«Мылтықсыз майдан» кімге тиімді?

134

Жыл өткен сайын қазақтілді орта үшін өткір болып келе жатқан бір мәселе бар. Ол, әрине, тілге қатысты екені бәріне түсінікті. Осы орайда, бір жайтты айта кетуге тура келіп тұр. Егер ниет, ыстық ықылас пен орынды талап болса, Қазақстандағы мемлекеттік қызметті қазақша сөйлетуге болады.

Қазақтың тілі үшін жан ұшырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге қызмет етіп жүрген Жұлдызай Форт өткен аптада Өскемен полициясын қазақша сөйлетті. Қысқаша айтсақ былай: Жұлдызай Форт Өскемен полиция басқармасындағы қазақ тілінің дискриминациялық жағдайы жөнінде бас прокуратураға және ішкі істер министрлігіне екі рет шағымданған соң, көрсетілген фактілер бойынша  тексеру жүргізілді. Ішкі істер министрлігінің қызметкері Динара Сағиева бірқатар кемшіліктерді анықтап, ШҚО ішкі істер департаменті мен Өскемен полиция басқармасындағы қызметкерлерге тілдер туралы заңнаманың талаптарын түсіндірді. Соның нәтижесінде селекторлық кеңес тек қазақ тілінде өтіп, Өскемен полиция басқармасының жетекшісі Андрей Мула мемлекеттік тілде баяндама жасады.

— Менің ойымша, мұндай жағдай осы басқарманың тарихында бірінші рет болған шығар. Мула мырзаның баяндамасы тек бір реттік науқан болмай, қалыпты іс-шара болады деп үміттенемін, – деді мемлекеттік тілдің жанашыры Жұлдызай Форт.

Міне, орындалатын заңды орындамайтындарды осылай орнына қою керек. Әйтпесе Ресей тілінде сөйлеуді әдетке айналдырып, мәртебе санайтындар көбейіп бара жатқан сияқты. Тіпті мемлекеттік тілді менсінбейтіндер де бар. Олар неге кеудесін көтереді? Мұның себебі неде? Оған ықпал етіп отырған Ата заңымыздағы «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген 7-баптағы 2-тармақАл 7-баптың 1-тармағында«Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп тұр. Міне, осы екінші тармақ бірінші тармақты құртып әрі қазақ тілін тұқыртып тұр.

Қазір қоғамдық орындарда, әсіресе әлеуметтік желіде тілге қатысты «мылтықсыз майдан» жүріп жатыр. Күнде тартыс, күнде айқас. Ең алаңдатарлығы – ана тілінде сөйлейтін қазақтар мен сөйлей алмайтын қазақтар арасында тартыс қызып тұр. «Мылтықсыз майдан» деуіміздің сыры да осы. Ал бұл айқас кімге тиімді? Ең алдымен елімізде тұратын өзге этностарға, орысша сөйлейтін өзіміздің қазақтарға, сонымен қатар Ресейге, ресми Мәскеуге тиімді. Нақты айтқанда, Конституциядағы бірінші тармаққа екінші тармақ қармақ болып тұр.

– «Қазақстан Республикасының  заңнамасында «қазақтар орысша білуі керек» деген норма жоқ. Керісінше, Қазақстан Республикасы Тiл туралы 1997 жылғы 11 шiлдедегі №151 Заңының 4-бабында «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылады, мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы» екені айтылған. Сондай-ақ  Ата заңымыздың  7-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп көрсетілген. Демек, Қазақстан Конституциясында жазылғандай, «байырғы қазақ жерiнде» этносаралық қатынас тілі – тек мемлекеттік қазақ тілі болуы керек, – дейді Жұлдызай Форт.

Ал анығын айтсақ, қазақтілділер мен орыстілділер арасындағы «мылтықсыз майданды» мемлекет өзі қолдан жасап отыр. Мемлекет бір тілде сөйлесе, әлеуметтік желіде айтыс та, тартыс та, айқас та, майдан да, қызу талқы да болмайды. Бірақ бұл әдет отыз жылдан бері  созылып келе жатыр және жалғасын таба береді. Ол үшін тек Конституциядағы 7 баптың 2- тармағын алып тастау керек. Сонда ғана «мылтықсыз майдан» маңызды болмай қалады.

Бір ғана мысал, кеше әлеуметтік желіде титулды ұлт – қазақты менсінбеген Диана Науан дегеннің жазбасы кеңінен талқыланды. Онда автор «сырттан қалаға келген қазақтың басым көпшілігі мәдениетсіз, мал» деп орыс тілінде жазба қалдырған. «Қазаққа осы уақытқа дейін тіл тигізіп, намысын аяққа таптағандар аз болмады. Мұндай өркениетсіз әрекетті қай уақытқа дейін қазақ қоғамы кешіре бермек?! Тәуелсіз Қазақстанның мемлекетқұрушы ұлтының ұлт ретіндегі статусын бұлай төмендетуге ешкімнің де қақысы жоқ!» – деді өз жазбасында Бекболат Қаржан.

       Қазаққа тас лақтырған Диана Науанның пікіріне тойтарыс беріліп, «сотқа тартылуы мүмкін екені» айтылғаннан кейін ғана барып ол кешірім сұрап, жазбасын өшірді. Мұндай мысалдар өте көп. Биылдың өзінде елімізде тұратын қаншама этнос өкілі мемлекетке, қазақ ұлтына тіл тигізіп, артынан үйреніп қалған әдетіне басып кешірім сұрады. Неге бұлай? Олар мемлекетқұрушы ұлт – қазақтың сан жағынан да, сапалық тұрғыдан да өсіп, дамып бара жатқанын қаламайды, жақтырмайды. Күшенетін себебі сол –   Қазақстандағы орыстілділердің артында Ресей тұр. Ал еліміздегі орыстілді қазақтардың әрекеті тіпті түсініксіз. Бірақ біз, қазақтілділер, мемлекеттік тілдің мәртебесінің артуын талап етіп, соған қызмет ете беруіміз керек. Қойылар талап та заң шеңберінде қатал болуы тиіс. Сонда ғана олар түсінеді. Әйтпесе «мылтықсыз майдан» осылай жалғаса береді.

Тақырыпқа тұздық

                               Егер сіз бір елге басшы болсаңыз…

      Шәкірттері Конфуцийден: «Егер сіз бір елге басшы болсаңыз, ең әуелі не істер едіңіз?» – деп сұрапты.

      Конфуций: «Егер мен бір елге басшы болсам, еш әрі-сәрі болмастан ұлттың тілін тәртіпке салар едім», – депті.

      Мұны естіген өзгелер қайран қалып, себебін сұрапты. Сонда Конфуций: «Бір ұлттың тілі бұзылса, сол ұлттың рухы мен әдет-ғұрпы бұзылады.  Егер бір ұлттың рухы мен әдет-ғұрпы бұзылса, халық шарасыздықтан жойылу қаупіне душар болады. Қысқасы, бір ұлттың тілі бұзылса, сол ұлттың келешегінен үміт күтуге болмайды. Мұндай жағдай болмау үшін оның алдын алу өте маңызды»,– деген екен.

Батыр Жасұлан