«Тәуелсіздік ұрпақтары»: 15 үздік жасқа 1 млн теңгенің сертификаты табысталды

219

Алматы облысында тұңғыш рет өткізілген «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант жобасында жүзден жүйрік шыққан бір топ жас марапатталды.ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес,  «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты негізінде республикалық деңгейде мәдениет, ғылым, бизнес, медиа, IT саласындағы жастар бастамаларын қолдау мақсатында 2021 жылдан бастап гранттар тағайындалған болатын. Жас буынның әлеуетін арттырып, қанатын қатайтуға арналған істе Алматы облысында 15 үздік жоба қолдау тапты. Білімі мен білігі ұштасқан жалынды қыз – жігіттерді жарқын жеңісімен аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев құттықтады.

«Бүгінгі жастардың білімге, инновацияны үйренуге, шет тілдерін меңгеруге деген талпыныстары, еңбекқорлығы бізді қуантады. Жеңімпаз атанған жобалар өңіріміздегі өзекті мәселелерді шешуге, мемлекеттік жастар саясатын жемісті жүзеге асыруға серпін беретін жасампаз істердің бастауы болсын.Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады.Жалпы, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру біздің басты міндеттеріміздің бірі»,-деді облыс әкімі Марат Елеусізұлы.

Қоғамның әр саласында бизнес-идеялары мен өзіндік жоспарларын жүзеге асыруды көздеген жастар қарасы қалың болғанымен, алғаш рет өткізілген аталмыш грант жобасына барлығы 35 үміткер қатысқан. Солардың ішінде тек 15-і жеңімпаз атанып, 1 млн теңгенің сертификатына ие болды.  Бұлардың қатарында «Медиа» бағытында жеңімпаз атанған жас видеограф, Сәкен Құттықбай да бар.

Ол өз кезегінде ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, мұндай жобалар ел жастарына үлкен үмітпен бірге болашаққа деген сенім сыйлайтынын алға тартты.

«Бүгінгі күн Мен үшін өте маңызды, Себебі, Менің жобаларыма қаржылай қолдау табылды.  Менің «Медиа» саласы бойынша ұсынған жобам  «Generation» деп аталады.  Қазақша айтатын болсақ «Ұрпақ» деген мағана береді. Жоба аясында жастарға арналған 3 қысқаметражды фильм түсіріледі. Бірінші, «Уақыт» деп аталады. Аталған фильм жастардың уақытты тиімді қолдануды, бағалау керектігін түсіндіреді. Екінші туындыға  «Нашақор» деген ат арқау болды.  Бұл жерде жаман ортаға түсу, ішімдікке салыну кейін нашақор болуға әкелуі мүмкін екені баяндалады. Ал соңғысы  «Құмар ойын» деп аталады. Өйткені, қазіргі таңда құмар ойындарға салынып кету өте оңай. Тіпті үйден шықпай-ақ бүкіл мүліктен айырылып қалуға болады.  Бұл жобаның мақсаты жастар дұрыс жолда жүріп, уақытты және жақындарын бағалауы ең басты құндылық екенін қалың көпке түсіндіру»,-деді

Сәкен Мұхтарұлы.Асығы алшысынан түскендер қатарында « Мәдениет» саласында грантты жеңіп шыққан Жәнібек Мақатанды атап өтуге болады. Ол он саусағынан өнер тамған шебер. Көне музыкалық сыбызғы мен сазсырнай  сынды ұлттық аспаптар жасайды.

Өнерден табыс табудың ебін тапқан жігіт Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 2 курс білімгері.  Тума талантымен талайды тамсандырған жас, өз қолынан шыққан қос бірдей музыка аспабын Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевке арнайы табыстады. Ал, Берік Мадиярұлы,  Олжас Мубарак, Ақбота Жетпісбай, Азиза Раджапова, Лаура Абылкасимова, Ернұр, Қәдір, Дінмұхамед Дүйсенғали,  Бекболат Бексеитов, Мади Бердибаевтар « Бизнес» бағытында арнайы грантқа қол жеткізді.  «Ғылым» бойынша Айгүл Жалғас, Бекзат Сеитмуханбетова мен Мейрамбек Жалғастар үздік шықты. Айта кету керек, облыс халқының 19 пайызын жастар құрайды. Олардың жалпы саны-280 мың.

Бүгінгі күні оларға  қолдау көрсетудің түрлі бағыттағы шаралары қарастырылған.  Мәселен, 2022 жылы облыс тарихында тұңғыш рет жергілікті жастарды баспанамен қамтамасыз етуге қолдау көрсету үшін «Алатау жастары» атты тұрғын-үй бағдарламасы бастау алды. Бастапқы жарнасыз 60 пәтер алу үшін 600 млн. теңге бөлінді. Биыл осы бағдарламаға бөлінетін қаражат көлемі 3,6 млрд. теңгеге дейін көбейтілді. Бұл қаржы 200 пәтер алуға мүмкіндік береді. Облыс әкімі атап өткендей,  мұның барлығы жастарға деген ерекше назардың айқын көрсеткіші.