Мырзан КЕНЖЕБАЙ, ақын: Олар біреудің басындағы қасіреттен абырой жинап әлек

65

Қаламгер қауым арасында шығармашылығымен ғана емес, мінезімен дараланып тұратын ақын-жазушылар болады. Олар тура айтады, кесіп сөйлейді: бетің бар, жүзің бар демейді. Шенеунік көрсе жалбаңдап, жағымпазданбайды. Негізі, қалам ұстаған адамның мінезі сондай болу керек. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де мінезді жазушы. Мінезді ғана емес, қоғамдық-әлеуметтік, саяси тақырыптарға бей-жай қарамайтын азамат. Ақын Мырзан Кенжебаймен болған әңгімеміз бірден бүгінгі күннің өзекті тақырыптарынан басталды.

– Мырзан аға, жуырда Шаңырақ көтерілісі үшін айыпталған Арон Атабек түрмеден босап шықты. Оны Алматыға, үйіне алып келді. Біраз жұрт күтіп алды. Үкімнің уақыты аяқталмаса да, денсаулығына байланысты шығарды деп жатыр. Әлде күрескер ақынның өзі әл-қуаты қайтқан соң Ақордадан кешірім сұрап, келісім жасады ма екен?

– Аронды мен жақсы білемін. Ол жақсы ақын. Орысша жазады. Ресейдің қазағы ғой. Руы – беріш, кіші жүздің бір тармағы. Өзі айтқандай, ол – Бейбарыстың тұқымы. Қанында бар мінез болу керек, айтқанынан қайтпайтын намысқой жігіт. Ақындар қияли келеді. Мұның қиялилығы сол: баяғыда Әзірбайжан мен Армения соғысып жатқанда, Арон сол соғысқа барыпты. Сол жақта ұсталып, паспортсыз қайтып келді. Паспорты Ресейде қалды ма, әлде біздің ҰҚК-ның қолында ма, анығын өзі де білмейді. Паспортының жоқтығын білетінім: баяғыда «Таңшолпан» журналына өлеңдерін жариялап, қаламақы берейік десек, жеке куәлігі болмай шықты. Содан қаламақысын кепіл хатпен бергенбіз. Аронды жақсы білемін дегенім сол…

Енді Шаңырақ көтерілісіне тоқталайық. Біреулер Шаңырақ оқиғасы деп былжырап жүр. Оқиға емес, ол көтеріліс қой. Қарапайым халықтың өз баспанасын қорғау үшін жалаң қолмен көшеге шыққан көтеріліс. Көзбен көргенімді айтайын. Шаңыраққа барғанымызда, қаптаған қарақұрым халық. Бір шетте өрт сөндірушілердің көлігі жанып жатты. Бір кезде қара киім киген арнайы жасақтың сарбаздары ма, қалың топ қалқандарын шоқпармен дүңкілдетіп ұрып, халыққа қарай психологиялық шабуыл жасап, сап түзеп келе жатты. Халықты үрейлендіру ғой. Сонда бір жігіттер: «Аға, мыналар бүгін үшінші, әлде төртінші рет осылай бізді қыспаққа алып жатыр. Жігіттердің қаны қызып тұр. Сіздер қайтып кетіңіздер. Бұлар бізді арандатқысы келеді. Анау өртеніп жатқан көлікті өздері жағып жіберді», –деп айтты. Содан біз кетіп қалдық. Жарты сағат өтпей: «Шаңырақтықтар бір полицияны байлап қойып өртеп жіберіпті» дегенді естідік. Жұрт сол кезде-ақ оны арандатушылардың жасағанын айтты. Арон деген – ақын адам. Оның жүрегі жұмсақ. Ондай адам адамды өртеу түгілі, тірі жанға қиянат қылмайды. Бірақ қылмысты Аронға жапты. Қасындағы үш жігітке 15 жылға дейін, Аронға 18 жыл берді. Билік бірнеше рет: «Қылмысыңды мойындап, кешірім сұра!» – деді. Оған Арон көнген жоқ. «Кешірім сұрамаймын. Кешірім сұрасам, қылмысты мойындағаным болады», – деп қасарысты.

