Моңғолдың көмірі түгіл, қазақтың өмірі ұрланды

723

Ұядай Ұланбатор үш күннен бері ереуілдеп жатыр. Азиядағы ең тыныш ел деп жүрген моңғол мемлекетінің ұйқысын бұзғандар – жемқорлар екен. Жемқорлық пен тойымсыздық, ашкөздік – адамзаттың жауына айналды осы күні.

Әртүрлі ақпарат көздерінде жарияланғандай, Моңғолияда әлдебір ұйымдасқан қылмыстық топ қолға түседі. Олар көмір сатуды көлеңкелі бизнеске айналдырған шенді-шекпенділерден ұйымдасқан мафия көрінеді. Мұны алғашқылардың бірі болып Қытайдың кеден қызметі анықтапты. Моңғолиядан Қытайға жіберген көмір орта жолда азайып отырған. Сөйтсе, ұйымдасқан топ бірнеше жылдан бері көмір ұрлауды әдетке айналдырыпты. Олар осы уақытқа дейін 12 млрд доллардың көмірін ұшты-күйлі жоқ қылған. Заңға бағынған қытай үкіметі ұрыларды ату жазасына кессе, моңғолдар дүйсенбі күні үкімет үйіне басып кіріп, ереуіл атқа ер салды. Моңғолдарда негізгі байлық – көмір ғана. Сол көмірді ұрлап, өмірін жақсартқысы келген шенділерді үкімет үйіне қуып тыққан жоңғардың ұлдарына осыдан кейін қалай сүйінбейсің?

Біздің айтпағымыз – моңғолдың көмірі немесе қытайдың қатал заңы туралы емес. Көмірді вагонымен, мұнайды құбырымен ұрлайтын өзіміздегі үлкен ұрылар туралы айтсақ дегенбіз.

Моңғолиямен салыстырғанда, Қазақстан алтын астаудың үстінде аш отырған мемлекет. Қазақстанның ең негізгі байлығы – мұнайы мен газы, ураны мен көмірі, алтыны мен мысы. Негізгілерін ғана айттық. Менделеев таблицасындағы басқа элементтерді санамай-ақ қоялық.

Қазақстан отыз жылдан бері тоналды. Моңғолдар қанша тонна көмір ұрлағандарын біледі екен ғой. Ал біз қанша байлығымыздың шетел асқанын нақты айта алмаймыз. Қанша мың барелль мұнайымыз құбырмен ағып қытайға құйылды? Қарағандының «қара маржанын» кімдер, қайда сатып жатыр? Кімдер демекші, Кимдер отыз жыл бойы «Қазақмысты» жеке билеп, қазақтың мысын әбден басты. Алтын, уран туралы сөз, тіпті бөлек.

Әңгіме көмірден шықты ғой. Ендеше, таратып көрейік. Қолымызға былтырғы сандар түскен. Өткен жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстан 20,6 млн тонна көмір экспорттапты. Бізден қатты отын сатып алатын елдер негізінен – Еуропа мен Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея сияқты мемлекеттер. Мәселен, бір жылдың ішінде Үндістанға 16,2 мың, Оңтүстік Кореяға 42,2 мың, Мароккоға 33,6 мың, Ұлыбританияға 191,7 мың тонна көмір жеткізіп бердік. Көмір қоры жағынан біздің ел алғашқы ондыққа кіреді, оны да айта кеткен жөн. Жалпы қорымыз – 25,605 млрд тонна.

Шерхан Мұртаза айтпақшы, біз осындай көл-көсір байлықтың үстінде аш-жалаңаш, тоң-сирақтап отырған елміз. Моңғолдар тоналған көмірінің құнын жоқтап жатыр. Ал біз сатылған мұнайдың, ұрланған көмірдің, құрлық асқан мыс пен темірдің құнын кімнен даулаймыз? Кейде қазақтың сол байлықты сұрауға, жоқтауға құқығы жоқтай көрінетіні рас. Өйткені отыз жыл бойы жоқты сұраған жоқшының оңғанын көрген емеспіз. Бірақ «Судың да сұрауы бар» деген қазақы ұғымға сүйенсек, Қазақстанды тонаған нән-нән ұрылардың жауап беретін уақыты келді.

Өткенде Қазақстан президенті Қ.Тоқаев ұлықтау рәсімінде ұрылардың ұйқысын бұзатын сөз айтты. «Келесі маңызды бағыт. Біз әділдікті қалпына келтіріп, елден заңсыз шығарылған барлық активті қайтаруға тиіспіз. Бұл үшін үкімет заңсыз шығарылған капиталды қайтару үшін қажетті рәсімдерді реттейтін заң жобасын әзірлейді. Сонымен қатар, заң жобасы әділетсіз баюға және активтерді заңсыз шығаруға ықпал ететін себептер мен шарттарды жоюға бағытталады» деді. Айдан алып отырған жоқпыз. Тоқаев айтты, енді соның ақырын көру жазсын! Ұлы ұрылардың ұсталып, Әділетті Қазақстанның салтанат құратын күнін қазақ баласы төрт көзбен күтіп отыр.

Шетел асқан ақша демекші, бірер күн бұрын АҚШ-тағы экс-премьер Әкежан Қажыгелдин немістің Bild телеарнасына сұхбат беріпті. Сол сұхбатында өзінің алғашқы бастығы, экс-елбасының отбасы мен сыбайластарына «тиесілі», тұтастай алғанда 300 млрд доллардан астам капитал шетелде жасырулы жатыр депті. Моңғолдардың 12 млрд долларға дүрліккенін естіген Әкежан ағай бізге күлді ме екен?

Күлетін жағдай емес. Ит пен құсқа жем болған Қазақстан отыз жылда қанша байлығынан айырылды? Көмірді қойшы, қазақтың отыз жыл өмірін ұрлаған ұрылар осыған жауап бере ме?

Жарас КЕМЕЛЖАН