
Иә, бұл қазақтың басына түскен ең ауыр, ең азалы қасірет болды…
Біз осындай бойды бунаған бейжайлығымыз бен бейшараларымыздан, тек өзімізді ғана ойлайтын қараулығымыздан, диванда жатып алып жау қайыратын «батырлығымыздан» арылмасақ, мұндай қасіреттің талай-талайын көреріміз күмәнсіз.
Сонда біз кім болдық? Ертеңіміз қалай болады?
Әу, ағайын, тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мен Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығын кеше ғана дүркіретіп атап өттік емес пе? Аспаннан орден жауды; айналамыздағы қаптаған жұрт өңірлеріне жарқыраған медаль тағып, масайрап мәз болды. Ел ондай марапатқа не үшін малынғандарын өздері де білмей той-тойлап, жуумен жүрген жаңа жылдың алғашқы күнінде мынадай қайғы-мұңға баттық. Әсте осылай болады деп кім күтті екен? Мен де соның бірімін. Әуелі Жаңаөзен халқының газ бағасын төпелеп көтерген билікке қарсы шеруге шыққанын, оны ақтаулықтардың іліп алып кеткенін әлеуметтік желіден көрдім. Артынша атыраулықтар әйгілі қос батырдың ескерткіші қойылған алаңға жиналды. Жер-жерде оларды қолдаушылар қатары көбейді. Желтоқсан көтерілісінің бесігі атанған Алматының жастары да көшеге шықты.
Енді әрмен қарай ойымды сағышса соза бермей, өз көзіммен көріп, басымнан өткерген оқиға желісіне көшсем: бесі күні бүкіл қалада дүкендер мен базар атаулының бәрі жабылды, қоғамдық көліктер түгелдей тоқтатылды. Сайын көшесі мен Райымбек даңғылының қиылысына таяу маңдағы баспахананы көріп қайтайыншы деп жеңіл машина ұстадым. Тастақтан өте бергенімізде жолдың екі жағын да жауып, шерулетіп келе жатқан халықты көзіміз шалды. «Менің Қазақстанымды» естідік. Жақындай түскен сайын рульдегі жас жігіттің жанындағы мөлдіреген келіншектің үні үрейлене түсті. Олай болатыны қолдарына таяқ немесе резина сойыл ұстаған жігіттер машиналарды жүргізбей, терезелерін шаға жаздап, кері бұрылуға мәжбүрлегенін көрді. Жүргізуші күйеуі екен: «Ақшадан өлгендей таксовать етейік деп қоймадың. Міне, енді!..» – деді кіжінген ызалы үнмен. Келіншегі болса маған қарап: «Аға, мынау біреудің машинасы еді, қазір шағып тастаса жағдайымыз не болады?» деген жалынышты үнмен. Әлгі таяқ ұстағандардың бірі бізге де төніп келіп қалды. Түрі ызадан түтіккен, көзінде отты жарқыл. Қарап тұрып шыдай алмай есікті аштым. «Әй, балам, сендер бет алған жерге жасым жетпіске тақаған мен де барамын», – дедім. Ол аппақ шашымды көріп сыйлады ма, жоқ әлгі сөзім әсер етті ме, кім білсін, әйтеуір көкке көтерген таяғын төмен түсіре берді. «Қазақтың құтын қашырған мынадай уақытта намыссыз біреулер болмаса қатарымызға қосылу керек қой!» – деп, бізден алыстай берді. Шынымды айтайын, ішімнен сол сөзіне қатты риза болдым. 86-шы жылы да қазақ жастары дәл осылай Алматының көшелерін аралап еді-ау. Алайда олардың қолдарында «Әр ұлтқа – өз көсемі», «Лениндік ұлт саясаты жасасын!» деген секілді ұрандар болған. Ал мыналардың біразы қолдарына шерушілерді қуып таратуға келген әскерилер ұстайтын қалқан мен резина сойыл ұстап алыпты. Біреулердің басында шлем. Кейін естіп білсем, полиция және әскерилер тобын Рысқұлов көшесі жақта жан-жақтарынан қоршауға алып, өз жақтарына өтуге мәжбүрлеген екен. Бәрі де қазақтар. Оларға да жан керек. Оның үстіне қайбір жетісіп жүр? Сондықтан каскалары мен қалқандарын, қолдағы резіңке сойылдарын ортаға лақтырып, араларына өтіп кеткен. Солар мініп жүрген автомашиналар болу керек, қораптарына шығып, көк туымызды желбіреткен жігіттер Төле бимен орталыққа қарай қозғалып бара жатты. Оқтын-оқтын лепті дауыспен қосылып айтқан «Қазақстан жасасын!», «Әй, қазақтар, ояныңдар! Бізге қосылыңдар!» деген сөздері күллі көшені жаңғыртып алысқа шығандап кетуде. Бұған дейін бүгінгі жастарға көңілім көншімей жүретін еді: «Шүкір! Біз бар екенбіз ғой, адами құқығымызды қорғайтын өршіл рухымыз өлмепті» деп, тәуір-ақ толқыдым. «Әйтеуір бірдеңеге араңдап қалмай, бәрің де аман болыңдаршы» деп те тілеулерін тіледім. Өйткені бәрі дерлік жап-жас, сол 17-18 бен жиырма бестің о жақ, бұ жағындағы қыз-жігіттер болып көрінді.
