
Алдағы президент сайлауына қатысу үшін Орталық сайлау комиссиясына өтініш берген үміткерлердің бір де бірінің халықтың әл-ауқатын жақсартып, әділетті әрі бақытты қоғам құру жөніндегі нақты бағдарламасы жоқ. Үміткерлер әбден таптаурын болған жалаң патриоттық ұран көтеріп жөңкіліп барады. Қазақстан үшін дәл қазір ең өзекті болып тұрған экология проблемасы да бұл саяси науқанның күн тәртібіне енбеді. Соңғы жылдары экология мәселесін талмай айтып, нақты іспен шұғылданып жүрген Азаматхан ӘМІРТАЙ өзі жетекшілік ететін «Байтақ болашақ» экоальянсы тарапынан президенттіктен үміткер ретінде ұсынылмады, экоальянстың проблемаларды шешу жолдары көрсетілген ауқымды бағдарламасы да, қоғамды демократияландыруға бастайтын саяси реформалық тезистері де қоғам назарынан тыс қалды. Жас экологтың экономика-қаржы саласын реформалау мен әлеуметтік проблемаларды (оның ішінде көпбалалы аналардың мұқтаждығын) қалай шешу және қоғамды ішінен ірітіп бара жатқан коррупцияға қалай тосқауыл қою жөніндегі зерек ойын да халық естімеді. Бәрі пайдасы жоқ, түкке тұрғысыз, босқа күшенген жалаң ұранды ұлтшыл дабыраның жетегінде кетті. Бұл қоғамдық сананың әбден адасып, мақсат-мүддесінен жаңылғанын байқатса керек.
Қоғамдық сананың дұрыс бағыт алуы ұлттың танымын қалыптастыратын философиямен байланысты. Бұл процесс қазақ қоғамдық санасына ғасырлар бойы дін арқылы сіңісіп келеді. Исламның өзегі болып келген Құранды жолшыбай дүмше дінкештердің әдейі бұрмалап тәпсірлеуі мен соған сәйкестендірілген діни идеология халықты әбден шатастырып тастаған сияқты. Сол қоғамдық сананың дұрыс бағыт алуына кедергі болып отыр. Осындай жағдайда Ибрагим пайғамбар арқылы бастау алған бірқұдайшыл діндердегі Пейіш (Жәннәт) пен Тозақ (Жаһанам) ұғымдарын кеңістік пен уақыт тезінде ғана емес, ақыл-таразымен де салмақтап-саралаудың қажеттілігі маңызды.
Киелі кітаптарда жан-жақты сипатталған Пейіш пен Тозақ ұғымы адамдардың ақылына сиымды нәрсе. Сондықтан оны әлдебір жақтағы (дінкештер тәпсірлейтіндей «О дүние жеті қат аспанның алтыншы деңгейінде» деп) жер деп немесе ақырзаманнан кейінгі қиямет күні жасақталатын арнайы орын деп қарастырудың қажеті жоқ. «Жәннәт» сөзі аудармасының жанға жайлы, сулы-нулы, экологиясы үйлесім тапқан бау-бақша (Бақ) ұғымына сәйкес келу де бұл орынның адамдар өмір сүріп жатқан «жасыл планетада» (Жер) екенін меңзейді.
Пейіштің адамдар өмір сүріп жатқан осы өмірде (Жерде) екенін Құдайдың киелі кітаптарында сөз болуы да дәлел. Себебі Құдайдың адамдарға жасаған ең үлкен сыйы – ақыл. Құдайдың жол көрсеткен Сөзі адам ақылына сыймайтын ұғым болғанда, онда Пейіш пен Тозақ жөніндегі түсінік Құранда да, басқа Киелі кітаптарда да айтылмаған болар еді. Олай болса, адамдардың көзі мен оның басқа да сезім мүшелеріне Пейіш қалай сезіледі? Мәселен, адамдар өздері өмір сүріп отырған қоршаған ортаның тазалығына жіті көңіл бөліп, экология балансын сақтаса, таза ауамен демалып, таза су ішеді және т.б. Дені саудың жаны да сау, ондай ортада жүрген адам рахатқа кенеліп өмір сүреді. Бұған мейірім, махаббат, гуманизм мен әділдікті қосып, жауыздық пен әділетсіздікті түп тамырымен жойып, барлық жамандықты тудыратын нәпсіні тежеп, ысырапшылдық пен даңғойлықты тоқтата алсақ, сонда Пейіш секілді орта құралмай ма?!
