Ресейде ғылым жоқ

427

Қазақстан президенті Қ.Тоқаев 21 қаңтар күні бизнес өкілдерімен кездескенінде «Болашақ» бағдарламасының бағыты өзгеретінін мәлімдеді. Ол өз сөзінде «Жастарымызды оқуға, мүмкін бірінші кезекте Ресейдің танымал техникалық жоғары оқу орындарына жіберерміз» дегенді айтты. Қазақстанға экономикалық қарым-қатынастар, географиялық саясат үшін Ресеймен тату болған дұрыс қой. Бірақ ғылым туралы әңгімеге келгенде, Ресейге жақындаудың қаншалық қажеті бар? Жалпы, Ресейден не үйрене аламыз? Біз осы және өзге де сұрақтарды химия ғылымының докторы (PhD) Жексенбек Тоқтарбайұлына қойдық.  

– Жексен мырза, жуырда Қазақстан президенті «Болашақ» бағдарламасының негізгі бағытын Ресейге бұру туралы айтты. Ресейдің білім жүйесі бәрімізге белгілі. «Болашақтың» болашағын Ресеймен байланыстыру қаншалық дұрыс шешім?

— Ресей білімінің қай деңгейде екенін әр жерде айтып, жазып жүрмін. Бірақ «Болашақ» бағдарламасын Ресейге бағыттау соншалық ұтымды шешім дей алмас едім. Алайда менің бұл пікірім Ресейден оқуға болмайды дегенді білдірмейді. Менің ойым – қай елдің білімі күшті сол елден оқу керек. Мейлі, ол мемлекет Қазақстанмен жау болсын, білім үшін саяси мүдденің бәрін жиып тастау қажет! Совет одағы кезінде Ресейдің білімі мықты болды. Оны ешкім жоққа шығармайды. Бірақ көрші ел сол елу жыл бұрынғы деңгейінде қалып қойды. Білім жағынан шығыс, оңтүстік шығыс елдері, батыс мемлекеттері Ресейден әлдеқайда дамып кетті. Тіпті салыстыруға да келмейді. Неге? Себебі, Совет одағы кезінде дайындалған мықты-мықты ғалымдардың бәрі әлдеқашан шетелге кетіп қалған. Өйткені, Ресей ғылымға көңіл бөлген жоқ, ақша салған жоқ. Қазірдің өзінде Ресейден шетелге кетіп жатқан ғалымдар өте көп. 2012 жылы – 14 мың, 2020 жылы – 70 мың ғалым шетелге көшіпті. Сондықтан Ресейдің өзіндегі университеттерде жас ғалымдарды дайындайтын мықты мамандар қалмады. Мысалы, 1960-70 жылдары МГУ әлем бойынша озық елу университеттің ішіне кіретін. Қазір деңгейі түсіп кеткен. Кері кеткені соншалық – 194-орында. Осылай түсе берсе, бірнеше жылдан кейін екі жүздікке де кірмей қалуы мүмкін. Сондықтан біз ғылымы кері кеткен елден емес, ғылым-техникасы дамып бара жатқан мемлекеттен үйренуіміз керек.

Ресейдің ғылым-техникасы озық болса, жөні түзу бір көлік жасар еді. Өзіңіз білесіз, орыстардың елу-алпыс жылдан бері шығарып келе жатқаны – LADA ғана. Оның қандай көлік екенін қазақстандықтарға өте таныс. LADA-ны Жапония мен Кореяның, Американың көліктерімен салыстыра аласыз ба? Озық елдер Тesla шығарып жатыр. LADA шығарған орыстар неге Тesla теуіп жүр?.. Меніңше, ғылымға саясат араласпауы керек. Егер саясат араласып кетсе, онда білім – білім болмайды. Біз ғылыми адамдар саясатпен араласпаймыз. Бірақ ғылымды білмейтін адамдар саясатқа айналдырмауы керек.

– Ресей университеттері деңгейінің түсіп кеткені туралы айттыңыз. Осыны таратып кетіңізші. МГУ-нен басқа оқу орындарының деңгейі қалай?