Әрмен қарай машинамен жүру мүмкін болмағандықтан, таксилетіп ақша тапқысы келген ерлі-зайыптыларға аман-саулықтарын тілеп, қолдарына азын-аулақ ақшамды ұстатып түсіп қалдым. Содан екі-үш аялдама жаяу жүріп, Сайын көшесіне жеткенше топ-топ болып үзілмей келе жатқан тек қана қазақ қандастарымызды көрдім. Араларынан бірде-бір бөтен ұлттың өкілін байқамадым. Кейін алаңда да дәл солай болды.
«Қазақтың елі мен жері, келелі келешегі қазаққа ғана қажет. Әйтпесе ырымға болса да басқа ұлттың бірді-екілі өкілі ішімізде жүрмес пе еді?» – деді ойы орныққан азаматтардың бірі. Оның сол сөзі жүрегін тербеген екінші кісі: «Олардың есебі түгел ғой. Өз жерімізде өгейлік көріп, күресінде сорлап жүрген өзіміз емеспіз бе?» – деді күйіне іліп әкетіп.
Иә, аяулы бауырларым, бұл кейінгі әңгіме. Ал оған дейінгі әуезе етіп айтар сөзіме оралсам: баспаханаға барып, бәрі орнында екеніне көз жеткізіп кері қайттым. Сайын көшесінде машиналарды ары да, бері де жүргізбей тежеп, жолын жапқан жастарды кезіктірдім. Соларға жақындап, Төле бимен орталыққа қарай бет алған үлкен лекке ілестім. Жай жүре бермей, алдымдағы сұңғақ бойлы, көк күртешелі азаматпен қатарласып, «жол болсын» деп едім, оған да керегі сол екен, сөйлей жөнелді. «Жасым елу үште. Қазалыда туғанмын. Алматыда көп жыл тұрдым. Бала өсті, үйленді, үйіміз тарлық етті. Әжетханаға кіруге келіннен қысылатын болдым. Содан, амал жоқ, Қаскелеңнің шетінен жер алып кішкене құжыра тұрғыздым. Осы жақында ғана көтеуіме (геморройыма) ота жасатып едім. Соған қарамай қалың елдің арасында болайын деп келемін», – деді. Айтуынша, тұрақты жұмысы жоқ. Той-томалаққа барып, видеокамерасымен елге қызмет етеді. Соңғы кездері тәжтажалға байланысты ол да сиреді дейді. Тағы бір жігіт Бақанастан келіпті. Өстіп келе жатып, алаңға қарай бет түзеген кісілердің көбі Алматының айналасындағы аудандар мен ауылдардан екенін білдім. Бәрі іштеріне булыққан ашу-ызаларын жасырмайды. Мына өмірлеріне көңілдері мүлде толмайды. Біреуінің аты Нұрсұлтан екен. Тәуелсіздігімізді жариялап, НӘН президент болған ғажап кезде дүниеге келгеніне жарыла қуанған әкесі есімін солай, ырымдап қойыпты. «Алайда тағдырым әкем ойлағандай сәтті болмады, – дейді күліп. Үсті-басы жұпыны. Оның да тұрақты жұмысы жоқ көрінді. Солай болған соң, күйі бола ма? Жеке үйден де, әйел, баладан да үмітсіз. «Заман өстіп тұрса, өмірім осылай өте беретін шығар», – дейді.
