Азаматхан Әміртай: ҚазҰУ-дағы дау: студенттер жатақханасыз қалмақ па?

104

  Басқа елдердің маңдайалды ЖОО-ларының аты білім саласында топ жарған  университет ретінде шығып жатса, біздің еліміздегі жоғары оқу орындарының аты шулы дау-дамайда жиі айтылып қалып жатады. Осыдан кейін мектепті енді бітірген түлектерімізге дейін шекараның арғы бетіндегі оқу орындарына көп қызығушылық танытса тағы ренжиміз. Бірақ ақиқаты осы.  Елімізге танымал ҚазҰУ-дың аты жыл басында жер дауына қатысты көп шықса, енді оқу орны аумағында бой көтеріп жатқан жатақхана құрылысы дау тудырып отыр. Кәсіпкер Азаматхан Әміртай мырза «осы мәселеге орай, айтатын датым бар» деген соң, арнайы сұхбаттасқан едік.

      – ҚазҰУ-ға қатысты дау неден басталды?

– Дау ҚазҰУ-ға жаңа ректор тағайындалудан басталды. Бұрынғы ректор Ғалымқайыр Мұтанов бес-алты жылдай жатақхана салуға инвестор іздеген екен. Сосын, қазақ кәсіпкерлері бірігіп, инвестиция салу үшін бірнеше мемлекеттік бағдарламаның шартынан өтіп, келісімшартқа қол қойдық, жерге қатысты мәселелерді шешіп, құрылыс жұмыстарын бастап кеттік. Кейін ректор болып келген Жансейіт Түймебаев еш нәрсені түсіндірместен, құрылыс жұмыстарын тоқтатып, істі сотқа берді. Соттың бірінші инстанциясының шешімімен «келісімшартқа сай, құрылыс жалғасуы керек» деген шешім шықты. Ал ҚазҰУ бізбен жасалған келісімшартты бұзуға өтініш берген болатын. Сот «ондай талап қоя алмаймыз, әйтпесе бұл іс халықаралық сотта қаралады» деген соң, ҚазҰУ бұл істі апелляциялық сотқа беріп жатыр. Оның қашан болатыны белгісіз. Келісімшартта егер келісім бұзылатын болса, халықаралық сот арқылы қаралатыны көрсетілген.

Осы орайда айта кетер жайт, «инвестор тарту керек» деген әңгіме көп айтылады. Бірақ әр ректор келген сайын инвесторлардың жұмысын жоққа шығарып, оларды қуып, өз бетінше жұмысты тоқтата берсе, жұмыс өне ме?! Одан кейін кәсіпкерлер осындай істерге бел шешіп кірісуге мойын бұра ма? Мемлекет басшысының инвестор тарту туралы айтып жүрген әңгімесі бос сөз болғаны ма, сонда? Жұмыстың беталысы өзгерген соң, біз толықтай істелінген жұмыстың шығынын есептедік. Қолданылған құрылыс материалдарының бәрі бүгінгі күнгі нарықтағы бағалар, үстіне қосып жазылып тұрған жоқ. Инвесторлар сегіз жылда өздері басқару арқылы салған қаржыларын қайтарып алайын деп отыр. Яғни оқу орнына келіп-кетер шығын жоқ. Кейін сұрастырып, жаңа ректордың түріктің құрылыс компанияларын осы іске тартқысы келіп жатқанын естідік.

– Соңғы кездері аталмыш оқу ордасының аты білімге емес, жылжымайтын мүлікке қатысты осындай дауға неге көп ілінетін болды?

– Бұл қарашаңырақ Кеңес Одағы кезінен бері келе жатқан оқу ордасы. Жақсы жерде орналасқан. Қаланың ішінде осындай жерде орналасқан ғимараттарға көз тігу бұрыннан бар. ҚазҰУ-дың жері кең, қаланың жоғарғы бөлігі, қымбат жерде орналасқан. Кең жерін пайдаланып, жастарға жағдай жасап, жатақхана салып, студенттерге әлемдік дәрежеде барлық жағдай жасалған заманауи оқу ордасына айналудың орнына білім ордасы жерге көз тіккендердің талас-тартысына себеп болып отыр. Мәселе осыдан шығып отыр деп ойлаймын. Ақшасы барлар жемқор шенеуніктермен ауыз жаласып, мемлекеттік маңызы бар екеніне қарамастан, жерді де, ғимараттарды да талан-таражға салуда. Осыны бақылауға алу керек. ҚазҰУ-дың жері де, ғимараты да жастардың мақсат-мүддесіне сай қолданылуы тиіс.

