Талғат Теменов, кинорежиссер: Кино түсіруіме аяғымды тұсаулап тұрған – жемқорлық

97

Еліміздегі  кино  саласы  қалай  дамып  жатыр? Ұтқанымыз  не,  ұтылғанымыз  қайсы?  Деңгейіміз  қай төңіректе?  Рас, кино  түсіру  айтуға  оңай  болғанмен,   мехнаты  көп тірлік. Сондықтан  бұған  кез келгеннің   жүрегі  дауалап  бара  бермесі  хақ.  Және де  ол   кім көрінгеннің ермек  ететін  саласы  емес.  Десек те,  осы  салада  аты  шыққан, жұртқа  есімі  мәшһүр    болған  кинорежиссерлер   жоқ емес.  Соның  бірі – Талғат  Теменов.  Оның атын  атап,    түсін  түстеп,   елге  таныстырып  жатудың қажеті  жоқ.  Ол  баяғыда    халыққа  кеңінен  танылып  үлгерген  бірегей кинорежиссерлердің  бірі.  Сонымен, бүгінгі  әңгіменің   иесі  – Талғат Теменов.

— Талғат аға, «Театр альманағы» атты пьесаңыз Түркияда жарық көріп жатыр екен, құттықтаймыз! Осы еңбегіңіз жайлы тілге  тиек ете  отырсаңыз.

— Бұл пьесаны жазуға баяғыдан бері көкейде жүрген ойым түрткі болды. Ол ойым Абай мен Пушкиннің рухани достығынан туындады десем де болады. Мәселен, Абай Пушкин қайтыс болғаннан кейін, яғни сегіз жылдан соң өмірге келді. Бірақ Пушкинді Абай өзіне рухани досы етіп алды. Егер рухани досы болмаса, Абай оны аудармас та еді. Сондай-ақ орыс жазушыларының ішіндегі, әсіресе Крылов, Лермонтов,  Пушкинді Абай ыждағатпен аударды. Солардың ішіндегі ерекше шоқтығы биігі Евгений Онегиннің «Татьянаның әні» болды. Татьянаны Абай соншама жақсы көріп, оны өзіміздің қазақи түсінікке, сазға, әуезге лайықтап ғажап ән жазды. Сондықтан Абайдың Пушкинге рухани дос еместігіне өз басым қосылмаймын. Рухани дос дегеніміздің өзі адамдардың бір-бірімен кездесіп араласуы, дастархандас болуы, бір-біріне қонақ болуы міндет емес.

Рухани достық – бір жазушының ойымен ойың ұқсас болуы. Мен осы рухани достықты негізге ала отырып, пьесамда Абай мен Пушкинді, Абай мен Татьянаны кездестіремін. Яғни бұл көркем дүниені стереотипті ұғымнан шығарып жібердік. Бұл дүниені жазу үшін алдымен Мұхтар Әуезовтің ұлы Мұрат Әуезовпен жолықтым. Ол кісі қатты қуанып, маған қанат бітіріп,  қолдау білдірді. Бірақ біраз адам бұл пьесамды көріп, «ендігі жетпегені Абай мен Пушкиннің кездесуі еді, Татьянамен жолықтырғаны да шектен шыққандық» деп қатты таңғалғандар да болған. Көркем дүние болған соң, онда тұрған ештеңе жоқ деп те ойлаймын. Өйткені Лос-Анжелесте Чеховтың бір пьесасын көрген болатынмын. Ол пьесада кейіпкерлердің арасына Чеховтың өзі кіріп кетеді. Өз кейіпкерлерімен сөйлеседі. Оны көріп, «бұл қалай?» деп мен де таңғалдым. Бірақ режиссер-драматургтың сондай ерлікке барғаны мені қатты тәнті етті әрі сол секілді әрекетке мен де бардым. Дегенмен еңбегім еш кетпеді. Өйткені Түркияда бұл альманахтың құрамына көптеген театр сыншылары, драматургтер, көптеген ғалымдар кірген. Әрі еңбегім мықты сарапшылардың тексеруінен де өтті. Өз басым бұған ризамын.

— Қазіргі таңда шығармашылығыңызда қандай өзгерістер болып жатыр?

