
Әлемдік күрес тарихында Мәулен Мамыровтың өзіндік орны мен беделі бар екені еш күмән туғызбайды. Сонау сексенінші жылдардың соңында алғаш рет жарқ етіп көзге түскен қазақ балуаны ХХІ ғасыр табалдырықтан аттағанға дейін боз кілемде белдесті. Арыстанша айқасып, жолбарыстай жұлқысқан жігіттің жеңіп алған жүлделері де жетерлік. Ол – жасөспірімдер арасындағы КСРО чемпионы және әлем біріншілігінің жүлдегері. Ерлер арасындағы КСРО кубогының иегері, КСРО халықтары спартакиадасының күміс және КСРО чемпионатының қола жүлдегері. Азия ойындарының жеңімпазы және Азия кубогы мен құрлық чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы. Сондай-ақ Мамыров еркін күресті серік еткен қазақ жастары арасынан Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатында жүлде алған тұңғыш балуан.
Алғашқы сынақтан оңбай сүріндім
Менің күреспен айналысуыма себепші болған өзімнің туған ағаларым. Біз отбасында 11 баламыз. Жер жәннаты Жетісу өңірінде орналасқан біздің ауылда Сейітжан деген бапкер болатын. Ағаларым – Сәкен, Нұржан, Мейрам сол кісінің қол астында даярланды. Соларға еліктеп, алғашында мен де тиіп-қашып жаттығып жүрдім. Алғаш рет таразыға тұрғанда салмағым небәрі 19 келі тартқаны да есімде. Кейіннен Нұржан Алматыдағы дене шынықтыру институтына оқуға түсіп, інілерінің еркін күреспен жүйелі түрде шұғылдануына ықпал етті. 1985 жылы мамыр айында ол Мейрам екеумізді Алматы қаласында қоныс тепкен Қажымұқан атындағы спорт мектеп-интернатына жетектеп әкелді. Мейрам барлық сынақтан сүрінбей өткенімен, «жасы үлкен» деп оны оқуға қабылдамай қойды. Ал мен болсам, «кувырок» деп аталатын қарапайым ғана жаттығуды жасай алмадым. Сөйтіп, ағам екеуміздің салымыз суға кетіп, ауылға қайттық.
Сынақтан өте алмағаныма қатты ашуланған Нұржан: «Ауылға барғаннан кейін қызық қуып кетпей, жатпай-тұрмай дайындал. Мен әскерден келгенше сен шеберлігіңді әбден шындап, осы білім ошағында оқуыңды жалғастыруға тиіссің», – деп ескертті. Санаулы күндерден кейін Нұржан Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Ол кезде ауылдағы үйірме жабылып қалған болатын. Енді ағайындыларға өзінше әрекет етуге тура келді. Барлығымыз жабылып, жер қаздық. Оны сабанмен толтырып, бетін палаткамен жаптық та, өзімізше күрес кілеміне айналдырдық. Үш-төрт ай өткеннен кейін Алматыға қайта келдім. Бұл жолы мені Медицина институтында оқитын Алтай ағам әкелді. Әуелде жергілікті мамандар: «бапкерсіз баланы қабылдамаймыз», – деп босағаларынан аттатпады. Көңіл күйім құлазып жүрген кезде өзіміздің жерлесіміз, танымал жаттықтырушы Молдан Боранбаевты кезіктіріп қалдым. Ол кісі төл шәкірті Самат Айтқұловты спорт мектебіне алып келген екен. Мен Саматты аудандық жарыстардың бірінде ұтқанмын. Сол есінде қалса керек, Молдан аға маған қол ұшын беріп, мектепке қабылдануыма қолғабысын тигізді. Сөйтіп, 15 жасымда Қажымұқан атындағы спорт интернатына қабылдандым.
