ПАРТИЯ ҚҰРУҒА НЕ БӨГЕТ?

133

Біз қандай қоғамда өмір сүріп отырмыз? Осы мәселе кейде толғандыратыны рас. Өйткені біз яғни «Байтақ – Болашақ» экологиялық ұйымы партия болып құрылсақ деп талпынғанымызға біраз болды. Бүгін міне жетінші рет Әділет министрлігіне құжат тапсырдық. Бұған дейін тапсырған құжаттарымыздан олар әйтеуір бір кілтипан тауып, кері қайтарып келді. Бұл жолы не дер екен, көрелік?

Менің айтқым келгені мынау; біздің елде халықтың сөзін сөйлейтін жаңа партиялар тіркелмей ілгерілеу болмайды. Өйткені «Нұр Отанмен», «Ақ жолдан» басқа ресми тіркелген төрт партия «тірі өліктің» күйін кешуде. Сайлау уақытында тірілген болады, ал қалған кезде зым-зия. Ал ана екі партияның жайы белгілі. Биліктің сөзін сөйлейді, биліктің әнін айтады дегендей… Халықтың зары, мұңы, проблемасы олардың қаперіне де кіріп шықпайды. Бір сөзбен айтқанда халық олардан жалыққан, безген. Сондықтан саясат алаңында жаңа тұлғалар, жаңа партиялар өте қажет -ақ. Сол жаңа партиялардың бірі, біз болсақ деп едік. Оның үстінде экологиялық «Жасылдар» партиясы керек. Мұндай партиялар әлемнің алыпысқа тарта елінде бар. Заңды тіркелген. Парламентте депутаттары отыр. Мемлекеттің барлық саласына араласа алады. Бізде ше? Бізде әрең дегенде айқайлап айтып жүріп экология министрлігін құрдық. Бұл аз. Енді экологиялық партия қажет. Экология дегенде ол тек сонымен ғана айналысып, тып-тыныш отырады деп ойласақ қателескеніміз. Біз барлық саланы тең ұстайтын, бесаспап партия болуға тиіспіз. Сонда ғана халық соңымыздан ермек. Қазір «Байтақ -Болашақ» эко аляньсының құрамы 25-40 жас аралығындағы нағыз от болып жанып тұрған жастардан тұрады. Кезінде қазақтың аймаңдай ақыны Мағжан «мен жастарға сенемін» деп бекер жырлаған жоқ. Егерде партиямыз тіркелетін болса, сөз жоқ біз нағыз мемлекетшіл, ұлттың мүддесін ойлайтын, елдің ертеңіне алаңдайтын, халықтың ойдағысын орындайтын халықтық партияға айналар едік. Тек Әділет министрлігі әділеттігін танытып тіркей қойса жарады. Бар үміт алда.

Азаматхан  Әміртай