– Он бес жыл түрмеге отырғанда, бірде-бір ақын-жазушы, зиялы қауым ақынға араша сұрап, билікке үн қатпаған еді. Биыл жыл басында аяқ астынан бірнеше қаламгер президентке хат жазып, Аронды босатуды сұрады. Бұл қандай «сценарий»?

– Бұл – абырой жинау деген «сценарий». Арон түрмеге түскенде, 15 жыл азапталып, қараңғы қапаста отырғанда бірде-бір ақын-жазушы, зиялы қауым араша түсіп, ақынды босат деген жоқ. Президентке «нан қымбаттап кетті» деп ашық хат жазатын жазушылар Арон сотталғанда үнсіз қалды. Сол қаламгерлердің арасында абыройлы ақсақалдар да бар. Сол кездегі жазушылар одағы да үнсіз қалған…

Өзің айтқандай, жыл басында бес-алты қаламгер президентке хат жазды. Ол саяси ұпай, саяси багаж жинау деп аталады. Он бес жыл үндемей жатқандар аяқ астынан Аронды неге есіркей қалды дейсіз? Мұның астарында көп құпия бар. Арыстай азамат әруақ болды. Енді болмаса, бірер айда түрмеде өліп қалар еді. Билік оны түрмеде өліп қала ма деп қорықты. Сол үшін де кешірім жасаған болып босатты. Бұл жерде президентке хат жазған ақын-жазушылардың мақсаты, қаламгерлердің хаты арқылы Аронды босатқан биліктің көздегені – халық алдында абырой жинау ғана. Біреудің басындағы қасірет – біреуге шаттық болған заман. Олардың саяси ойыны сол. Бұл жерде билік Аронды тірі әруақ қылғанымен қоймай, азаматтың алтын басын қорлап, онысынан өздеріне саяси абырой жинады деуге әбден болады.

– Мырзан аға, қандай ортада болсын, әзілге сүйесеңіз де, қыңыр сөйлесеңіз де турасын айтып жүресіз. Бұрыннан осындай «қисықсыз» ба, әлде жүре пайда болған мінез бе? Немесе бұл әлдекімдерге көрсеткен ішкі қарсылығыңыз болар.

– Өмірге деген өкпе де бар. Табиғатымнан, тектен берілген мінезімде де «қисықтық» бар. Екеуін де жоққа шығармаймын. Мұқағали: «Айтып өткен ақында арман бар ма?» деп жазды. Мен де реті келгенде, айтпасам тұра алмаймын. Сол үшін талай жерде жақын жүрген ақын-жазушылардың кейбірімен түс шайысып та қалғанбыз. Бұл – мінез. Сүтпен сіңген мінез.

Генетика деген ғылым бар. Кеңес уақытында академик Вавилов генетика ғылымының бар екенін дәлелдеймін деп қуғындалған. Ал қазақ бірнеше ғасыр бұрын генетиканың бар екенін білген. Кез келген аурудың тұқым қуалайтынын, «сынықтан басқаның бәрі жұғады» деп генетика ғылымының бар екенін айтқан. Қазіргі медицина да сынықтан басқаның бәрінің жұғатынын айтып жатыр ғой. Менің шамалы қисық сөйлейтін мінезім болса, ондай қасиет нағашы жұртымнан дарыған болса керек. Нағашыларымның бірі – қазаққа белгілі жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов деген ақсақал. Әкем марқұм: «Нағашыларыңның дұрыс мінезі тартпай, қисық сөйлейтінінің тартқанын-ай!» – дейтін.

– Мейлі қалам ұстаған жазушы болсын, мейлі басқа зиялы қауым болсын, ұлт тақырыбынан гөрі жеке бастарының араздығын жұрт алдына жайып салуға, бір-бірінің бетін жыртып, абыройын төгуге дайын тұрады. Рулық тартыс та ұлттық тартыстан озық. Неге?