Міне, өксікке толы, өкініш пен уайым-қайғысы барған сайын ауырлап, ел еңсесін езе түскен бүгінгі өміріміздің ащы ақиқаты. Әйткенмен бәріңді бақытты етемін, байлыққа бөктіріп, керемет жағдайға қолдарыңды жеткіземін деп уәдені үйіп-төгіп берген билік тізгініндегі НӘН «әлемнің дамыған елу елінің қатарына ендік, енді алдыңғы отыз елдің сапына қосамын» деп көкіді. Ол өстіп есіле сөйлеп, бөскен сайын арып-ашқан, күйзеліс күңіреткен қазақтың билікке деген өкпе-наласы еселеп өсе берді. Бірақ қай кезде де мұндайда ең әуелі үлкендер емес, өмірден күтері көп жастар бұлқынып, мінез көрсетеді. Соған куә болып келе жатқанымызда ұзыннан-ұзақ шұбаған шерушілердің біресе алдына барып, біресе артына қарай кері жүйткіп жүрген нөмірсіз машиналар алабөтен көзге түсті. Олар барған сайын сол әрекеттерін күшейте берді. Бастап бара жатқан серкелер солар секілді әсер етті. Алдыңғы, артқы терезелерден бойларын асыра шығарып, түрегеп тұрған жігіттер мен қыздардың да дауыстары өктем естіледі. Ерекше ұрандататын да солар. «Қазақтар, ояныңдар, қашанғы ұйықтайсыңдар?!» дейді. Бір жігіт шеттеу шығып телефонымен түсіре бастап еді, арамыздағы белсенділік танытып келе жатқан біреу оған «түсірме!» деп, оқты көзімен ата қарап, тежеп тастады.
Розыбакиев көшесіне жеткенімізде, тура төменгі бұрышта терезелері шағылған өрт сөндірушілердің қызыл машинасы назарымызды өзіне аударды. Бүйірінен тартылған су атқылағыш шлангасы не деген ұзын десейші, сонымен Розыбакиевтің Төле би көшесіне түйісетін жолының екі жағын да көлденең керіп байлап тастапты.
Нөмірсіз машинамен жүргендер көп елдің Байтұрсынов пен Төле би көшелерінің маңында жиналып күтіп тұрғанын қайталап айтумен болды. Қос бағыттағы үлкен көшені бойлап жүріп келе жатқанда тәртіп бұзған тосын оқиғаны көрмедім. Солай Есентай өзеніне жете бергенімізде алдыңғы жақтағы жігіттер дүрліге жүгірді. Бекер еместігін ішім сезіп жанымдағылармен бірге мен де жүрісімді үдеттім. Мұратбаевқа келгенде қорапты әскери машинаны көзім шалды. Төле биге 20-25 метрдей жетпей тоқтапты. Артындағы келе жатқан дәл осындай екі машинадағылар жауар бұлттай түнере жақындаған шерушілерді көре сала, бұрыла қашып үлгеріпті. Ал мына машинаның кабинасындағы екеу қалайда аман қалудың амалымен жан ұшырып төмен, Гогольге қарай жүгірген. Әлгі жерге жеткенімізше жігіттер шоңғал тастармен үсті-үстіне ұрып, машинаның маңдай терезесінің быт-шытын шығарыпты. Бір жігіт қолындағы дәу тасымен оң жақ фарын, одан кейін сол жақ фарын шаға бергенде: «Әй, балам! –деген үнім қатты шықты. – Мына тірліктеріңді тоқтатыңдар. Ішіндегілерді қудыңдар. Енді техникада нелерің бар? Бұл елдің тыныштығын қорғайтын солдаттардың көлігі ғой. Бұның арты жаман болады. Әлгінде бәріміздің бейнеміз көше-көшеге қойылған «сергекке» түсіп қалды. Әрбір оғаш ісімізге жауап беретінімізді естеріңнен шығармаңдар».
Соның өзінде әлгі азамат тура ерегескендей кейіппен маңдай терезесіне қарай тасын құлаштап лақтырды. Онысы үстінен әуелей асып кетті. Жүрегім зырқ ете түсті.
«Айналайын, лақтырған ана тасың арғы жақтағы әлдекімге тисе не болады? Сен оны өлтіресің ғой, өлтіресің!» дедім күйініп. Ол не деп тұрсың-ау демей, бұрылып кетті де қалды.
Бұл жер дәл үйімнің маңы болатын. Үйдегілер қайта-қайта телефонымды әндетумен болған. Аман-есен екенімді білдіріп, түскі тамағымды ішейін дедім. Сол оймен төмен қарай жүріп келе жатқанымда көп жыл «Лениншіл жаста» қызмет еткен Гүлайна Сманова әпкеміздің кіші ұлы Асыл мен досы Қанатты кезіктірдім. «Машиналарын тастай қашқан екі солдатты қуып жеткендер жабылып ұра бастағанда біз араласып, оларды құтқарып жібердік», – деді.
