Мемлекет басшысы Тәжікстан президентімен сөйлесті

295

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әңгімелесу барысында мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Тәжікстан арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толуына орай бірін-бірі құттықтады.

Президенттер осы жылдары екі ел арасында көпжақты және өзара тиімді мемлекетаралық байланыстар жолға қойылғанын атап өтіп, қатынастардың стратегиялық серіктестік рухында нығайып келе жатқанын жеткізді.

Тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қарым-қатынастардың, сондай-ақ Қазақстан мен Тәжікстанның халықаралық ұйымдар аясындағы тығыз ынтымақтастығы қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон қазақ-тәжік қатынастарын одан әрі нығайту жөніндегі бірлескен жұмыстарды жалғастыруға дайын екенін тағы да нақтылады.