Адамдар қауымдасып өмір сүрген соң, билік пен еңбек бөлінісінің әділдігі қажет-ақ. Мұны қамтамасыз ететін — ашық қоғам мен демократиялық әділ сайлау. Қоғамдағы барлық проблеманы шешудің жолы либерализм идеясының аясында ғана жүзеге асатыны адамзат тарихында дәлелін тапты. Оның үлгісін демократиялық батыс Еуропа елдері мен АҚШ сияқты алып державаның қоғамдық өмірінен көріп отырмыз. Мұнда заң алдында барлық адамдардың дәрежесі бірдей, бәрінің құқықтары қорғалған. Жалпы алғанда халықтың тұрмысы жақсы, әлеуметтік жағынан аз қорғалған топтарға мемлекет көмек беріп, қолдау көрсетеді, білім беру, денсаулық сақтау саласы дамыған, кәсіп ашып, табыс табуға кедергі жоқ және т.б. жақсылықтың түгелге жуығы бар. Экология мәселесі адам денсаулығы мен оның әл-ауқатына тікелей қатысты болғандықтан, дамыған батыс елдерінде «жасылдар» идеясы ешқашан саясаттың күн тәртібінен түскен емес, экономика мен өндірісті экологиялық талаптарға сәйкес дамыту мемлекеттік саясаттың өзегі болып отыр.
Егер жеке дара адам, жалпылама алғанда қауым, тойымсыз нәпсінің жетегінде кетіп, ысырапшылдыққа даңғыл жол ашып, қоғамды коррупция мен әділетсіздік жаулап, қылмыс пен жауыздықты өршітіп алса, онда ол ортаның сипаты дін философиясында сипатталған Тозақ ұғымына сәйкеседі, халық тұрмыс тауқыметін тартып қатты қиналады, ауру-сырқау, жетім-жесір көбейеді, жұрттың бәрі бұзылған экологияның зардабын тартады.
Діндегі Тозақ ұғымы «жалын», «күйдіру», «түтінмен тұншықтыру» «күл қылып жіберу» сияқты «отқа» (Жаһаннам) қатысты түсініктен тарамдайды. Егер Жаһаннамды табиғатқа қатыстырып айтсақ, ол «жап-жасыл» экологиялық үйлесімін тапқан органикалық тіршілік ортасына (орнына) – Баққа (Жәннәт) қарсы процесс. Мысалы, Совет Одағы арзан энергияға қарқ боламыз деген үмітпен атом күшін пайдаланбақшы болып, ақырында Чернобыль апаты болды. Қазір ол аймақта тұру мүмкін емес, радиоактивті сәуленің күйігі шалған мыңдаған адам әлі күнге азап шегіп қиналып жүр. Қолдан жасалған Арал экологиялық апатының зардабы да осыған ұқсас мәселе. Әрине, осы тәріздес апаттарды әлдебір мемлекеттің қате жүргізген өндірісітік-экономикалық саясатының салдары деп ақтала сөз қозғауға болатын шығар. Бірақ әдейі миллиондаған адамдарды отқарумен өлтіріп, геноцид жасау пиғылымен әдейі ашаршылық ұйымдастырып, саяси репрессия жасап, қан қақсатып, қасіретке ұшыратып, қайғы жұттырып, тозақы өмір кештірген Шыңғыс хан, Гитлер, Сталин, Пол-Пот және басқа да зұлым тирандардың ісін қалай ақтап аламыз?! Қазір де солар сияқты билікқұмар тирандар жеке бас нәпсісінің құлы болып, нәпсісін тойдыра алмай қаншама халықтың обалын арқалап отыр, қаншама халық қолдан жасалған экологиялық апаттың зардабынан өкпесі күйіп, жүрегі сыздайтын неше турлі ауруға шалдығып, өліп жатыр. Мұның бәрі дінде сипатталғандай Тозақтан шығатын ащы қиналыстың үніне қатты ұқсайды.
