Назарбаев халыққа үндеу жолдады

411

 Нұрсұлтан Назарбаев халыққа үндеу жолдады. 

«Құрметті отандастар! Ардақты ағайын! 2022 жыл халқымыз үшін күрделі де қатерлі сынақтан басталды. Баршаңызға мәлім, ұйымдасқан экстремистік топтар елімізде жаппай тәртіпсіздік орнатып, террористік шабуыл жасады. Соның салдарынан бейбіт тұрғындарымыз зардап шекті. Қасіретті оқиға кезінде қаза болғандардың жақындары мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Лаңкестер елдігіміз бен егемендігімізге, тыныштығымыз бен тұтастығымызға қауіп төндіріп, жұрттың берекесін қашырды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шұғыл шешімдерінің арқасында ел іргесі сөгілген жоқ. Мемлекет басшысын қолдау — баршамыздың азаматтық борышымыз», — деді ол.

Назарбаев енді осы оқиғадан сабақ алып, мұндай бассыздыққа жол бермеу керегін айтты.

«Бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздіктің отыз жылы ішінде атқарған істеріміз аз емес. Қазақстан әлемге танылған еңселі елге айналды. Ұлан-ғайыр шекарамыз түбегейлі бекітілді. Елімізде іргелі реформалар жүзеге асып, Орталық Азияда көш бастадық. Еуразия жүрегінде, Сарыарқа төсінде жаңа астанамыз бой көтерді. Бірлік барда ешбір жау сағымызды сындыра алмас», — деді Назарбаев.

Экс-президент қазір зейнетте екенін айтты.

«Маған жолданған көптеген хатқа және БАҚ-тағы жарияланымдарға жауап берсем, мен 2019 жылы Президент өкілеттігін Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырдым, содан бері зейнеткермін, бүгінде Қазақстан астанасында демалыста жүрмін және ешқайда кетпедім.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев толық билікке ие. Ол Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы. Жақын арада Президент Nur Otan партиясының төрағасы болып сайланады. Сондықтан элитада жанжал немесе қарама-қайшылық жоқ. Бұл жайлы қауесеттер мүлдем негізсіз», — деді Назарбаев.