштың (мереке деп кейінгілер ғой шығарып жүрген) дінге үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Той барысында Тәңірлік сенімнің, Исламдың нанымның белгілері болса, ол сол кезеңнің қондырмасы ғана. Наурыз деген атау да соның бірі.
Ислам діні дегенде ойымызға алыстағы арап түбегі оралады. Ал араптар наурыз айы келгенде не деп қуанады, оларда біздің жердегідей қыс болмайды ғой. «Қылышын сүйреткен…» деген тіркес қаперіне кіріп-шығып па екен? Араптар қайта «енді жер дүниенің апшысы қуырылады» деп, уайым қылмаса деңіз. Оларға алты ай аптаптан гөрі қыс мезгілі қолайлы емес пе? Оның үстіне өздері Жақилия деп атап жүрген жезөкшелік пен құмар ойыны жайлаған қараңғылық дәуірін бастан кешкен араптардан қай бір ізгілікті сұрайсың? Малдың ыңғайымен өмір сүрмейтін олар үшін сауда жасауға жылдың қай мезгілі болса да бәрібір еді. Қисын қайда?
Ал енді біреулер Наурыз көжені Нұқ пайғамбарға апарып тірейді екен. Олар «Нұқ пайғамбардың кемесі тау басына тоқтаған кезде кемеде азақ-түлік таусылып, әр түрлі дәмнен бір-бір уыстан ғана қалыпты, соны бір қазанға салып, ас пісіріпті, наурызкөже сол екен» деген мағынада әңгіме таратып, жаңалық ашып жатыр.
Менің өзіме ватсап арқылы осы тақырыпта, бір мәтінмен оншақты хабарлама келді-ау шамасы. Әрі оны таратушылар арасында көзі ашық, сөзі салмақты адамдардың жүргені өкінішті. Қисынға келсін-келмесін, жобалап соға беретін, болмаса біреу бір әңгіме шығарса, ойға салып сараламастан ере жөнелетін мінез, осы бізге қайдан жұққан?
Мәшкүр Жүсіп Көпейұлы өзінің «Нұқ, Наурызнама» деген жазбаларында наурыз мейрамы Нұқ пайғамдардың заманында да бар екен десе, бұл қуанышты тойды Нұққа байланыстырғаны емес, өте-мөте ежелгі екенін меңзегені.
Әдет-ғұрыпты қалыптастыратын адамның тұрмысы, сондықтан бұндай шалағай аңыздарға илана бермеген жөн.
Ал бүгінгі біздің Наурыз келді деп бабалар дәстүрін түрлендіріп, жаңадан мән беріп, наурыз көжені жеті дәм, сегіз дәм демей-ақ дәмді етіп (асқаналардың ас мәзіріне енетіндей етіп) пісіріп тойлауымыз өте орынды. Күн мен түн теңелді, көктем келіп, жер қыза бастады. Қызған жерге шөп қаулап өседі. Мал тойынады. Жер өңдеп, егін егу басталады. Демек «көктемнің бір күні жылға азық» болса, нағыз қастерлі мезгіл деп, жаңа тіршілік деп, жаңа жыл деп осы наурызды айт, қақаған қаңтарды айтпай.
Ендеше жаңадан басталған жаңа жыл берекелі болсын! Жаңа тіршілікке жаңа бір күшпен құлшына кіріселік!
АТҚАН ТАҢДЫ ҚАРСЫ АЛУ
Ұйқыдан таң атпай тұру жаратылыс ыңғайына бағынып, жылдың төрт мезгілін тиімді пайдалана білген түркілер үшін жазылмаған заң, бұлжымас салт.
Күнді құрмет тұтқандықтан сөйткен. Табыну содан келіп шығады. Табынудың өзі қажеттілік. Тәңірі ұғымының да негізі осында. Егер Күн шықпай қалса, малымызды қалай жаямыз, мал жаймасақ, қалай өмір сүреміз деген қарапайым қауіп қой. Сөйтіп, тайлы-таяқтысы (байы да, кедейі де деген сөз) қалмай, барлығы таң бозара тұрып Күнді қарсы алған. Балаларын да тырнақтайынан ерте тұруға бейімдеген. «Ерте тұрған еркектің ырысы артық…» деген қанатты сөз қалдырған. Осы бір үш бунақтан тұратын, қара өлең ұйқасымен айтылатын қос жол өлең үзіндісін білмейтін қазақ жоқ. Шынында бұл заманында тұтас өлең болған ғой. Уақыттың сұраптауымен осы өлеңнің түйіні ғана ұлт жадында жатталып қалған. Шіркін, тұтас сақталғанда ғой, онда ежелгі бабаларымыздың дүниетанымынан молырақ хабар алар едік. Дегенмен осы қос жол өлеңнің өзінен тарқатылар ой сорабы санамызды сан-саққа сүйрелейді.
Ежелгі бабаларымыз жаратылыстың жарығын да, қараңғы түнін де тиімді пайдалана алған. Жаратылыстың ырғағын танып-білген, оған қарсы келмей, ығына жығылып, сол ырғақтан шықпай, бірге жылжыған. Жаратылыспен біте қайнасу адамды бақытқа бөлейді. Табиғат аясында, сол табиғат игілігін ғана татып, қанағатпен өмір сүрген бабалар тіршілігі жатқан үйлесім, жатқан ғылым. Ұйқыға Күннің батуынан кейін жатып, ұйқыдан Күннен бұрын ояну соның бір қағидасы. Осыны қазіргі ғылым да құптайды, мойындайды.
Адамның ұйқыдан ерте тұру қажетін ұрпақ санасына мықтап сіңіру үшін ежелгі бабаларымыз «Жыл басы» деген тамаша ертегі ойлап тауыпты. Түйе бойына сеніп жылдан құр қалыпты, тышқан ақылдылығымен түйенің үстіне өрмелеп мініп, шығып келе жатқан Күнді бірінші көріпті деп келетін. Баланы титімдей тышқанға теңеп, мақтап қойып ертекті ұғып алуға еліткен. Балаға пәлсапа үрету методикасын қарай гөр. Осы ертек дүние жүзіне жайылып кеткен. Осы ертек адамның Күн шықпай ұйқыдан тұрып, еңбек ету керегін үндеп, сан мыңдаған жылдар бойы адамды жақсылыққа, жаратылыс ырғағымен бірге қозғалуға тәрбиелеп келеді. Бұл ертекті түркі баласы ұмыта алмайды. Өйткені ғасырлар бойы айтылып, ұрпақтан ұрпаққа жетіп, түпсанамызда шегеленген. Бұл ертек адамзат баласына өте қажет. Оны біреу баласын алдандыру үшін жәй ғана ойдан шығара салған жоқ. Оның тамыры тым тереңнен, ұлттың дүниетанымынан, салт-санасынан нәр алады. Ертек деген көркем әдебиет. Көркем әдебиет ұлттың болмысы, жаны, пәлсапасы.
Ұйқыдан таң атпастан тұрған адам сергектігін кеш түскенше сақтайды. Уақыттың молдығынан рақат табады, жан күйзелісін еңбекпен басып, бақытты өмір сүреді.
Жаратылыс заңдылығынан туындаған осы дәстүр қазіргі біздің Наурыз мерекемізде де сақталған.
Наурыздың 22-сі күнгі мерекені қазақтар күнді қарсы алумен бастайды.
Нұрлыбек САМАТҰЛЫ, жазушы