Қазақ спорты – саусаң сиыр, мінсең ат…

999

Қазақстан халқы 19 миллион даяшы сияқты. Отыз жыл бойы бір әулеттің асты-үстіне түсіп, асырап, бағып-қағып келеді. Тіпті, әлгі масыл әулет соған әбден үйреніп алғаны соншалық, мемлекеттің байлығын да бөліп-бөліп берекесін қашырды. Астындағы мұнайы мен кеніне, үстіндегі қурайы мен шөліне дейін солардың иелігінде.

Байлықты қойшы, мемлекеттегі барлық сала әлгі әулеттің құзырында қызмет қылғанын қалай жоққа шығарамыз? Банк-қаржы саласы біреуінің, денсаулық пен әлеумет екіншісінің «қалтасындағы» әмияны-тұғын. Қорғаныс пен мәдениет, ауыл шаруашылығы мен энергетика да солардың «энергиясы» болған жоқ па? Спорт та назарбаевтардың аяғындағы ала доптай бірде күйеу баланың, бірде құдасының табанында домалады-ау!

Басқа саланы қайдам, Қазақстанның спортына қаржы есепсіз құйылды. Қызығы сол, спортшылық қыры болмаса да, ескі әулеттің жақындары, достары мен сырластары бұл саланы ашса, алақанында, жұмса, жұдырығында ұстап келе жатыр. Мәселен, шалдың ең сенімді серігі болған Нұртай Әбіқаев пен тұңғыш президентке анекдоттарымен жағатын Әділбек Жақсыбеков, нағашысы Асқар Мәмин, қолшоқпары Кәрім Мәсімов Қазақстанның голф, хоккей, бокс федерацияларын уысынан шығарған жоқ.

Әулеттік басқарудан өткен, рулық деңгейден ұлттық деңгейге көтерілген мемлекетте спортты спортшылар мен сол саланы жақсы білетін, ұзақ жыл қызмет қылған кәсіби мамандар басқарады. Ал біздің жағдай жазылмаған заң сияқты: ақсақалдың дастарқан басында шешетін күнделікті шаруасының бірі. Басқаша теңеу табу да қиын.

Қазақстан теннис федерациясы Болат Өтемұратовтың қолында. Ол да Назарбаевқа туғанындай болып кеткен миллиардер екенін ұмытпайық. Кезінде экс-елбасының көмекшісі, іс жүргізушісі болып қызмет қылды. Ал Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінің төрағасы Тимур Құлыбаев – әулеттің күйеу баласы ғана емес, үлкен кісінің саясаттағы әрі бизнестегі сенімді мұрагері.

Қазақстан бокс федерациясының президенті – Кеңес Рақышев. Оның Иманғали Тасмағанбетовтың күйеу баласы екенін жұрт жақсы біледі. Атышулы әулет пен Тасмағамбетовтердің қарым-қатынасы отыз жылда шырмауықтай шырмалып, жымдасып кеткен.

Біз келтірген бірер мысал үлкен спорттың жайы. Ал облыс, қалалардағы спорт басқармалары ше? Олардың да басында кішілеу «бизнесмендер» отыр. Спортты көгертейік деген бірі жоқ. Қай спортқа қанша қаржы бөлдіру керек, қаншасын «шәпкісіне» береміз деген сияқты алыс-беріс, бөліс қана.

Қазақ спортына есепсіз қаржы бөлінді дедік қой. Қайбір жылы қазақ футболының көсегесін көгертеміз деп шетелге бала оқыттық. Бразилияға барған балалардың кейбірі доптың домалақ болатынын сол жаққа барғанда біліп, таң-тамаша болыпты. Ал ауылда доп тебетін залы жоқ, бұзау қуып, табаны қайыс болған қарадомалақтар ше? Олардың жайымен санасқан кім бар? Аяғы қисық болса да, байдың балалары шетелге барып, доп тебуді оқып қайтты. Ішінен іліп алатын бір-екі футболшы шықты ма, шықпады ма, есеп берген бір шендіні байқамадық. Есесіне, соңғы жылдары Еуропаның футбол клубтарында жүріп, аяқтан қалған «қара балаларды» топырлатып тасып жатырмыз. Айлықтары да аз емес. Бір легионердің айлығы бір мектептің шығынымен пара пар екенін сол кезде спорт журналистері жазды.

Назарбаев билігі спортты – спорт ретінде емес, өздерінің имиджі үшін пайдаланды. Мысалы, халықтың қаржысына өткізілген САМИТ, ЭКСПО – бір адамның абырой-беделі үшін жасаған халықаралық шара екенін мойындайық! Сол сияқты 2011 жылы қысқы Азияда ойындарын, 2017 жылы Универсиада өткіздік. Мұның бәрі ел экономикасына салмақ салып, ұрпағымыздың білімі мен денсаулығына бөлінетін қаржысының есебінен жырымдалып жасалды.

Ұрлықсыз шаруа біте ме? Қаншама жемқор сол спорттық шаралардан қалың қарпып, шетел асты, қаншасы шетелден үй-жай сатып алды? Оның да есебі жоқ.

Тіпті, спортты назарбаевтар әулеті басқа мақсатқа да пайдаланғанын айта кету керек. Немере інісі Қайрат Сатыбалды ұлттық спорт қауымдастығы арқылы «сақалды, балақты» жігіттердің жағдайын жасады. «Өзбектің боксында дін жоқ, рух бар, қазақтың спортында дін бар, рух жоқ!» деп, әнші Ерлан Төлеутай бекер шырылдаған жоқ сол кезде. Сол «балақты» жігіттер емес пе, қаңтарда ойнақ салып, қазақты арандатып кеткен.

Әңгіме спорт туралы еді, аяғы саясатқа келіп тірелді. Өйткені спортты саясатқа айналдырып жіберген – ескі биліктің өзі. Ал біз сол ізге түсіп, індетіп жаздық.

Жарас КЕМЕЛЖАН