— Алдағы уақытта «Қара қыз» деген үлкен жобаны қолға алып жатырмын. Бұл 1943 жылғы соғыс кезіндегі оқиға туралы болмақ. Жалпы, бізде соғыс туралы кинолар көп деп айта алмаймын. Әрі соғыс туралы кинолардың көбісі Мәншүк, Әлиялар туралы болатын. Ал менің түсіріп жатқан кином оператор қыз туралы. Бұл кинода әкесі мен баласының тағдыры да бар. Яғни әкесі мен баласы соғыста жараланып, госпитальға түседі.  Аралары 150 метр қашықта болып, екеуі бір-бірін көрмейді. Ақырында әкесі баласының жатқанын біліп іздеп келгенімен, баласы оны көрмейді. Тек соңғы сәтте әкесінің қайтыс болып, зембілде кетіп бара жатқанында ғана кездестіреді. Бұл патриоттық, адами әрі бүгінгі экрандағы образдың қандай екенін көрсететін үлкен дүние болады деген үмітім бар. Әрі оны оқыған жұрт та оң көзқарастарын білдіріп жатыр. Сценарийді толық бітіп аяқтаған соң, соңғы жиынымыз болады. Содан кейін, бұйырса, келесі жылы киноны түсірсек деген жоспарымыз бар. Бұл үлкен жобаны «Мосфильммен» бірге түсірсек пе деген ой да жоқ емес.

— Не себепті киноны аз түсіресіз? Әлде «Екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді» демекші, кино мен театрды қатар алып жүру қиындық туғызып жатыр ма?

— Киноны аз түсірсем деген ойым жоқ. Негізі, 2005 жылы «Көшпенділер» фильмінен кейін Ғабит Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театрына басшы ретінде сайландым. Сол уақыттарда елдің де, жұрттың да, президенттің басты мақсаты қазақ театрын әлемдік деңгейге көтеру болды.  Осындай жауапкершілікті алған соң, ТЮЗ-дағы актерлердің құрамын жастармен толықтырдым. Сол кездегі актерлердің құрамы қазір аңызға айналды десек болады. Бұл жөнінде Мұхтар Құл-Мұхаммед «Теменовтің кезінде істеген актерлердің жұмыс жасаған уақытын «алтын кезең» деп айтуға болады» деп, «Егемен Қазақстан» газетіне жазған еді. Бұл да бір жетістік. Ал одан кейін Нұр-Сұлтандағы Қуанышбаев атындағы театрға ауысып, оны да көтердім. Оған қаншама күш-қайрат жұмсадым. Елбасына театрға жаңа ғимарат, қызметкерлеріме пәтер сұрап, айлықтарын көтеру жөнінде мәселелерді айттым. Ешқашан жеке басымның мәселесін айтпаппын. Бірақ елбасына осы мәселелерді айтқан соң, бір айдан кейін президент жолдауында театрды көтеру жайында айтып, бізге жаңа ғимарат берді.  Әрі қызметкерлердің айлықтары да көтерілді. Бұл үшін мен мақтанамын. Сол секілді Жүргеновте, Қазақстанда болмаған жағдайды жасадым. Тағы бір мақтанатын нәрсем –  кезінде Кеңес Одағы ыдырап, 1995 жылы Москваға барып, Қазақстанда жоқ мамандықтарды алып келдім. Сөйтіп, кино саласынан 13 мамандықты аштым. Енді, міне, солардың қызығын бүгінгі жас режиссер, операторлар, сценарийстер, гримерлар, кино суретшілер көріп отыр. Бұны біреу білсе, біреу білмес.  Істегенімді біреу білсін деп те жатқан жоқпын. Көретін адам көргісі келсе, көреді. Осылайша көп кино түсіруге мүмкіндігім болмады.

— Демек, бар салмақты театрға салдым дейсіз ғой…

— Әрине, 2005 жылдан бастап екі үлкен театрға көп күш жұмсадым. Оның ішінде Ғ.Мүсірепов театрын тек қана Қазақстан аймағына ғана емес, Москва, Орынбор, Түрікменстан, Қырғызстан, Корея, Түркия мемлекеттеріне түрлі фестивальдарға апардым. Қуанышбаев театрын да Москваға екі мәрте апарып, екеуінен де бас жүлдені ұтып алды. Бұл әрі жетістік, әрі театрға көп күш салғанымның куәсі деп айта аламын.

— Не себепті театрға жастарды ғана жинадыңыз?

