
Осы аптада бірнеше қаламгерге Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді. Арасында Маңғыстаудың қос сұңқары – Сабыр Адай мен Светқали Нұржан да бар. «Жас Алаштың» шығармашылық ұжымы өткен аптада Ақтауға барып қайтқан болатын. Сол сапарда Махамбет сыйлығының иегері Светқали Нұржанмен кездесіп, сұхбаттасқан едік.
– Ақтау қаласының ең көрікті жеріне Алаш қайраткері Тобанияз Әлниязұлына ескерткіш қойдыңыздар. Жалпы, қазақ Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш арыстарын жақсы таниды. Бірақ Тобанияз туралы көп айтыла бермейді…
– Тобанияз Әлниязұлы – Адай уезінде жастай атқа мінген азамат. Бұл кісі 1910 жылғы «иттің жылы» деп аталатын ұлы ашаршылықта халықты аштықтан құтқаруға көп еңбек сіңірген. Ол кезде ат үстінде жүрген кезі. Болыс болған. Патшадан көмек сұрап, осы елге көп қамқорлық қылған тұлға. Одан кейін революция болды. Біздің елге Әліби Жангелдин кемемен келіп, Бозашыда сиез өткізеді. Сиезге адайдың кілең би-болыстары қатысады. Сол кезде ревком қылып Тобаниязды сайлап кетеді. Қара халық Тобаниязды хан деп есептейді. Тобанияз Әлниязұлы халықты далада басқарады. Үкімет оны қалаға әкелгісі келеді. Бірақ Тобекең: «Мен халықтың ішінде болуым керек. Дау-дамайды елдің ішінде, халықтың арасында отырып шешуім керек», – деп қалаға бармайды.
Бұл кісінің ең үлкен еңбегі – 1921 жылғы аштықтан елді аман сақтап қалуы. Одан кейін генерал Толстовтың армиясына қарсы адай әскерін құрып, елді тонаудан қорғауы. Қысқартып айтқанда, өзі Кеңес Одағына қызмет ете жүріп, халық үшін үкіметтің әскеріне қарсы оқ атады.
Тобекеңнің ауыз толтырып айтатын тағы бір еселі еңбегі – 1870 жылғы адай көтерілісінен кейін адай уезін патша өкіметі төртке бөліп тастаған болатын. Тобанияз төртке бөлініп қалған адай уезін, Маңғыстауды Қазақстанға қайта қосты. Бұл еңбегі ешқашан ұмыт болмайды. Тағы бір айта кететін дүние: Тобанияз – Орталық Азия мен жаугершілікті тоқтатқан, өзі мәмілегер болып барған, достың да, дұшпанның да көңілін тапқан, Алашорда әскеріне ат берген қайраткер. Батырдың кейінгі тағдыры белгісіз. 1929 жылы ұсталып, ізім-қайым жоғалып кеткен. Әлі күнге дейін сүйегінің қайда қалғаны жұмбақ.
– Тәуелсіз ел болдық. Бірақ қазақ тарихының ақтаңдақ беттері әлі толық ашылып болған жоқ. Аштыққа да, репрессияға да саяси баға берілмеді. Не кедергі?
– «Бұған дейін қазақта мемлекет болған жоқ, шекара болған жоқ» деген әңгімелердің қайдан, қалай айтылып жүргенін білетін шығарсың. Міне, осындай кедергілердің кесірінен қазақта деколонизация үдерісі жүргізілген жоқ. Құлдық сана етімізден өтіп, сүйегімізге жеткен. Қаймағымызды сыпырып алғаннан кейін көк су болып қалғанбыз ғой. Соның қырсығынан әлі арыла алмай келеміз. Руға бөлінеміз, жерге тартамыз дегендей… Ұлттық деңгейге көтеріле алмай отырмыз.