– Баяғыда жазушылар одағы қандай абыройлы еді? Кеңес билігі қаламгерлермен санасатын. Қазаққа қатысты шаруаның көбі одақта шешілетін. Қуғын-сүргін күндердің өзінде Ғабит Мүсірепов: «Бейімбет жау болса, мен де жаумын», – деген жоқ па? Сөйткен қаламгер қауым соңғы жиырма жылда қатты ұсақталып кетті. Рушылдық, жершілдік қаламгерлердің бәрінің дертіне айналды. Атаққа шыққан ақын-жазушының қай-қайсысы болсын билікке сатылды. Билік не айтса, соны айтатын болды. 1986 жылғы желтоқсанда студенттер сотталып, жастар шырылдап жатқанда, бір жазушы ара түсті ме? Жоқ. Қаламгер қауым сол кезде-ақ бүлінген екен ғой. «Егемен Қазақстан» газеті Желтоқсан көтерілісінде сотталып жатқан жастарды күн сайын «Әділ жаза» деген айдармен айқайлатып беріп тұрды. Осыдан артық қандай сатқындық болсын? Қазақ неге бұлай бүлінді? Жетпіс жыл патшаның билігінде болған соң, құлдық мінез қанымызға сіңіп кетті ме? Бірақ патша үкіметінің, одан кейін Кеңес одағының құрамында болған басқа халықтар біз сияқты сатқын, екіжүзді, жағымпаз емес. Шешендер Ресейдің құрамында, ормандай орыстың ортасында отырып намысын таптатпайды. Соған қарағанда, біздің қазақтың қаны бұзылған-ау деймін? Ата-бабамыз батыр болды, ержүрек болды деп мақтана береміз ғой. Онда өзіміз неге сатқынбыз? Халел Досмұхаметов деген Алаш қайраткері: «Кіші жүз қазақтарының 250 жылдық тарихы қанмен жазылды. Қан төккен орыстар», – деген баяғыда. Қазір «орыс» деген сөзді айтсаң бәлеге қаласың.

– Сізді «Мырзан қайғы» деп атаған кім? «Мырзан қайғы» атандырған қай мінезіңіз? Сіздікі ұлттың қайғысы ма, әлде жеке басыңыздың мұңы ма?

– Нұрқасым Қазыбек деген жазушы ағамыз болды. «Түркістан» газетінде қатар жұмыс істедік. Күнделікті жазатын мақалаларым: тіл тағдыры, ұлт болашағы, қазақтың қамы сияқты жылауық тақырыптар. Өлеңдерімде де мұң басым. «Мұңсыз өлең поэзия емес» деген ұстанымым тағы бар. Содан бір күні әлгі Нұрқасым ағам: «Мырзан, осы сенің жазған мақалаң да, өлеңің де – жалауық, мұңды», – деді. Мен: «Ой, Нұрқасым аға, оған несін таңғаласың? Асан қайғы бабаңыз біздің жақтан шыққан ғой», – дедім. Сонда Нұрқасым ағаның айтқаны: «Онда сенің атың осыдан бастап Мырзан қайғы болсын», – деді күліп. Сөйтіп «Мырзан қайғы» аталып кеттім.

– Жақсы ақынсыз. Тіпті, кейбір қалам ұстаған жас жігіттер сіздің бұрынғы жазған өлеңдеріңіздің мықты екенін, лирик ақын екеніңізді айтып жүр. Бірақ «көрінбей» қалған сияқтысыз. Бұл не: мінезден бе, әлде өлеңнен гөрі публицистикаға, қоғамдық тақырыптарға көбірек уақыт бөліп кеткен жоқсыз ба?