Содан сағат 4-тер шамасында аяңдап Мұратбаевтың бойындағы әскери машинаның жанында келген кезімде бір топ жігіттің айнала қоршап тұрған үстіне түстім. Зіңгіттей-зіңгіттей екі жігіт аккумуляторын ұясынан шығарып, нөмірсіз көліктеріне қарай көтеріп бара жатты.
– Әй, жігіттер, мыналарың азаматтың әрекеті емес қой. Бұны тонау дейді! – дедім даусымды нығарлап. Ана екеуі бетіме бағжая бір қарап, ашық тұрған жүк салғыштарына салды да, машиналарын зулата жөнелді.
Қарасам, әскери машинаның бөлшегінен бөлшек қоймай шешіп алыпты. Есіктері аңқиған. Тұрғандардың біреуіне сендердің бұларың ұят тірлік болды деп айтқалы жақындап едім, аңқыған арақтың иісі мұрныма келді.
– Сендер ішіп алыпсыңдар ғой! Неге іштіңдер? Көкем-ау, біз де бір жылдары сендер сияқты шерулетіп едік. Бірақ мынадай бассыздықтың біріне бармадық. Соның өзінде үкімет пен партия қазақ жастарын ішкіш, нашақор, бұзақы деп кінәлаған. Алаңға ішімдікті жәшіктеп жеткізсе де, татып алмап едік. Ал, сендер айналадағы анталаған көздерден де қаймықпай қиратуға, жаппай талап, тонауға көшіпсіңдер, – деп лықсыған бар ашу-ызамды сыртқа шығарып жатсам, біреуі «сіз кімсіз?» дейді. – Мен, бәлкім, сендердің әкелерің қатарлы немесе одан да үлкен кісі шығармын. Желтоқсан көтерілісі туралы 15 том айғақ-кітап жазып, шығарған баспагер-жазушымын. Бәріңді аяп тұрған жайым бар. Күні ертең-ақ құрисыңдар ғой. Өмірлерің өксумен өтеді.
– Енді қайтейік, аға? Онсыз да өміріміз өмір емес. Өстіп Назарбаев басқарған биліктің ниетін өзгерткіміз келді.
– Сендер бүйтіп өзгерте алмайсыңдар. Осыдан қарап тұрыңдар, сендердің бәріңді шеттеріңнен қылмыскер етіп шығарады. Мына тас-талқан етіп қиратып, содан соң түгін қалдырмай тонаған машина Назарбаев, я болмаса Құлыбаев емес. Құдай-ау, ана Ақтау мен Жаңаөзендегі бауырларымыз секілді ұйымдасқан, саяси сауатты шеру жасамадыңдар ма? Әй, балам-ай, балам-ай… – дедім.
Солай зілмауыр ойдың азабымен айнала төңірек қараңғыла бастағанда әйгілі алаңға, бұрынғы Брежнев атындағы алаңға қарай көше-көшемен жүріп, төтелей тарттым. Жақындағанда, әлгінде ғана машинаның түгін қалдырмай қирата тонап жатқандардың тағы бірінің аузы ащы судан бұрқырап, «біз әкімшілікті өртеп келдік, енді әуежайды қиратып, басып аламыз» дегенді мақтанып айтқан сөзі ойыма оралды. Соның бекер емесіне көзім жетті. Димекең атамыздың ерекше талғампаздықпен тұрғызған, Қазақстанымызды көркейте түсу үшін қызмет еткен тарихи мәні зор Ақ үйінің лапылдай жанып жатқанын көріп, еріксіз басымды шайқадым. Оның арғы жағынан будақтаған қою түтін көлбеңдейді. Сартылдап тоқтамай атылған автомат үні де тұла бойымды түршіктірді. Мынадай сойқанды көреміз дей ме есі-басы бүтін кісі? «Апырмай, мұндай да хайуандық болады екен-ау! Бұл жаудың ісі ғой!» дедім түңіліп. Сол сөзімді құлағы шалып қалған бір жігіт: «Бұның бәрін өздері жасады. Президент резиденциясына баса-көктеп кіріп, қиратқан да, өртеген де өздері. Әйтпесе, өзіңіз көріп тұрсыз ғой, мына біз ондайдың біріне де бармаймыз. Бәріміздің ойымыз басқа еді, бәрін арандатушыларды араластырып ойрандатты. Қараңызшы, ана тәуелсіздік ескерткішінің жанында «Дикий Арман» деген біреу сөз сөйлеп тұр. Жанында әбден шыныққан өзіндей жігіттер қоршап алған», – деді.
