Еліміздің барлық аймағында карантин шаралары күшейтілді – қаулы

125

Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Айжан Есмағамбетованың Қазақстанда карантиндік шараларды күшейту туралы қаулысы жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қаулы мәтініне сәйкес, облыстардың әкімдері халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету ұйымдарының қызметкерлерін, медициналық көрсетілімдер бойынша шығатын және кіретін адамдарды, сондай-ақ облыс орталықтарының, қалалардың, аудандардың, ауылдық елді мекендердің аумағынан шығуға және оған кіруге тыйым салуға міндеттеледі. Сонымен қатар аймақ басшылары апаттық-құтқару, жедел медициналық жәрдем қызметтерінің қолжетімділігін және үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді ескере отырып, карантиндік аймаққа кіру/шығу пункттерін айқындауы тиіс. Қала бойынша және аудандар, ауылдық елді мекендер арасында орамдар мен секторларға бөле отырып, блок-бекеттерді орната отырып, карантиндік аймақта жүріп-тұруды шектеуі керек. Ішкі істер және Қорғаныс министрліктерінің қызметкерлерін тарта отырып, COVID-19-мен сырқаттанушылық тіркелген ауылды елдімекендерді қоршау керек деп есептейді. Қаулы бойынша әуежайдың, теміржол вокзалының, автовокзалдар мен автостанциялардың қызметі тоқтатылып, қалааралық, ауданаралық автобус қатынастарына, сондай-ақ жеке тасымалдауға тыйым салынуы керек. Екінші деңгейдегі банктер, «Қазпочта» АҚ бөлімшелерінің, айырбастау пункттерінің қызметін онлайн жұмыс режиміне және «клиенттерге дейін жеткізу» қағидаты бойынша көшіру арқылы тоқтата тұруы тиіс.