2011 жылы Әлихан Бөкейхановтың 145 жылдығы болды. Жігіттер шақырды. Астанадан Әлиханға арналған конференцяны өткізетін зал табылмады. Келісіп қойған азаматтардың бәрі бас тартады. Біреулер қоңырау шалып, сес көрсеткен. Қазақтың өткен тарихына, ақтаңдақ беттеріне осындай көзге көрінер-көрінбес кедергі жасалып жатыр. Мысалы, Алаш арыстарының ақталмауы, Желтоқсан ақиқатының ашылмауы, Жаңаөзен қырғынының айтылмауы, ашаршылыққа баға берілмеуі – бәрі біздің биліктің тарихқа жасап отырған қиянаты. Көрші мемлекеттер азуын көрсеткен соң ғана Қазақ хандығының 550 жылдығы деген сияқты даталарды атап өткен болды. Өз тарихымызды, тарихи тұлғаларымызды әспеттей алмаған соң, көрші елдер басынбағанда қайтсін? Ресей анау – біздің аузымызды бағып отырған. Солардың қоқан-лоқысына шыдамай, өз ұлтымызға өзіміз әлі қара күйе жағып отырмыз.
– Сізді жұрт «Айт-Ман» деп атайды. Светқали мен Айт-Манның еш ұйқасы жоқ сияқты…
– Лақап ат қой. Әбіш ағам, Кекілбаев қойған әдеби лақап есім. Бұрынғы шайырлардың бәрінде лақап ат болған. Басқа халықтардың әдебиетінде де мұндай дәстүр кездеседі. Бала кезімде шежіреші-тақтақ Жұбан Сәрсенұлы «Ақкөйлек» деп атайтын. Студент кезімізде Бауыржан Момышұлы «Жарқынғали» дейтін. «Әбу Нысан» деген бүркеншік есімім де болды. Әбіш көкем «Айт-Ман» деген әдеби тахалус таңды. Айт-Ман – ақсүйек тұлғалы, бекзада болмысты ақын дегенді білдіреді дейді. Өзімді-өзім бұлай мақтағаным дұрыс емес шығар. Бірақ Әбіш көкем маған осындай ат қойып кетті.
– Алматыдан, әдеби ортадан алыстасыз. Жастық шағыңыз өткен шаһарды, Жазушылар одағын төңіректеген кіл мықты әдеби ортаны сағынатын шығарсыз?
– Кеудеңе бұлбұл қонақтап,
Сол жерде ғажап нұр бардай.
Енуші ек біздер одаққа,
Мешітке кірген діндардай, – деген өлеңім болған. Бұл менің жастық шағымдағы, осыдан қырық жыл бұрынғы көңіл күй. 1979 жылы алғаш рет Алматыға бардым. Одақтың қарсы алдындағы бақтың арасынан сығалап, бір жарым ай бойы кіре алмай кеттім. Батылым жетпеді. Жарасқан Әбдірашты, Жұбан Молдағалиевті, Ғабит Мүсіреповтерді сыртынан көрдім. Оларды көру адамның бойына үрей туғызып, алапат құрмет туғызады екен. Әуелде Жазушылар одағы сондай киелі орда еді ғой. Оның шарапатын да, шапағатын да біз көрдік. Сол жерде ағалармен таныстық, дәмдес-тұздас болдық. Сол кісілердің батасын алдық, бойымыз үйренді.
Ол кездегі Алматының жөні бөлек еді. Қазір оның иісі де жоқ. Иісіне дейін бөлек еді ғой, шіркін! Алматыға барған сайын, арнайы уақыт бөліп, өзіміз оқыған ҚазҰУ қалашығын аралап қайтамын. Сағынамын! Цикл өлеңдер жаздым. Жастық шақ деген адамның бейіш ғұмыры екен.
Бұрынғы Жазушылар одағы мен қазіргі одақты салыстыра алмайсың. Бұрын рухы биік, еңселі үй еді. Қазір бәрі қаңырап тұрғандай…
– Сіздердің жас кездеріңізде аға буын өздерінен кейінгі жастарға қаншалықты көңіл бөлетін еді?