Баяғыда президент сайлауына қатысып, додасына түскен Жармахан Тұяқбайдың Алтынбек және басқа да азаматтарды ілестіріп келіп елмен кездесуге жиналған ғимаратта бүлік шығаратын қылмыскер ғой. Сол уақытта Рахат пен Дариғаның әдейі жіберген кісісі дегенді естігенбіз. Түрмеде отырған жерінен Дариғаға хат жазғанын да білетін едік. Осыдан біраз уақыт бұрын, жанында бір топ жігіттері бар, Болат Назарбаевтың үйінде болыпты дегенді де алаңда тұрғандардың бірінің аузынан естідік. Сондай-ақ ай жарым уақыт бұрын бір топ спортшыға екі мың доллардан үлестірген видеосын әлеуметтік желі арқылы таратқан. Енді міне, Назарбаевтың отыз жыл бойы халықты тұқырта түсу үшін орнықтырған жүйесін қайтсек өзгертеміз деп жиналған мың сан жұрттың назарын басқа жаққа бұрғысы келіп көсемсіп тұрған мезетте алаңның Назарбаев көшесі жақ бетіндегі бай кәсіпкердің сауық-сайран құруға арналған ғимараты отқа оранды. Шырпы тисе, лап ете қалатын жасанды материалдар емес пе, лапылдай жанып қарамасымызға қоймады. «Хабар» телеарнасы орналасқан ғимараттың Байсейітова жақ бетіндегі бірінші қабатының терезесінен де өртеніп жатқанын көзіміз шалды. Оны өшіруге келген бірде-бір машина көрінбейді. Әншейінде алаңға аяқ басқаныңды аңдып тұратын, көзді ашып жұмғанша жетіп келетін тәртіп сақшыларының бірі де жоқ. Автоматтың атысы анау…
Әңгіменің ашығы: өрт сөндірушілерді бастықтары жібермей қойыпты, жедел жәрдем дәрігерлерін де жолатпаған. Алаңдағы бұзақылар ұрып-соғады, машинаны қиратады деген. Сөйтіп, өртенген ғимараттар өртене берсін, өлгендер өле берсін деген қарау ниет ашықтан-ашық көзге ұрды. Демек, биліктің пиғылы солай. Бұл әдейі, үлкен есеппен алдын ала ұйымдастырылған жобалы нәрсе. Әйтпесе іс мұншалықты асқынып, бас бермейтін бүлікке ұласар ма еді?..
Содан бері арада нақты ой түйіп, мәселенің байыбына тереңдейтін уақыт өтті. Осының бәрі, егер бір қарау күштердің күні бұрын ойластырып жасаған шарасы болмаса, биліктің тәртібін орнатып, саясатын жүргізетін күштік құрылымдар қайда? Неге ешкім өз бетінше аттап кіре алмайтын әкімшіліктің есіктері ашық-шашық қалып, президент резиденциясы да, Алматы әуежайы да бүлікшілерді қаңырап күтіп тұрады? Оны былай қойып, әлі күнге дейін ұстатпай жүрген терроршылар Байзақов көшесіндегі Алматы қалалық Ұлттық қауіпсіздік комитеті ғимаратына қалайша емін-еркін еніп, қару-жарақтарын оп-оңай олжалап кетеді? Меніңше, бұл шешуі күрделі жұмбақ емес. Басы ап-ашық әрекет, ауыр қылмыс. Оны кімнің жасай алатыны да басы бүтін айқын әңгіме. Бұл жерде бар мәселе ҰҚК-нің тізгінін ұстаған Кәрім Қажымқанұлы Мәсімовке ғана тіреліп тұрған жоқ. Менің ғана емес, саясаттан азды-көпті хабары бар елдің бәрінің пайымынша, ол орындаушы ғана. Сонда көзге көрінбей тасаланып тұрған қозғаушы күш кім? Әрине, оның кім екенін бетін тіліп, аты-жөнін ашық айтпағанымызбен, ішіміз сезеді. Ол кісі қайда? Өлі ме, тірі ме? Жеті қабат жердің астына еніп кетсе, жеті қат көктің тұңғиығына сіңіп, ғайып болып кетсе, бір басқа, әйтпесе НӘН-нің баспасөз хатшысы ма, әлде кеңесшісі ме, сол азамат оның Алматыда екенін, телефон арқылы Қ.К.Тоқаевпен тілдесіп отырғанын телеэкрандағы жүгірме жолдарда бадырайтып жазды емес пе? Ол кісі елді Қазақ КСР-і Компартиясының бірінші хатшысы болып басқарды, өз алдына мемлекет болғанда президенті атанып билік құрды. Күндердің күнінде, енді мен президент болмаймын деп, ондай атаулы қызметтен өз еркімен бас тартты. Елбасымын деді. Елбасы ретінде Қ.К. Тоқаевтың қасынан қапталдасып қалмай, қызметіне жағаласа араласты. Енді халқымыз мынандай қасіретті күндерді бастан кешіп жатқан қаралы күндерде еш болмаса бір көрініп басу айтатын, қалың қазақтың қайғысына ортақтасатын реті емес пе дейін десең, басымызды әңкі-тәңкі еткен қиқым ой алдымызды кескестеп, көлденеңдейді…
Өзім осындай ой тұманы арасына көміліп отырғанда талайдан бері даусын естімеген бір ағамыз телефон шалды.