Ал біздің мақсатымыз басқа. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғимараттары қазір ескірген. Елімізде студенттері көп оқу ордасы болғандықтан, сол студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету үлкен жұмыс. Ғимараттардың, жатақханалардың сапасы талапқа сай болуы керек. Бұл оқу ордасында шетелдік студенттер де көп. «Білім туризмі» деген түсінік бар. Оқу орны білімімен ғана емес, жатақханамен қамтылуы жағынан да заманауи архитектуралық ғимараттарымен көз тартатындай болса керемет емес пе?! Ұлттық оқу ордасында атына, талапқа сай, заманауи жағдай жасалмаса, біз білім іздеген жастарды шетелден қалай тартамыз? Сондықтан қазақ кәсіпкерлері заманауи форматтағы халықаралық стандарттарға сай жатақхана салуды жоспарлаған еді.

     – Жасыратыны жоқ, көктемде ҚазҰУ-дың жеріне қатысты қозғалған даудан соң, жер учаскесінің азаю фактісі ресми мойындалды. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осы университетке қарасты жер учаскесінің 0,779 гектарға азаю фактісі расталғанын мәлімдеді. Қазіргі таңда елімізде жатақхана мәселесі өзекті болып тұр. Мемлекет басшысының өзі осы мәселеге орай, арнайы тапсырма берген болатын. Демек, бұл жерге келешекте  жатақханалар салынуы керек. Сіздер оқу ордасы аумағында болашақта қанша орындық жатақхана салуды жоспарладыңыздар?

– Алматы қаласындағы жақсы жерлерге көз тігушілер көп. Өйткені мұндай жерлердегі тұрғын үйлердің нарықтағы бағасы жоғары. Қазіргі студенттерге баяғы 5-6 шаршы метрлік жатақханалар жарамайды. Олар халықаралық стандарттарға сай салынуы керек. Көптеген студенттер хостелде тұрып жатыр. Студенттердің бәрінің қалтасы пәтерақыны көтере алмайды. Осы орайда, қазақ кәсіпкерлері студенттерге жатақхана салып беруге дайын. Тек орта жолдан аяқтан шалушылар болмаса екен дейсің. Елімізде кәсіпкерлікті дамытып, шағын және орта бизнесті өркендету үшін әкімшілік кедергілер болмауы керек. Біз барынша сәулетті, халықаралық талаптарға сай, 1250 адамға арналған, көлемі 30 мың шаршы метр жерге жатақхана салуды жоспарлаған болатынбыз.

    – Әлеуметтік желіден ҚазҰУ тарапына айтар уәжіміз бар дегенді көзіміз шалды. Келіссөзге келіп, сөйлесе алдыңыздар ма?

– Кәсіпкерлер жиналып, аталмыш оқу ордасының басшылығына жатақхана жұмысы басталғаннан бергі жұмсалған қаржыны көрсету үшін кездесуге бардық. Бір аптадан аса отырып, өз ақиқатымызды айттық және бәрі әділ, бұра тартусыз жасалып жатқанын оларға дәлелдедік. Толық жұмсалған қаржы мен есепшотты, заңдылық жағын көрсеттік. Бірақ қарсы бір уәж айтпады. Есеп комитетіне сілтеді. Олар бюджеттік қаржыны бақылайтын орган, инвестициялық қаржыға араласа алмайды. Заңбұзушылық жоғын көре тұра, университет басшылығы өзінің тәлейіне келетін жеке құрылыс компанияларын осы іске кіргізу үшін осындай қадамға барып отыр. Дәл қазір ректор бұл мәселеге қатысты ешқандай нақты шешім шығарып отырған жоқ. Тіпті бізбен келіссөзді бұзып, жарты жолдан басқа инвесторларды неге іздеп отырғаны да түсініксіз. Алғашқы кездесуде «мына инвестор жігіттер «мать Тереза» ма?» деп айтып қалды. «Иә, еліне,  жеріне жаны ашыған қазақтың қарапайым кәсіпкер жігіттері. Студенттерге талапқа сай жатақхана салуды көздеп отырған патриот жігіттер» дедім. Ешқандай нақты уәжі жоқ, қарсылығының себебі жоқ, тек осыдан пайда тауып қалуды көздеп отыр. Ал біз, инвесторлар, әділ, таза жолмен келісімшартқа отырып, өз ақшамызға жатақхана  салып берейік деген ойымыз үшін опық жеп отырмыз.