Құдай әу бастан адамдар үшін «жасыл планетаны» жұмақ етіп жаратқанынан Жердің бүткіл сипаты хабар беріп тұрғандай. Осы тұрғыдан қарасақ, «нәпсіге ерік беріп қойған» Адам Ата мен Хауа ананың «Жәннәттан қуылуы» Құдайдың адамзатқа берген ескерту секілді көрінеді. Яғни адамзат өзі өмір сүріп жатқан ортасын (Жер шарын, мемлекеттік тар аядан қарасақ, ел аумағында) Пейіш жасай алады, Тозақ та жасай алады. Бұл адамдардың иманы мен ерік-жігеріне қатысты шаруа. Сондықтан Пейіш пен Тозақ түсінігі категорияларын сөз еткенде Шайтан мен Періштені орағыта айналып өтіп кете алмаймыз.
Егер бүткіл ғаламның Жаратушысына иман келтірудің, Оның адамзатқа сілтеген жолын танып-білудің құралы Ақыл екенін ескерсек, онда Шайтан мен Періште дінкештер сипаттап жүргендей «мүйізі бар, көзі отты» әлдебір мақұлық пен «үлпілдеген жұмсақ қанатын қағып ұшып жүретін» бірдеңе емес, «жаман ой» (пиғыл — Шайтан) мен «жақсы ой» (пейіл — Періште) ғана. Олар үнемі Ақылды төңіректеп жүреді. Ақылды жаман ой шырмаса, тозақы әрекеттер етек алады, бұл қауымдық сипат алғанда сол қауым тіршілік еткен аумақ Тозаққа айналды. Жаман ісі үшін адамдарды «тозақ отына шыжғырып жазалау» деген түсінік те осы. Яғни, Құдай ақиқат жолынан айнығандарды олардың өздерінің қолымен жазалайды. Ақиқатты басшылыққа алғандар жәннәті өмір сүреді, Құдай адамдарды олардың өзі жасаған адал ісі мен ізгі амалы арқылы марапаттайды, жанын рахатқа бөлеп жай тапқызады.
Әдетте қауымның санасын құлдықта ұстағысы келетін дүмше дінкештер адамдарды жайлы әрі бақытты өмір сүрудің әдіс-тәсілдері жөніндегі ойдан алшақтатқысы келіп тұрады. Олар «Бұ өмірдің қиындығына құлша басын иіп көндігіп, шыдас берген пенде О дүниеде пейіштік болады, ал жемқор, халықты қанап жүрген арам адамды тозақ күтіп тұр» деген сыңайда жұбатпа уағыз айтады. Ақиқатында мұндай уағыз арамзалықтан басқа ештеңе емес.
Ұлы Жартушыға телінген есімдердің қатарында адами түсінік аясында дәріптелген құндылықтардың бәрі бар. Құдай еркіндік, әділеттілік, ақиқат, мейірімділік, ынсап секілді жақсы қасиеттерді Киелі кітаптар арқылы насихаттады, ал адамның өмірі мен бостандығына қайшы әрекет жасауына тыйым салды, үнемі пайғамбарлар арқылы ақиқат жолына түсуге шақырып келеді. Бұдан ұлы Жаратушының адамдарға таңдау бергенін, дүмше дінкештер үнемі қайталап уағыздай беретін «жазмыштың» Құдайға емес, адамдардың іс-әрекетіне тікелей қатыстылығы жөнінде ой қорытамыз.
Тұрарбек Құсайынов, «Демос’» ҚБ төрағасы
Фото: vk.com