Азаматхан Әміртай: «Жасыл әлем» партиясы агрессиялық саясат ұстанбайды

81

Қазақстан қоғамында тағы бір партия құрылмақшы. Қазір оның алғышарттары жасалып жатыр. Ол  –  «Жасыл әлем» деп аталады. Біз осыған орай Қазақстандағы экологиялық мәселелерге қатысты батыл ойларын айтып, жасылдар партиясын құруға ынта білдіріп жүрген «Байтақ Болашақ» экоальянсының  төрағасы Азаматхан Әміртайға бірқатар сұрақтар қойдық.

–Жасылдар партиясын құрудың қажеттілігін Қазақстан халқы қаншалықты сезініп отыр?

–Әлемде экологиялық мәселе – ең басты орында. Ал адамзат одан ары өмір сүруі үшін планетаны аман сақтап қалуымыз керек. Мұның барлығы біреулерге күлкілі, екіншілерге түсініксіз болуы мүмкін. Бірақ бұл – қате. 2050 жылдары теңіз, мұхиттарда тіршілік атаулы жоғалады деген болжам бар. 2030 жылы әлем +2 градусқа жылиды. Ал ғалам +3 градусқа жылынса, үлкен дағдарысқа кезігеді. Әлемде бүгінде 7 миллиард 600 миллиондай адам өмір сүреді. Өндіріс дамып жатыр. Мұның барлығы климатқа әсерін тигізуде. Он тоғызыншы ғасырдың соңында әлемде 1 миллиардтың шамасында адамдар тұрды. Ал бүгін халықтың саны 7 миллиардтан асты. Халықтың саны жеті есе өсті. Бұл  өсім де климатқа әсерін тигізеді . «Интеграциялық бірігу процесі керек» деп айтқанымызбен, әр мемлекет қазір өзінің амбициялық саясатын жүргізіп отыр. Жанталаса қарулану күшейді. Мұның бәрі де экологияға төнген үлкен қауіп. Ал тарихта талай апат пен сынақ, жарылыстар болды. Одан орасан зор зиян шектік. Демек, экология білімі, білігі, парасаты бар адамдардың ортақ бірігуіне алып келеді.

Ал Қазақстан ғаламнан тысқары өмір сүре алмайды. Оның үстіне біздің ата-бабаларымыз экологияға жақын, көшіп-қонып, табиғатпен етене жақын өмір сүрді. Бірақ қазіргі жағдай басқа . Біз экологияға қатысты әлемдік келісімдердің барлығын да заңды түрде бекіттік. Бірақ оны қазір орындап отырмыз ба? «Жасыл экономика», «табиғатты қорғау керек» деп мінберлерден жиі айтамыз. Бірақ бірде бір ісімізді жүйелі түрде жасай алмай отырмыз. Бүгінгі таңда бұған көзіміз анық жетіп отыр: ол үшін бізге тек  саяси партия керек.

«Жасыл әлем»  партиясын халық қаншалықты қолдайды?

–Біздің  ойымызша, халықтың 20 пайызы бізге дауыс береді.

Оны қандай деректерге сүйеніп,  сенімді  айтып отырсыз?

–Біріншіден, бізді аға ұрпақ пен орта буын өкілдері толық қолдайды. Екіншіден әйел –аналардың басым бөлігі бізге сенім артады. Өйткені олар күнде тікелей экологиялық проблемалармен бетпе бет кездесіп отыр. Біздің қолдаушыларымыз – білімді, сауатты, түсінігі мол, жаман мен жақсыны айыра білетін адамдар.

–«Жасыл әлем» партиясы тіркелмей тұрып, парламентке баратыныңыздарды жариялап жібердіңіздер. Ең алдымен мұны билдік қолдай ма? Басты сауал да осы.

–Партия тіркеуден өткеннен кейін ол заңдық құқықтық күшке ие болады. Сонда ғана мәслихат пен парламенттік сайлауға түсе алады. Бірақ заңда нақты жазылған: партия құрылмай тұрып-ақ, тіркеусіз жұмыс істеуге болады.  Ол – халықтың қолын жинау, ұйымдастыру комтитетінің жұмысы, әртүрлі шаралар мен дөңгелек столдар, жиын өткізу. Иә, заңдылыққа сай партия ретінде тіркелу үшін біз алдағы уақытта қажетті құжаттарымызды тапсырамыз. Бірақ қалай айтқанда да, Қазақстанда жасылдар партиясы пайда болуы керек. Қазірдің өзінде халықтан қол жинау жұмысы жүріп жатыр.

Ал партияда қатарында ел танитын, халықты соңынан ерте алатын зиялы қауым өкілдері бар ма?

–Экологиялық құндылықты жеткізу тұрғысында  біздің мақсатымыз айқын. Ел танитын, халық қадірлейтін зиялы қауым өкілдері арамызда жетерлік. Бізде ақсақалдар кеңесі бар. Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, құрметті президентіміз – Олжас Омарұлы Сүлейменов. Ол әлемдік деңгейдегі тұлға., Семей полигонын жабуда Олжастың еңбегі үлкен. Оны ешкім де жоққа шығара алмайды. Халық соңынан ерді. 3 миллионнан астам адам Семей полигонын жабуға қатысты қолдарын қойды. Президент жарлық шығарды. Семей полигоны жабылғаннан кейін әлемде 5 сынақ алаңы өз жұмысын тоқтатты. Бүгін де экологиялық проблемалар Олжас Омарұлының  назарынан тыс қалған емес. Демек мұның барлығын біз жоқтан жасап отырған жоқпыз. Сондай-ақ, Төрегелді Шарманов, Амангелді Айталы, Ирак Елекеев, Асқар Жұмаділдаев, Сейдахмет Құттықадам сияқты жүздеген танымал азаматтар біздің қозғалыстың, партияның белсенді мүшелері.

Әрине, экологиялық мәселе өте өзекті. Қазақстанда бұл мәселе көкейкесті. Мұндай жағдайда «Жасыл әлем»  партиясы қандай саясат ұстанады?

–Біз ешқашан агрессиялық бағыт ұстанбаймыз. Біздің ұстаным – компромистік саясат. Нақты айтқанда, әрбір агрессия экологияға зиянын келтіреді. Біз бәрімен келісімге келіп, бірлесіп жұмыс істеуге тырысамыз. Ал экологиялық құндылықтың бір ерекшелігі, адамның рухани мәдениетін күшейтеді. Әрине әлеуметтік мәселе ешқашан да ұмыт қалмақ емес. Ақиқатында, экологиялық проблема бүгінгі таңда әлеуметтің жағдайына, денсаулығына да зиянын тигізіп жатқан жоқ па?! Көп балалы аналардың өзі экологияның зиянын тартып отыр. Әрбір екінші туылған бала аллергия ауруына ұшырайды. Ал бұл экологияға тікелей қатысты. Мәселе мынада: біз экологияны қорғай отырып, адамзатты қорғаймыз. Экология бұл–адамдардың ішкен тамағы, киімі, денсаулығы мен таза ауасы, қоршаған орта мен жануарлар әлемі емес пе? Демек, табиғатты қорғау– бұл адамзатты қорғау.  Бұл – жасылдар партиясының басты ұстанымы.

Сұхбатыңызға рахмет!

qamshy.kz