– Статистикалық сараптамаға жүгінейікші. Ресейдегі ең әйгілі университеттердің әлемдік рейтингісін қарап шықтым. Мысалы, «МИСиС» ұлттық зерттеу техникалық университеті Ресейдің өзінде –  22-орында, ал әлемдік рейтингте –  1319-орында тұр. Н.Е.Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті Ресейде –  21-орында, ал әлемдік рейтингте –  1202-орында; «MИФИ» ұлттық зерттеу ядролық университеті Ресейде –  9-орында, әлем бойынша – 613-орында; Мәскеу физика-техникалық институты Ресейде –  8-орында, әлем бойынша – 542-орында; Санкт-Петербург мемлекеттік университеті Ресейдің өзінде 7-орында, әлемдің рейтингте –  538-орында; атақты Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті Ресейде – 1-орында, ал әлем бойынша –  194-орында тұрады екен.

Дамыған елдердің алдыңғы ТОП 200-ге енетін университеттерінің санын қарап шықтым. Мысалы, ондай оқу орындарынан АҚШ-та – 72, Ұлыбританияда –  19, Германияда –  13, Қытайда – 12, Францияда – 11, Канадада –  9, Ресейде –  1 университет қана бар.

Сізге тағы бір статистика айтайын. «СКОПУС» деген база бар ғылымда. Сол базада –  32 мың ғылыми журнал тіркелген. Бұл әлемдегі ең мықты ғылыми журналдар. Мысалы, сондай журналдан АҚШ-та – 12410, Ұлыбританияда –  6568, Нидерландта –  2031, Германияда – 1592, Швецарияда –  721, Қытайда –  681, Испанияда –  651, Францияда – 576, Индияда – 481, Жапонияда – 453, Ресейде –  370-і ғана бар. Осы ғылыми журналдар рейтингісінде Ресейдегі №1 ғылыми журнал «Eurasian Mining» журналы. Ол әлемдік рейтингте –  3944-орында. Осыдан кейін Ресейді ғылымы дамыған ел деп қалай айта аламыз?

— Кезінде Алаш зиялылары қазаққа жапоннан үйрену керек, ғылым мен білім жапонда деп, қазақ жастарын күншығыс елінде оқытуды мұрат еткен екен. Қазақстан сияқты дамушы елдерге қай елдерден білім алған дұрыс деп ойлайсыз?

–Алаштанушы емеспін, бірақ бұл тақырыпты мен де біраз зерттеп көргем. Ол кезде жапондықтар батыстан ғылым-білім үйреніп, өте жылдам дамудың жолына түскен мемлекет болды. Алаш қайраткерлері соны білді. Егер сол арыстарымыз қазір болса, ғылым мен білімді жапоннан ғана емес, Оңтүстік Кореядан, Сингапурден үйренейік дер еді. Қазақстанның ғылымы мен техникасы дүниенің алдыңғы легіне бір-ақ озар еді. Мен атаған елдер қысқа уақытта қалай тез дамыды? Олар ғылым-білімді бірінші орынға қойды. Ғылым мен білімі дамыған соң, әрине сапалы кадрлар шықты. Сапалы кадр деген не? Сапалы кадр дегеніміз –  өндірістің кілті. Ғылымы мен өндірісі қатар дамыған елдің экономикасы көтеріледі. Экономика – мемлекеттің әлеуеті. Әлеуеті мықты ел қашан да көшбасшы. Біз осы қарапайым формуланы көріп, біліп отырсақ та Ресейден ғылым үйренеміз дегеніміз, шынында күлкілі жағдай.

Жастарды Ресейден оқытуға қарсы болуымның бір себебі –  тіл мәселесі. Ресей орыстілді мемлекет. Ол жақтан оқыған бала міндетті түрде орысша ойлап, орысша сөйлейді. Қысқасы, орыс мүддесі үшін қызмет етеді деген сөз. Ал әлемде ғылым тілі – ағылшын тілі. Қазақстан ғылымының дамымай отыруының бір себебі – жастарымыз ағылшын тілін білмейді. Мықты ғалымдарымыз ағылшын тілін білмегендіктен, содан көп қиындық көріп, ғылымда жолы болмай отыр. Ағылшын тілін білу – ғылымға апаратын ең қысқа жол. Біздің атақты ғалымдарымыз ағылшын тілін білмегендіктен, әлемде жасалып жатқан ғылыми жаңалықтарды уақытында оқи алмайды, ғылыми журналдармен таныса алмайды. Мұның бәрі кез келген ғалымның аяғын шалатын кедергілер. Уақытында ғылыми жаңалықтарды оқып тұрған ғалымның өзінде де жаңа ойлар пайда болады. Ой болған жерде жаңалық болады. Ресейдің білікті ғалымдарының өзі мақалаларын ағылшынша жазып, шетелдің журналдарында жариялайды ғой. Қазақ ғалымдарының қасіреті – орыстың ғылыми журналдарын ғана оқып, солармен ғана шектеліп қалған.

