Қазақстанда Наурыз мейрамы он күн тойлануы мүмкін

2854

Қазақстанда Наурызды он күн тойлау ұсынылды. Ашық НҚА сайтында Наурыз мейрамы тұжырымдамасын бекіту бойынша жоба пайда болды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Құжатқа сәйкес, Наурыз мейрамы 14-23 наурыз аралығында атап өтіледі:

  • 14 наурыз – «Көрісу күні»
  • 15 наурыз – «Жайлау күні»
  • 16 наурыз – «Шежіре күні»
  • 17 наурыз – «Тарихқа тағзым күні»
  • 18 наурыз – «Игі істер күні»
  • 19 наурыз – «Шымырлық пен шеберлік күні»
  • 20 наурыз – «Зияткерлік күні»
  • 21 наурыз – «Ұлттық тағамдар күні»
  • 22 наурыз – «Ұлыстың ұлы күні»
  • 23 наурыз – «Жоралғы күні»

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасын әзірлеп, көктем мерекесінің мазмұнын байытуды тапсырды. (…) Наурыз мейрамының негізгі мақсаты – Қазақстан жерінде бейбітшілік пен достықты нығайту, ұлттық бірегейлікті сақтау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыру», – делінген құжатта.

Концепцияға сәйкес мейрамның міндеттері мынадай:

  1. Жалпықазақстандық рухани құндылықтарды нығайтатын қазақ халқының салт-дәстүрлерін жаңғырту, ынтымақ-бірлікті арттыру;
  2. мейрам кезінде әр адам отбасына, ата-анасына барып, хал-жағдай сұрасу арқылы отбасы институтын күшейту;
  3. азаматтық бейбітшілікті сақтау, әлеуметтік әріптестікті және қайырымдылық жасау мәдениетін дамыту;
  4. этносаралық қатынастар мәдениетін дамыту, қоғамдағы достық пен сенімді нығайту;
  5. Қазақстан табиғатының бірегейлігін, табиғатқа ұқыпты қарауды  ұғыну, экологиялық мәдениетті және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру бойынша қоғамдық бастамаларды дамыту.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының идеялық құндылықтарын іске асыру мән мәтінінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын атап өтудің мәні жоғары. Наурыз – үйлесімнің, береке мен бірліктің мейрамы. Бұл ұлттық бірегейлікті сақтау, прагматизмді қалыптастыру, сананың ашықтығын арттыру тұрғысынан маңызды мейрам», – делінген тұжырымдамада.

Еске салайық, 2020 жылдың ақпанында «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты жанындағы «Рухани жаңғыру» орталығының жетекшісі Жанар Бұқанова Қазақстанда Наурыз мейрамын тоғыз күн атап өту ұсынылғанын айтқан болатын.