
Путиннің жарлығы – мобилизициядан кейін Қазақстанға қашқан орыстар біздің елде қалып қойды ма? Оны аңғарып, бақылауға алып жатқан кім бар? Біз әлі де аталған сауалды тиісті орындарға қойғанды дұрыс деп білеміз. Өйткені қауіп бар. Жүргізуші Соловьевтің саясатсымақтары «ендігі бағыт – Қазақстан» деп жақтары талмай, теледидардан мәлімдеп жатқанда, біздің де алаңсыз отыра беруге қақымыз жоқ. Сонымен, Қазақстанда қанша орыс жүр?
Кеше Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испанов Қазақстан аумағында жүрген ресейліктер туралы мәлімет берді. Бірақ көңілде тағы да күмәнді сауал қалады: бұл дерек қаншалықты нақты?
— Жыл басынан бері Қазақстанға 3 миллионға жуық ресейлік келді, ел аумағынан шыққандар саны да шамамен бірдей болды. Ресейде ішінара мобилизация жарияланғалы елімізге 837 мың ресейлік келді, 780 мың адам шекарадан қайта кетті. Қазіргі уақытта елімізде 298 мың ресейлік бар, оның 30 мыңы еңбек биржасында тіркелген шарттарға сәйкес жұмыс істейді, – деді Ілияс Испанов.
Испановтың айтуынша, Қазақстанда қалған олар уақытша тұру үшін тіркеуден өткен. Бұл ғана емес, Қазақстанда оқып жатқан ресейліктер де жетерлік екен.
— Қазақстанда білім алып жатқан 20 мыңға жуық студент бар, сондай-ақ бізге келіп, транзитпен ұшатын адамдар жетерлік. 21 қыркүйектен бастап 198 мың ресейлік елімізді транзиттік ел ретінде пайдаланды және олар жоспарлаған елге кетті, – дейді І. Испанов.
Бірақ біз осы орайда тағы бір қосымша деректі айта кетуге мәжбүрміз.
1 қарашадағы жағдай бойынша Қазақстанда 14 957 шетелдік жұмыс істеп жүр. Бұл Қазақстан үкіметінің арнайы квотасымен келгендер. Сондықтан қанша уақыт болса да, олардың жұмыс істеуі заңды. Бұл ғана емес, алдағы уақытта елімізде тағы да шетелден мамандар келіп, жұмыс істемек.
— Елімізде тапшы, әрі сырттан жиі шақырылатын мамандықтар түрі бойынша шетелден 100 үздік маманды тарту көзделіп отыр. Қазір жоғары технологияларды пайдалану арқылы дүниежүзіндегі мемлекеттер өндірісті дамытып жатыр. Бәсекеге қабілетті, сапалы өнім шығару, елге жеткізу, шетке сату, ол үшін технологиямен қоса, оны білетін мамандар қажет. Ол мамандар елге келіп, өз ұжымындағы жергілікті азаматтарды үйрету арқылы көптеген жұмыстарды алға жылжытады. Осының арқасында қазақстандық жұмысшылардың кәсіби біліктілігін көтеруге мүмкіндік бар, – деді Ілияс Испанов.
Жалпы Қазақстанға келіп, тоқтап немесе осында қалып, қайтадан сыртқа кетіп жатқан адамдар қаншалықты бақылауда? Деректерге көз жүгіртсеңіз, шын мәнінде алаңдайтындай жағдай. Халықаралық нормаға сай, қазіргі уақытта елімізге шетелдіктер визалы және визасыз елдерден келеді. Мәселен, 30 күнге Өзбекстаннан келсе, ЕуразЭҚ елдерінен 90 күнге дейін визасыз жүруге рұқсаттары бар.
Десек те Қазақстанның құқық қорғау органдары немесе кез келген «отаным» деген азамат шетелден келгендерге жіті назар аудармаса болмайды. Бұл –бәріміздің ортақ парызымыз. Қазіргі уақытта Қазақстан бір қарасаң, мигранттар жиі келіп кететін, жайлы қонысқа айналып бара жатқан сияқты. Ал олардың ішінде басқа бір мақсатпен келген жансыздардың да болуы мүмкін ғой. Бұл ғана емес, қазір қазақ елінде 438 босқын және пана іздеуші ретінде тіркелген 722 адам адам жүр. Олардың көпшілігі Ауғанстаннан – 415 босқын, Украина – 537 пана іздеуші және тағы басқалары. Негізінен босқындар мен пана іздеушілер Алматы қаласында (343 босқын, 193 пана іздеуші), Шымкент қаласында (81 босқын, 48 пана іздеуші), Алматы облысында (11 босқын, 58 пана іздеуші) және Астана қаласында (98 пана іздеуші) шоғырланған.
Біздің қауіптенетініміз, алдағы уақытта жұмыс сұрап келгендердің қатары тағы да молая түсуі мүмкін. Жақында үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов: «Бірқатар шетелдік кәсіпорынды Қазақстанға релокациялау жұмысы жүргізіліп жатыр. Бүгінде 19 компания көшірілді. Қалғандары пысықталу үстінде», – деп президенттің алдында мәселені ашық айтты. Дұрыс, Ресей-Украина арасындағы геосаяси жағдайға байланысты қазір көршімізден әлемнің көптеген алпауыт компаниялары кетіп жатыр. Олардың бірқатары Қазақстанға көшіп келді, бас кеңсесін біздің елімізге орналастырды. Мұны құптаймыз, қазынаға миллиондаған салық түседі. Әлі де 20-30 компания елімізге келетінін мәлім етті. Әрине, жүздеген жұмыс орындары ашылар. Бірақ онда кімдер жұмыс істейді? Отандық па, жоқ әлде келген компаниялар өздерімен бірге жұмыс істеген ресейліктерді Қазақстанға қоса алып алып келе ме? Мысалы, Қазақстанның ресми органдары таратқан мәлімдемедегі 298 мың орыстың 30 мыңы келісімшартқа сәйкес, осында қалып, жұмысын жалғастырып жатыр. Тағы да олар көбейіп, қалып қойып жүрмей ме? Әрине, отандық нарықта бәсекелес бола алатын компаниялардың бізге келгенін құптаймыз, бірақ отандастарымыз жұмыссыз қалмаса екен дейміз.
Біз неге алаңдаймыз? Қазақстан шын мәнінде келімсектер жиі келетін және қоныстанатын негізгі елге айналып бара жатыр. Олардың ішінде де ойы бұзық бөгде адамдардың жүрмесіне кім кепілдік бере алады? Жақында ғана Қазақстанның азаматтығын алған еліміздегі ең бай бизнесмендердің бірі Тимур Турлов мынандай бір ой айтты. «Ресейліктер үшін Қазақстан Швейцарияға айналып барады. Олардың ағынымен Қазақстан нарығына миллиардтаған доллар қаржылық капитал келеді. Тіпті ақшаларын Қазақстан банктерінде сақтайтын ресейліктердің шоғыры да көбейе бастады».
Расында да біз Швейцария сияқты әлемдік қаржы орталығы саналатын дамыған ел болсақ, арман не? Бірақ бәрі заңды қатаң сақтап, тыныш жүрсе жақсы ғой. Қазір Қазақстанда ресми түрде тіркелген 300 мыңға жуық орыстан басқа, миллиондаған өзбек гастарбайтерлері нәпақасын тауып жүр. Сондықтан шекараны барынша ашып, жалпақшешейлік жасай беруге де болмас. Алдымен өзімізді, елдегі отандастарымызды ойлайық.