– Қазіргі жас жазушы жігіттер топтасып алып, бірін-бірі мақтап, бір-бірінің жарнамасын жасап жүреді. Өлең жаза алатыны болсын, мейлі түкке тұрғысызы болсын, олар үшін бәрібір. Бірін-бірі мақтағанда, көкке сыйғызбай, жарнамасын жасағанда, жерге түсірмей, көтермелейді. Әдебиетті топ жасамайды. Әдебиетті жақсы ақын, жақсы жазушы жасайды. Әлгі жастар өздеріне жақын адамдарды мақтағанда, ұлы ақындармен, ұлы жазушылармен салыстыратындарын қайтесің? Ұят қой! «Қазақ әдебиеті» газетінде «Гёте және Несіпбек» деген материал шықты. Міне, осындай ессіз мақтаулар көп…

Өлеңдерім қазір де, бұрын да газет-журналдарға шығып тұрды. Радиохабарлар жасалды. Бірақ қисық сөйлейтінім үшін, «Мырзанды мақтап биліктің көзіне түсіп қалмайық» деп сақтанатындар бар. Нөмір бірінші әдебиет сыншысы болып жүрген бір жігіт туралы бар. Ол – сыншы емес, әдебиет шолушысы. Ол өзінің оқыған шетелдік ақын-жазушыларының атын, жазған еңбектерін тізіп шығады. Одан кейін Мұхтар Әуезовтен бастап сыдыртып келіп, өзіне жақын бір адамды қосады. Ол ешкімге сын айтпайды. Анау былай жазды, мынау былай жазды демейді. Ол жай ғана оқығанын көрсетіп, баяндап шығады. Жазушылардың көңіліне қарайды. Ренжітіп алудан қорқады. Мен талай адамды сойып салдым. Қазіргі жазушылар одағының басшысы Ұлықбек Есдәулетовтың өзін сынадым. Астанаға және Әбіш Кекілбаевқа жазған өлеңдерін сынадым. Соны Ұлықбек оқыпты. Бірақ ренжіген жоқ, күліп амандасады. Астана туралы өлеңінде: «Ақ ботадай ойнақтаған Астана» деген жол бар. Жалпы жақсы өлең. Бірақ сол бір жолы бәрін құртып тұр. Соны ұстап алдым. «Қала ойнақтаса, бәріміз қырылып қаламыз» деп жаздым. Үлкен ақындар сынды жақсы қабылдайды. Жастар шамшыл, шырт ете қалады. Бір-екі жігітті сынап едім өті жарылды. Біреулерді айдап салды. Мен туралы ұйымдастырып мақала жаздырды. Сынды қабылдай білу – жазушының қасиеті.

Мен туралы кезінде Қалтай Мұхамеджанов жақсы пікір айтқан. Мұхтар Мағауин өлеңдерімді жақсы көрді. Баяғыда Олжас Сүлейменовтың орысша шығатын газеті болды. Сонда істеп жүрген кезім. Бір күні редакцияға Мұхтар Мағауин қоңырау шалып тұр.

– Мырзан Кенжебаевты бола ма? – деді орысша.

– Тыңдап тұрмын – дедім.

– Айналайын, Мырзан, мен Мұхтар Мағауин деген ағаң боламын. Естуің бар ма? – деді.

– Ойбай, не дегеніңіз, сізді исі қазақ біледі ғой, – дедім.

– Онда түстен кейін одаққа келе аласың ба? – деді.

– Барамын, – дедім.

Сөздің қысқасы, «Жұлдыз» журналына бөлім меңгерушісі етіп алды. «Жұлдызға» соның алдында ғана бір топ өлеңдерім шыққан. Соны оқыпты. «Өлеңдерің жақсы екен. Сосын, жазған мақалаларың да – бүгінгі күннің өте өзекті тақырыптары», – деді. Сол қатардағы біраз қаламгерлер менің шығармашылығыма жақсы пікір айтқан. Оның қайсыбірін терейін. Тек бүгінгі күнгі көлеңкесінен қорқатындар ғана мені айтып, биліктегілерге сүйкімсіз болғылары келмейтін сияқты. Бірақ көзімше мақтайды, өлеңің жаман демейді.