— Себебі көрерменнің басым көпшілігі 14 пен 25 жас аралығында болды. Мәселен, жас қыздар әдемі актер жігітті көруге келсе, әдемі жігіттер жас актриса қыздарды көру үшін келеді. Кино көрсек те, бірінші рөлдегі адамдардың сұлулығына қараймыз ғой. Сондықтан жастар қойылым арқылы, рөлдегі кейіпкерлер арқылы сұлулықты, өнегені, ақылдылықты, нағыз махаббатты қабылдайды.  Сол арқылы рухани дамиды. Мәселен, балаға кішкентай кезінде ата-анасы, әжесі ертегі айтады. Оны тыңдаған бала ертегінің жалғасын түсінде көреді. Кішкене кезінен ертегі естіп өскен бала романтик болып өседі. Ал ертегі тыңдамаған баладан романтик шықпайды. Сондықтан баланы кішкентайынан романтик ретінде тәрбиелеуіміз керек. Романтик дегеніміздің өзі – сұлулыққа, жақсылыққа, мейірімділікке, өнерге жақын болу деген сөз. Егер қоғамда романтиктер көп болса, қоғам сұлулана түседі. Романтикаға жақын емес адам Отанды сүйе де алмайды, қатыгез болады. Сондықтан актерлер, біріншіден, талантты болуы керек. Екіншіден, келбеті көркем болуы қажет. Өйткені сахна мен экран сұлулықты ғана дәріптейтін жер.

–  «Судағы із» атты телехикаясының соңы неге аяқталмай қалды?

— «Судағы ізді» түсіру үшін басында «Евразия» телеарнасының басшыларымен бірдей сомаға келіскен болатынбыз. Сол кездегі президент әкімшілігінің орынбасары маған екінші ақшаны бөлгізбей қойды. Сол себепті телехикаяның 12 сериясын түсіріп, қалған 12 бөлімін түсіре алмай өкіндім. Халық та «неге аяқталмады?» деп сұрайды. Бұл маған да, халыққа да жасалған қиянат деп білемін. Бірақ ол басшы осы секілді басқа жасаған қиянаттары үшін мал-мүлігі тәркіленіп, сотталып кетті. Бұндай қызметін пайдаланатын басшылар ұзаққа бармайды. Менің аяғымды кесемін деп, өз аяғын да кесті. Осылайша телехикая аяқталмай қалды. Халықтың бұл телехикаяға берген бағасы да ерекше болып еді. Егер қайта түсіруге қаражат болса, сценарий де дайын. «Судағы із» телехиякаясын ретростильде түсіру үшін арнайы оптика, фильтрлер қолдандық. Осы фильтрлерді табу үшін күні-түні іздендік. Тіпті Москвадан, Қытайдан да аппараттар алдырдым. Бірақ бір түсінгенім, ақшаны бөлгізбей отырғанының себебі – оларға сапа емес, бірлік керек болған екен. Яғни фильм басталды ма – басталды, бітті ме – бітті деген секілді. Ал киноны кім көрді, халық қалай бағасын берді, рухани азық бере алды ма деген секілді дүниелер қызықтырмайды екен. Тек оларға қағаз жүзінде ғана есеп керек.

Егер шенеунік соқыр болса – халықты надан қылады, көзі ашық болса –  халықты бақытты қылады.  Бұл өмірде екі нәрседен құтыла алмаймыз ба деп қорқамын.  Олар топас шенеуніктер мен барлық жерді жайлаған жемқорлық. Бұл ауру әзір жойыла да қоймайды-ау. Өйткені адамның санасын, түйсігінде алып қалу, жеп қалу деген секілді ойлар болса, қоғам ешқашан дамымайды. Көзі ашық адам деген ол Англияда, Лондонда оқып келгеніне, дипломына байланысты емес. Екі ауыз ағылшын тілін білгені кімге керек, оқығаны болып, тоқығаны болмаса. Көзі ашық адамның түпсанасы таза болу керек.  Міне, осындай көзі ашық, ойы таза адам билікке келіп, киноның жалғасын түсіруге көмектесіп жатса, фильмді қайта жалғастыруға болады. Ал әзірше «Судағы ізді» кинороман ретінде жазып жатырмын.