Тасада қалмау үшін аянбай жаттықтым
Ауылда, аудан көлемінде біз өзімізді кішігірім «жұлдыз» ретінде сезінетінбіз. Ал Алматыға келгенде, көптің бірі болып күн кештік. Өйткені Қажымұқан атындағы мектепте оқитындардың барлығы да әр жақтан іріктелініп келген сайдың тасындай балалар. Солардың көлеңкесінде қалып қоймау үшін аянбай жаттықтық. Көп тер төктік. Намысқа тырыстық. Нәтижесі жаман болған жоқ. Айналдырған үш жыл ішінде біз біраз бедел жиып үлгердік. Нақтылап айтсам, 1988 жылы Днепропетровскіде өткен жасөспірімдердің КСРО біріншілігінде 11 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеттім. Сол жарыста жеңімпаз атанып, әлем біріншілігіне қатысу құқығына ие болдым. Аталмыш жарыс Австрияда өтіп, мен елге қола медальмен оралдым. 1989-1990 жылдар аралығында Бүкілодақтық жастар ойындарында – екінші, жастар арасындағы әлем кубогында – үшінші, ересектердің КСРО кубогында – бірінші орындарды олжаладым. Иван Ярыгин мен Александр Медведьтің құрметіне өткен халықаралық турнирлерде бас жүлде қанжығама байланды. Осылайша, еліміздің үмітін арқалаған балуандарының біріне айналдық.
Азия ойындарынан кейін еңсе тіктедім
1991 жылы КСРО халықтары спартакиадасына қатысу үшін Запорожьеге сапар шектім. Ол жарыста жолым болды. Бастапқы бәсекелерде қарсыластарымның барлығын ұттым. Финалда Сеул Олимпиадасының қола жүлдегері Владимир Тогузовпен кездестім. Маған қарағанда оның тәжірибесі зор еді. Ақтық айқаста Тоғызовтан ұтылып, күміс медальді еншіледім. Дәл сол тұста КСРО чемпионатының қола жүлдесін мойныма ілдім. Сөйтіп, Одақ құрамасының мүшесі болдық. Бірақ көп ұзамай КСРО-ның іргесі сөгілді. Бұрыннан қалыптасқан жүйе бұзылып, жарыстар сирек өтетін болды. Дәл сол тұста талантты балуандардың дені басқа кәсіпке кетіп жатты. Мен спортты тастаған жоқпын. Алайда сәтсіздіктің шырмауығына ілігіп, жиі-жиі жеңіліп жүрдім. Жасыратыны жоқ, сол жылдары бапкерлердің көбі менен теріс айналды. «Мамыров осымен тоқтады, енді одан пәлендей нәтиже күту қисынсыз», – деген сөздерді де талай мәрте құлағым шалды. Ал мен болсам, өзімнің жұлдызды шағымның алда екеніне еш күмән келтірген жоқпын. Алғаш рет 1994 жылы өткен Азия ойындарында бас жүлдені олжаладым. Ең жеңіл салмақтағы ешбір балуан маған жарытып қарсылық көрсете алған жоқ. Бұл жеңіс маған ерекше рух берді. Кәдімгідей еңсе тіктедім. Ең бастысы, үш жылға созылған сәтсіздіктің шырмауынан шыға алғаныма қуандым. Енді осы бетімнен таймасам, әлемдік деңгейдегі жарыстардың биігінен қол бұлғайтыныма сенімім артты.
Иорданов мені алдап кетті
1996 жылы Атлантада алауы тұтанған Олимпиада ойындары менің спорттық ғұмырымдағы ең бір шарықтау шегіме жеткен кезіммен тұспа-тұс келді. Америка кілеміндегі қарсыластарым – кілең көкжалдар. Бірақ мен олардың ешқайсынан қаймыққан жоқпын. Бірінші кездесуде канадалық Вудсрофты ұттым. Келесі белдесуде КСРО халықтары Спартакиадасында мені алтыннан айырған украиналық Владимир Тогузовтан «кегімді» алдым. Одан кейін төрткүл дүниенің теңдессізі болгариялық Валентин Иордановтан ұтылдым. Негізі оны жеңуге болар еді. Төреші белгі берген бетте мен бірден шабуылдап, оның аяғынан іліп әкеттім де, жерге алып ұрдым. Үш балға татитын әдіс еді, алайда төрешілер бір ұпай ғана берді. Жерде аунатып алдым да, тағы екі ұпай олжаладым. Сәлден кейін қолын «кісендедім» де, жауырынын жерге қадауға ыңғайландым. Иордановтың сондағы бет-әлпетін көрсеңіз, өңі қашқан, сұп-сұр. Бұндай бейшара күйде Валентинды бұрын-соңды көрген емес едім. Бір мезетте оның жанайқайы бүкіл залды жаңғыртты. Өзім де қапияда не болғанын түсінбей қалдым. Төреші бәсекені дереу тоқтатып, ортаға дәрігерлерді шақыртты. Олар Валентиннің қолын ұстап көріп, ештеңе болмағанына көз жеткізген соң қайта кілемге шығарды. Бұл ретте төрешілерден ағаттық кетті. Жалпы жеті рет әлем чемпионы атанған адамдар жер бетінде санаулы ғана ғой. Бәлкім, осы жағдай кілемдегі қазының осындай қадамға баруға мәжүр еткен болар. Иордановтай атышулы балуанның жан дауысы шыққанда, олардың «үнсіз» қалуға дәті шыдамады-ау деймін. Ал мені қынжылтатын бір мәселе, мұндай жағдайда маған екі ұпай беріліп, қарсыласым қайта төрттағандауы тиіс еді. Олай болмады. Екеуміз тік тұрып, қайта күрестік. Сол аралықта мен қателікке бой алдырдым. Сол жалғыз ғана қателік мені Олимпиада алтынынан айырды. Бірақ мен мойыған жоқпын. Одан кейінгі қарсыласымды оңай ұттым. Ал шешуші бәсекеде ресейлік Чешенол Мангуштан басым түсіп, Олимпиаданың қола медалін мойныма ілдім.