      – Сіздерден шыққан шығынды, құрылысқа салынған қаржыны қайтару туралы әңгіме қозғалды ма?

– Ол сот арқылы анықталады. Әзірге сот «келісімшартты бұзуға болмайды» деген соң, біз шыққан шығынды кімнен талап етерімізді білмей, не жұмысты жалғастыра алмай, әрі-сәрі күйде қалып отырмыз. Егер сот келісімшартты бұзу туралы шешім шығарса, ҚазҰУ кемінде 2 млрд теңге айыппұл төлеуге мәжбүр болады. Осынша жұмыс жасалғанда оны орта жолдан тоқтатып, айыппұл төлеу оларға не үшін қажет болып отырғанын ұқпай отырмыз.

– Кәсіпкерлердің ҚазҰУ-ға көз тігуі неге көбейіп кетті?

– Өз басым, кәсіпкерлер, яғни біз оқу ордасына көз тігіп отыр деген сөзбен келіспеймін. Бұл жерде биліктің адамдары сол оқу ордасына көз тігіп отыр деп айта аламын. Білім және ғылым саласында тәжірибесі жоқ адамды ректор қылып қойғаны түсініксіз. Бұл келе жатқан сайлауға дайындық па? Әлде бұл студенттерді бақылауда ұстап отыруға керек болып отыр ма, білмеймін. Негізі, білімнің сапасын көтергіміз келсе, бұл жерге менеджер адам керек. Басқару қабілеті бар, заманауи ақпараттық технологияларды енгізуге дайын заманауи мамандар керек.

– Оқу ордасы ректорының шетелдік инвесторларға бүйрегі бұруының сыры неде деп ойлайсыз?

– Осы уақытқа дейін білім саласына ақша салып жатқан шетелдік инвесторды көрмедік. Олар жерасты қазба байлықтарын игеруге, мұнай, газ, алтын салаларына ақшаларын салады. Олар көп жағдайда шенеуніктерімізбен ортақ бизнесі болса, құрылыс жасап, түскен пайданы тезірек бөлісіп алатын жерлерге келеді. Басқа жерлерді олар салған ақшаларының қауіпсіздігіне жауап бере алмайды деп санайды. Осы жерде біз үлкен кемшілікке жол беріп жатырмыз. Еліміздегі шағын және орта бизнес өкілдерінің жауапкершілігін түсінбей отырмыз. Кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау бос сөз болып қалғаны ма, сонда? Өз басым олар жеке басының мүддесі үшін шетелдік инвесторларға бүйрегі бұрып отыр деп ойлаймын. Ал  халыққа түк пайдасы жоқ.

    – Енді не істемек ойларыңыз бар?

– Осы мәселені қоғамдық дәрежеде көтеріп, мемлекет басшысымен кездескім келеді. Осындай қысым бар жерде инвесторлар елімізге сеніп келіп, қалай ақша салады? Бұл мәселені заңды жолмен сот жүйесінде дәлелдегім келеді. Қазақстандық соттарға сенім аздау. Сондықтан халықаралық соттарға жүгінеміз деп отырмыз. Әділдік үшін осындай қадамға баруға мәжбүрміз.

      P.S. Жатақхана жетіспеушілігі мәселесін елбасы алғаш рет 2018 жылы қозғаған болатын. «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа жолдауында Н.Назарбаев: «Қазір жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті. Бұл міндетті шешу үшін жоғары оқу орындары, колледждер мен девелоперлік компаниялар мемлекет-жекеменшік әріптестігі қағидасымен жатақхана салуды бас­тауы керек. Мемлекет өз тарапынан білім және ғылым министрлігі арқылы жатақхана құрылысына жұмсалған инвестициялардың белгілі бір бөлігі біртіндеп қайтарылуына кепілдік береді. 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырамын. Бұл алдағы жылдарда өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде, жатақхана тапшылығын біржолата шешеді», – деген болатын. Кейін бұл ұсыныс мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарапынан да қолдау тапты. Содан бері еліміздегі бірнеше ЖОО өздерінің студенттеріне арнап жатақхана салуды қолға алды. Ал ҚазҰУ даудан дау тудырып, жерін саудаға салуға жол беріп отырғанда, студенттері жатақханасыз, үш жыл бұрын берілген елбасы тапсырмасы елеусіз қалатын тәрізді.

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