– Нағашыңыз Әбдіжәміл Нұрпейісовтың шығармашылығы туралы бір тосындау әңгіме айтып жүруші едіңіз. «Әбекеңнің шығармаларын редакциялап, кейбір тұсын қайта жаздым» деген әңгімеңізді еміс-еміс естиміз. Сол қаншалықты рас әңгіме, әлде нағашыңызға жасаған жиендік еркелігіңіз бе?

– Әбдіжәмілді «шал» деймін. Ол да қырсық, мен де жетісіп тұрған жоқпын. «Қан мен тер» трилогиясын, одан кейінгі «Соңғы парызды» жазғанда да мені қасына алады, басынан аяғына дейін толық қаратады, басқасын бермесе де шайын береді. Кітаптарының редакторы болып, сөз сөйлемдерін редакциялағаным рас. Әбдіжәміл – үлкен жазушы. Бірақ прозаға тән сөз саптау деген болады. Поэзияға тән сөз қолдану деген бар. Поэзияда нәзік сезім, ұсақ иірімдер бар. Ал проза қатқылдау келеді. Шал соны ұстанып қалған. «Қан мен терде» жүректі дір еткізетін нәзік деталь жоқ. Өте қатқыл. Салмақты проза. Мен өзінің келісімімен ғана нәзік сөйлемдер қосамын. Оған шал келіседі. Қарсы келмейді. Мен шалға бұрыннан сен деп сөйлеймін. Бірде Дулат Исабеков: «Мен Сыламбек Тәуекелге сіз деймін. Сен Әбдіжәмілге сен дейтінің не?», – дейді. «Біздің батыс жақта «сіз» деген сөз жоқ. «Сіз» кейін шықты», – дедім. Баяғыда студент кезде ауылға – Шалқарға барып, бір кісілерді сіз-сіз десем, әлгі көкем: «Сен не кеше түскен келін құсап «сіз, сіз» деп сызыласың?» деп ұрысқан. Шалға да сен дейтінім – сол әдет қой. Содан кейін шал грамматиканы жақсы білмейді. Сол жағына көп көмектестім. Оған өзі риза болады.

– «Қан мен терді» неге сынадыңыз?

– Ол кітапты көп сынадым. Кезінде Абайдың қара сөздерін сынаймын деп бәлеге қалғаным бар. «Абай жарықтықтың қара сөздерінің бірінде қазаққа жылы сөз жоқ» – дедім. Рақымжан Отарбаев та «қолдан пұт жасаудың қажеті жоқ» дегендей ой айтқан. Оны да талады. Абай қазақты жақсы көрді. Жақсы көргені үшін қазақтың мінін, кемшілігін айтты. Соны түсініп айтқаным үшін жұрт мені де талады. «Әуезовтың «Абайы» өмірдегі Абай емес» деп едім, онда да өре түрегелді. «Қан мен тер» жақсы шығарма. Бірақ ол да – Кеңестің идеялогиямен жазылған кітап. Менің әкем – Әбдіжәмілдің жездесі. Шал ауылға келіп тұратын. Жұрт төбеге көтеріп күтеді. Қоғадай жапырылып мақтайды. Бірде туған ағам: «Әбекең бүйтіп тұр. Әбекең сүйтіп жатыр. Ботаның тұмсығынан сыйпады» деп, қисынсыз мақтап, тамсанбай ма. Әкем үндемей тыңдап отыр, тыңдап отыр. Бір кезде шыдамай кетті-ау деймін: «Ойпырым-ай, қойыңдаршы түге, ол сендер айтқандай керемет адам емес. Ол – бар болғаны қолына құдай қалам берген, сол қаламмен орыстың айтқанын жазатын адам» – деді. Әкемді ата деуші едім. «Қойшы ата, ол орыстың айтқанын жазбайды», – дедім. Кейін түсіндім ғой. Әкемнің орыстың айтқанын жазады дегені – Кеңес одағын жырлайды деген сөзі екен. «Қан мен терде» қазақтың салт-дәстүріне қайшы келетін дүниелер өте көп. Мысалы: Алдаберген сопының ақ тоқалы қамыстың арасында тілмаш бала екеуі сүйісіп тұрады. Ол заманда сүйісіп тұру деген болушы ма еді? Бұл бір. Екінші, олар сүйісіп тұрғанда, ақ тоқал «Кәлян келіп қалды» дейді. Кәлян деген дәу, батыр адам ғой. Тілмаш «Енді не істеймін?» деп қорқып кетеді. Сонда ақ тоқал көйлегінің етегін көтеріп жіберіп: «Кел, кір. Өзіңнің шыққан жерің ғой» дейді. Анау сып етіп етектің астына кіріп кетеді. Осы суреттен Әбдіжәміл не ұтты, оқырман не пайда тапты? Ер азаматты қатынның етегіне кіргізу – барып тұрған қателік. Ақбала мен Тәңірбергеннің арақатынасында да кемшілік бар. Мұндай қателік көп. Қайсыбірін айтайын? «Қан мен тердегідей» жабайылық болған ба?» деген мақалам сендердің «Жас Алашқа» шықты кезінде. Бір жазушы Әбеңнен «сүйінші» сұрап барыпты. Мақаланы көрсетіпті. Шал шақырды. Бардым.