— Сонда кино түсіруіме аяғымды тұсаулап тұрған жемқорлық дейсіз ғой…                                                            

— Жемқорлық тек кино саласында емес, барлық жерді жайлаған. Жайламаған жері де жоқ. Соның ішінде жемқорлық өнерде толып жатыр. Киностудия, эстрада, мәдениет ошақтары, театрды жемқорлық басып, қаншама адам былықты. Бұның бәрі сананың дұрыс болмауынан дер едім. Дүниедегі ең биік нәрсе – табалдырық. Хан да, қара да табалдырықтан кірерде аяғын көтеріп кіреді. Ал ең биік сөз – шүкір айту. Осы екі ұғым болмаған кезде жемқорлығың да, қылмысың да осы екі нәрседен басталады. Кино түсіруіме аяғымды тұсаулап тұрған жемқорлық болған соң, фильмдерім аяқсыз қалып отыр. Егер 12 сериядан кейінгі қаншама материалдарымның түсірілмейтінін білсем, басында бәрін біріктіріп жіберетін едім. Енді қаншама уақыт өтіп, актерларым да есейіп кететін болды.

— Кейінгі уақытта тарихи фильмдерге көрерменнің көңілі тола бермейтінін естіп, біліп жүрген шығарсыз. Тарихи киноларда кететін басты қателік неде деп ойлайсыз?

— Біріншіден, сценарийлердің нашарлығынан. Мәселен, «Қыз Жібек» киносының құпиясы сценарийінде. Оны ұлы жазушы, драматург Ғабит Мүсірепов жазған. Ал бізде ше? Кеше ғана бір сценарийді Ақан Сатаевтың «Томирис» фильміне түскен актрисасы драматург ретінде жазыпты. Ойпырмай, «Талай әкесін сабағанды көрдім. Бірақ арбаға әкесін байлап қойып сабағанды бірінші рет көрдім» демекші, мен де талай сұмдықты көрдім. Ал дәл мұндай сұмдықты, жай актрисаның әлемдік драматургияға қол сұғып, жазғанына таңғалдым. Бұны «шектен шыққандық» дейді. Сценайридің жоқтығының себебі деп осыны айтады. Ал салдары неде? Оның ар жағында қазіргі таңда бізде ұлы драматургтың жоқтың қасы дер едім. Оның себептері де көп. Мәселен, елдің экономикасын көтереміз деп жүріп, мәдениетімізге көңіл бөлмедік. Сондай-ақ 30 жылдың ішінде мәдениет пен білім министрлері көп ауысты. Осылайша білім мен мәдениет қараусыз қалды. Жалпы айтқанда, осы екі министрлікті келімсектер басқарған министрлік дер едім. Басында таланттарды тәрбиелеуіміз керек еді. Күшік екеш күшікті де тәрбиелеуге болады. Өнер, мәдениет плентустан төмен түсіп кеткеннен кейін көбісі заңгерлікке, кеден ісіне т.б. лауазымды мамандықтарға кете бастады. Қоғамдық сана өзгеріп, өнердің рөлі жойылып кетті. Сол үшін бізге білім мен мәдениетті, медицинаны көтеру керек. Осы үш сала мықты болған кезде біз ешкімге берілмейміз. Елден кетіп жатқандардың да себебі – осы.

— «Көшпенділерді» түсіргенде сіздің салмағыңыз қаншалықты басым болды? Режиссер ретінде сөзіңіз сол кинода қаншалықты өтті?

— Мен сол кездегі «Қазақфильмнің» басшысы болған адамдарды, продюсерлерді, Рустам Ибрагимовтың балағынан кіріп, жеңінен шыққан комитеттегі адамдарды әлі күнге сыйламаймын. Өйткені олар қазақ киносының ар-ожданын сатты. Егер съемка басталардан бір ай бұрын драматург Алик Манжеев екеуміз сценарийді жазбағанда, тіпті «Көшпенділер» киносын түсіруге жете де алмас едік. Рустам Ибрагимов пен Мансұр Ералы екеуі дұшпан болатын. Екеуінің дұшпандығы киноға кесірін тигізді. Оларды Қазақ елінің рухани байлығын байлағандар деп есептеймін.

— Өзіңіз жүрекке тиетін киноны түсіру ойыңызда бар ма?

— Қолымда 3-4 сценарий тұр. Қаражат болса, түсіруге дайынмын. Мысалы, мен де «Томиристі» жазғанмын. Өте жақсы жазылған еді. Тағы «Сақ елінің аруы» атты сценарийім де бар. «Алтын кездік қап түбінде жатпас» деп күзде дайын дүниелерімді Абай.kz-ке жариялауым да мүмкін.

— Әңгімеңізге рақмет.

Бифат ЕЛТАЕВА