– Ғылымдағы плагиат туралы осы уақытқа дейін көп айтылып, көп жазылды. Плагиаттың тамырына балта шабу үшін ғылым саласына қандай реформа қажет деп ойлайсыз?                                                                                                                                  

– Ғылымдағы плагиатты көп жасайтын елдің бірі – Ресей. Өйткені, Ресейде жеке баспалар, жеке компаниялар көп. Ақшасын төлесең болды, сенің білімің мен білігіңе қарамайды, авторлар тізіміне екінші, үшінші автор етіп қоса салады. Сен мұрның қанап, шекең терлеп, ешнәрсе жасамайсың. Ондай көзбояушылықпен жасалған ғылым – ғылым бола ма? Ол жеке баспаларда басылып жатқан ғылыми жұмыстар шетелде жазылып, қорғалып қойған басқа бір ғалымдардың еңбегі. Анау плагиатпен айналысатын баспалар сол ғылыми жұмыстарға шамалы «өзгерістер» енгізіп, жариялай береді. Соңғы кезде Ресейдің ғылымдағы плагиаты көп айтылып жатыр. Орысша жазылған мақалаларды сөзбе сөз ағылшынша аударып жариялайтын «ұрылар» шықты. Антиплагиаттан өтіп кетеді екен ондай мақалалар…

Докторанттарға қойылатын ең негізгі талап – шетелдің озық ғылыми журналдарына мақала шығару. Бұл өте жақсы талап. Докторант – халықаралық стандарт, ғылым докторы деген сөз. Докторант деген міндетті түрде ағылшынша білуі, шетелдің журналдарына ағылшын тілінде мақала жазып, жариялауы керек! Ондай білімі болмаса, онда докторантураға түсіп, мемлекеттің ақшасын шашпауы керек! Өкінішке қарай, қазір бізде бір ауыз ағылшын тілін білмейтін PhD-докторанттар өте көп. Ондайлар –  өзін ғана емес, мемлекетті, қоғамды алдап жүр. Білімі жоқ доктордан қоғамға не пайда?

– Болашақ бағдарламасымен осы уақытқа дейін бірнеше мыңдаған жас шетелден білім алды. Солардың арасынан шыққандардың кейбірі жоғары билікте қызмет етіп жүр. Солардың озық мемлекеттерден дені дұрыс білім алғанына жұрттың күмәні бар. Өйткені, әртүрлі мекемелерде қызмет етіп жатқан сол жастар пара алуға келгенде немесе жалған есеп беруден алдарына жан салмайды. Мемлекетшіл емес, алдымен қалтасын ойлап тұрады. Шетелдің демократиясын, жұмыс істеу талаптарын меңгермеген. Неге?

–«Болашақ» бағдарламасымен жыл сайын бірнеше мың студентті шетелге жіберіп оқытамыз. Оларға бюджеттен бірнеше жүз миллион теңге қаражат бөлінеді. Қазақстанда студент стипендиядан айырылып қалмайын деп тырысып оқиды ғой. Ал «Болашақтықтарға» стипендияны Қазақстан үкіметі береді. Ол жақта қанша баға алса да, бәрібір. Оқыса да, оқымаса да, диплом алады. Өйткені, олардың ақшасын мемлекеті төлеп қойған. Университетке ақша құйылып тұрған соң, шетелдіктердің несі кетеді? Табақтай диплом береді де «Керемет оқыдың!» деп мақтап-мақтап, шығарып салады.

Менің ойымша, «Болашақ» бағдарламасына жаңа талаптар қажет! Бағдарламамен оқитын студенттерге білім министрлігі қатаң талап қою керек. Әр оқу маусымындағы үлгерімін, білімін қарап отыру қажет. Ақшаңды бір бизнеске құйсаң, содан өнім бола ма деп бақылайсың ғой. Бұл да сондай дүние. Білімге инвестиция салдың ба, онда нәтижесін қарап отыр. Жіберген маманың дұрыс оқи алмады ма, онда қаржыландыруды тоқтат! Сонда ғана білімде де, бағдарламада да сапа болады.

– Уақыт бөліп берген сұхбатыңызға рақмет!

Жарас КЕМЕЛЖАН