– Сен мынаны жазыпсың ғой – деді.

– Жаздым – дедім.

– Е, жарайды – деді де қойды. «Неге бұлай жаздың, не үшін жаздың?» деп, бірауыз ренішін білдірген жоқ.

– Қазақ тілінің шын жанашырысыз. Үнемі мемлекеттік тіл туралы мақала жазып, қазақ тілінің құқығын қорғап жүресіз. Бірақ сізді жақсы танитындар: «Мырзан Кенжебайдың бір телеарнада жұмыс істейтін қызы қазақша білмейді, дұрыс сөйлей алмайды», – дейді. Сонда тіл-тіл дегеніңіз: түздегі әңгімеңіз бе?

– Айдар Қырықбай деген аты-жөнін кіші әріптермен жазатын біреу бар. Адам аты бас әріппен жазылатынын білмегеніне қарағанда, сауатсыз болу керек. Мәдениет және спорт министрінің баспасөз хатшысы болды ғой деймін. Сол жігіт әлеуметтік желіге: «Мырзан Кенжебай тіл, тіл дейді. Өзінің қызы Әлия орысша сөйлейді» деп, жерден жеті қоян тапқандай жазыпты. Әлия мектепті орысша оқыды. ҚазҰУ-дың журналистика факультетін орысша бітірді. Бірақ ол екі тілде еркін сөйлейді. Осы күні орыс сыныбы түгілі, қазақ мектебін оқығандар орысша сөйлеп жүрген жоқ па? Әлиям олардан көш ілгері. Айдардың айғайлап жүргені сол ғой.

– Соңғы сұрақ. Сайт, әлеуметтік желі дамығалы бері жасы келген журналистер жұмыссыз қалуда. Өйткені газет-журналға сұраныс азайды. Ал жастар телеарна, сайт жағалап, жаңа заман технологиясын меңгеріп алды. Жасы келген, сіз құралпы журналистер болмашы тиын-тебенге табылған жұмыс істеп жүр. Сіз қайда жүрсіз?

– Алла тағала өлмеген құлға бір балық береді екен. Кеңес заманында жазушылар шалқып өмір сүрді ғой. Қазір өлместің күнін көруде. Көбінің жағдайы мәз емес. Мен зейнеттегі адаммын, алатын тиын-тебенім бар. «Мәдениет» журналында бас редактор Дулат Исабековтың орынбасарымын. Құдайға шүкір, сол табыстарым өмір сүруіме жетеді. Ал менен басқа қаншама сақа журналистер, қаламгерлер бар. Көбі жұмыссыз. Қайсы күні бір ақынмен хабарласқам. Күзетші болып жүр екен.

Жарас Кемелжан