– Талғатжан, хал қалай? Аман-есенсіңдер ме? – дейді.
– Өзімізге келсек, бәрі дұрыс сияқты, – деп бастап, осы жазбамда баяндалған оқиғаларды айтып бердім. Ол кісі сөзімді бөлмей тыңдап, соңында:
– Әй, Талғат, көрінген тесікке басыңды сұға бермей тып-тыныш жүрсең қайтеді? – деді.
– Аға, не деп тұрсыз? Ол мен ғана емес, сіздің де жүретін тесігіңіз емес пе еді?! Сіз де, өзіңіз секілді үлкендердің бәрі де барып, көшеге шыққан жастардың, алаңға жиналған жұрттың қатарында болатын реттеріңіз еді. Ойлары толық орнықпаған, алаулаған сезімдерін ірке алмай қызулана кірісіп кететін жастарды ақылға шақырып, үлкендік үрдіс көрсететін жөндеріңіз еді. Соны жасай алмадыңыздар. Бейбастықтың бәрі содан болды…
Бір заманда Алматының іргесіндегі үлкен ауданның бірінші хатшысы, одан кейін әкімі болған, басшылық қызметтен зейнеткерлік жасында да шеттемеген ағамыз бұл ойымды ұқты ма, ұқпады ма, білмеймін, әйтеуір «жақсы» деп байланысты үзе салды.
Ал енді нақты білетінім: алаңда қыз-жігіттерге қойқойшы болайын, шынайы жанашырлық көрсетейінші деген, ақыл айтқыш, патриоттық тақырыпта ағылып-төгіліп сала беретін ақын-жазушылар бой көрсете қоймады. Қолына қалам ұстайтындардан көргенім Жасарал Қуанышәлі, Рысбек Сәрсенбай және Жарылқап Қалыбай. Бесінші қаңтар күні бес пен жетінің арасында алаңда болғандағы түйгендеріме байланысты айтарым осы. 86-ның ызғарлы желтоқсанындағы біз көрген қаламдастар қандай өр, рухты, жан-дүниелері таза жандар еді! Өкініштісі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткер атағы бар әртістерді де, академик ғалымдарды да, әлемдік додаларда көк туымызды желбіреткен спортшыларымызды да кезіктіре алмадым.
Шіркін-ай, жастардың арасында солар болғанда ғой деймін. Бүгінгі билік терроршылар деп маңдайларына қара бояуды аямай жаққан топ (әрине, тұтастай қазақ жастары емес) көшеге шыққан, алаңда болған елдің 1-2 пайызы ғана еді. Біз көп болсақ, ұйытқы бола білсек, мына ұл-қызынан айырылып жылаған елдің қандай қиын жағдайда өмір сүріп жатқанын жүрегімізбен сезінсек, айтуға ауыз бармайтын қасіретті көрмес едік. Ақтаудағы митингілеген бауырларымыз сияқты тіресіп тұрып, жүйенің өзгеруіне сөзсіз жол ашар едік. Осы қателіктерімізді түзете алмасақ, сөзімнің басында жазғанымдай, бұдан кейін де өстіп опық жей береміз…
Мына қасірет күллі қазаққа өмірлік сабақ болса екен деп тілеймін!
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