– Он тоғыз жасымда сол одақта тірі классиктермен кездесу өтті. Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әбділда Тәжібаев, Әбу Сәрсенбаев, Қалижан Бекқожин, Жамбылдың хатшысы болған Қасым Тоғызақовтарды тірі кездерінде көрдім. Жас ақындардың алды Мұхтар Шаханов 39 жаста, соңы мен – 19 жастамын. Өлең оқыдық. Сонда Ғабит Мүсірепов тұңғыш рет менің өлеңім туралы сөйледі. Соның өзіне төбеміз Алатаудан асып, Найзақарадан өтіп кетті. Ол кездегі аға буынның жастарға деген ілтипаты ерекше еді. Хамит Ерғалиев ағамыз біздің елге келген бір сапарында облыстық газеттен менің өлеңдерімді көреді екен. Содан өлеңдерімді Алматыға алып кетіп, бұрынғы «Лениншіл жасқа», қазіргі өздеріңнің газеттеріңе шығарған. Ал қазір аға буын мен жастар арасында байланыс аз. Есенғали Раушанов жас жігіттерді үйіріп алатын. Ұлықбек ағамыздан да сондай жылымық байқаймын. Мен барынша әділ болғым келеді, ағаларымнан көрген өнегені артымнан ерген інілеріме көрсетсем деймін.
– «Сопылық жолға түскелі бері Светқалидың өлеңі өзгеріп кетті, бұрын рух бар еді, қазір жалын жоқ» деген әңгіме айтылып қалады. Осы қаншалықты қисынды әңгіме?
– Керісінше, «Светқали сопы болғалы өлеңі рухтанып кетті, терең жазатын болды» деген пікірлер де бар. Ондай әңгімелерді де қосып қойыңыз!
Менің ұстанған жолым – ата-бабамның жолы, Құл Қожа Ахмет Ясауидің жолы. Құл Қожа Ахмет Ясауи қылуетте отырып 4444 хикмет жазған адам. Адамзатқа сондай алтын қазына сыйлаған ғұлама. Ол кісінің шәкірттерінің бірі – Жалаладдин Румидiң «Мәснауиін» әлі күнге дүниежүзі таласып оқиды. Жүніс Әміренің 700 жылдығына байланысты Түркия «Жүніс Әміре жылын» жариялады. Мен бір кітабын аудардым. Кітапты Түрік академиясы шығарды. Түркістанда тұсаукесері өтті. Оған Түркия ұлы ұлттық мәжілісінің төрағасы Мұстафа Шентоп келіп, тұсауын кесті. Соған қарағанда менің руханият жолындағы өлеңдерім сорлап қалмаған шығар деп ойлаймын. Адамның жасына қарай өлеңінің күрделене түсуі заңды құбылыс. Жұмекеннің Мәскеуге дейінгі өлеңі бір бөлек, Мәскеуден келгеннен кейінгі поэзиясы өзгеше әлем. Өтежан да солай. Мұқағали 45 жасында өліп қалмағанда, ол да бөлек құбылысқа айналар еді. Төлеген де ерте жанып кетті.
– Сіз сопылық жолдасыз. Біздің елде сопыларға толықтай еркіндік берілмейді. Басқа сопылар қудаланды. Ал сіз, құдайға шүкір, аман-есенсіз…
– Мен де қудаландым. Өздеріңнің «Жас Алашқа» 2011 жылы «Басқан ізім аңдулы, телефоным тыңдаулы» деген екі бетке шыққан цикл өлеңдерім бар. Тігіндіні ақтарып қарап оқып шықсаң, менің қандай қуғын көргенімді білесің. Беттерін жыртып тұрып айтқанмын. Мен көрген қуғынды қазақтың бірде-бір ақыны көрген жоқ бұл дәуірде. Құдайдың жәрдемі, жер басып жүрміз. Өзің қарашы, бауырым, дүниені аласапыран қылып отырған салафиттерге ерік беріледі, бизнестеріне жол ашық. Серкелері парламентте отырады, телеарналарын ашып береді. Ал менің ата-бабамның жолын жабады. Әбу Ханифа дейміз, ол кісі сопының басы. Біздің мәзһабымыздың басындағы Әбілмансұр Матруди да сопы. Осыларды Ясауиден бөліп алғанда не болды? Бұл жерде саясат ойнап отыр. Себебі Құл Қожа Ахметтің жолы келсе, ғылым мен білімге, өнерге жол ашылады. Ясауи жолы келсе, салафиттердің жолы жабылады. Бар мәселе сонда. Бірақ қазір билік салафтардың қолында. Құдайдың шырағын салафтар сөндіре алмайды.
– Қазір қудалауда жүрген адамға ұқсамайсыз…
– Жоқ, қазір тынышпын. Бұрынғыдай емес қой, қазір. Мені қуғанда не істейді? Басымды шауып тастаса да, тілімді кесіп, қаламымды тартып ала алмайды. Мені қуса, құмалақ түспейді. Шетелмен байланысым жоқ, көлденең қаражатым жоқ. Қудалауда жүрген жылдары мен бүкіл зиялы қауымды көтердім. Мекемтас Мырзахметұлы, Шерхан Мұртаза, Әбіш пен Фариза, Есенғали мен Несіпбек Дәуітаевқа дейін көтердім, бәрі мені қолдап ашық хат, мақалалар жазды. «Жас Алашқа» да шықты.
– «Хан кегі» деген шығармаңыз қойылып жатыр. Қай хан туралы? Аймақтағы театрдың шығармашылық деңгейі қалай?
– Бұл – Әбілқайыр ханның кегі. Тарихи, танымдық дүние. Қазір аймақтағы театрлардың шығармашылық әлеуеті жаман емес. Батыс Қазақстанның театры ақсап тұр. Режиссер тұрақтамай ма, сондай бір түйткілдері бар. Ақтөбе театрына құрылыс жұмыстары жүргізіліп, театр жұмыс істемегелі біраз уақыт болды. Біздің Маңғыстау театры батыс аймақтар бойынша көш басында. Театр директоры Гүлсина қарындасымыз кеше ғана Түркиядан халықаралық сыйлық алып келді. 15-16 жылдан бері 120-дан аса шығарма қойылды. Мұның бәрі үлкен еңбек. Театр әртістері республикалық телеарналарда кинофильмдерге түсіп, жарқырап жүрген жұлдыздар. Маңғыстау театры үлкен мектеп болып қалыптасып келе жатыр.
– Өткен аптада Арон Атабекті соңғы сапарға шығарып салдық. Енді Аронның өзімен бірге Шаңырақ шындығы да өле ме?
– Жоқ, Аронның тұлғасы уақыт өткен сайын биіктейді. Аронның өлімі – қапы өлім. Көзіміз бақырайып тұрып, бір ақынға араша түсе алмай, оны өлімге байлап беру – тарих алдындағы қарабет болғанымыз. Аронның өлімі – келесі ұрпақ алдындағы бетіміздегі таңба, жүрегіміздегі жара.
Арон түрмеге батыр кейіпте кіріп, тірі аруақ болып шықты. Билік концлагерьден шығарғандай, оны қорқып, аруақ кейпінде түрмеден шығарып тастады. 55 күн үйінде жатып, көз жұмды. Бірақ өзіне артылған қылмыс, жабылған жаланы мойындамай кетті. Тас түрмеде қанша қорлық көрсе де, өмірінің соңына дейін берілген жоқ, сынған жоқ. Түрмеден тірі аруақ болып шығып, аруақтар әлеміне сол күйінде аттанды. Есіл ерім-ай! Еске алсам, жүрегім езіліп кетеді.
– Тәуелсіздік алған 30 жылда біз не жасадық, не жасай алмадық?
– Біз 30 жылда коррупциялық үлкен мекеме құрдық. Қанша жерден халықаралық қауымдастықтарды мойындаттық, Еуроодаққа билік жүргіздік, шекараны шегендедік дегенімізбен, ішімізді шегендей алмаған соң, сыртымыздың бүтін болғанынан не қайыр? Ішіміз іріп жатыр. Көзапара ұлттан айырылып барамыз, кейінгі ұрпақ бөтен елдің тілінде сөйлейтін болды. Құзғындардың жемсауын толтырдық. Өтірік есепке сенетін, өтірік жоспар құратын, өз елін өтірікпен тойдыратын елге айналдық. «Бұдан да жаман күнімізде тойға барғанбыз» дейтін кешегі шалдардың көзін көрген адам едім. Құдайға шүкір, бұдан да жаман күндерді бастан өткеріп, бұдан да жаман кезімізде ел болдық қой. Бұл күндерден де өтетін шығармыз. Төрткіл дүниенің етегін жиғызған түркі мәдениеті құрып кетеді дегенге сенбеймін. Әлі-ақ үлкен ел болып кетеміз деген сенімі бар адаммын.
– Әңгімеңізге рақмет.
Жарас Кемелжан