Мангуш үстіне май жағып шықты
Қола медаль үшін бәсекеде Ресей балуаны үстін майлап шыққанын бірден аңғардым. Ұстаса кетсек, ол судағы балықтай уысымнан шығып кете береді. Бұл – ережеге сай емес. Төрешілерге мен де айттым, бапкерім де айтты. Алайда олар жұмған ауыздарын ашпады. Амал жоқ, «тәуекелге» баруға тура келді. Мангушты бір боқтап алдым да, қайта шабуылдадым. Ақыры не керек, осал тұсын тауып, қарсыласымды қапыда қалдырдым. Уақыттың аяқталағаны жайында белгі берілгенде мен бапкерлерімнің құшағына ендім. Ал медаль алсам деген соңғы мүмкіндігінен айырылған Чешенол боз кілемнің үстінде есеңгіреген күйі біраз отырды.
Олимпиададағы сәтсіздік есіме жиі оралады
Сенсеңіз, Олимпиада жайында ойласам, есіме Атлантада қола медальді кеудеме таққан сәт емес, Иордановтан жеңіліп қалған кез жиі оралады. «Неге болай болды? Сол бәсекеде мен ұтуым керек еді ғой?», – деп те қынжыламын. Сол күнге дейін мен Валентинмен боз кілемде бірде-бір рет белдеспеген едім. Бәлкім, екеуміздің жолымыз, ең болмағанда, бір мәрте қиысқанда, ондай қателікке бой алдырмас едім. Ол – «жыланның аяғын көрген» жігіт қой. Өте айлалы, әккі балуан. Иорданов әлем чемпионатындағы әрбір жеңісінен кейін кілемді сүйіп, «спортпен қош айтыстым» деп жер жаһанға жар салып жататын. Біздер соған иландық. Енді онымен кездеспейтін шығармыз деп ойлап жүрдік. Ал ол райынан қайтып, келесі чемпионатқа тағы келеді. Міне, оның қандай қу жігіт екенін осыдан-ақ білуге болады. Бірақ Иордановтың шын мәнінде ұлы балуан екеніне шүбә келтіруге болмас. Сексенінші жылдар мен тоқсаныншы жылдар аралығында әлем чемпионатының алтын тұғырын «меншіктеп» алған еркін күрес шеберін мойындамау – күпірлік. Бір қызығы, сол күнге дейін Болгария балуанына Олимпиада алтыны бұйырмаған екен. Сеулде ол ұтылды, Барселонада қоланы қанағат тұтты. Бірақ жеті рет жер жаһанның теңдессізі атанған жігітке Олимпиада алтынын ала алмай кетуден асқан қорлық бар ма?! Ақыры Атлантада айдарынан жел есіп, Иорданов 37 жасында «Олимпиада чемпионы» деген мәңгі тозбас атаққа қол жеткізді.
Мені қолдайтын ешкім болмады
Менің жолымда кедергілер көп болды. Өйткені ол кезде еліміз енді ғана тәуелсіздік алып, халықаралық қауымдастық бізді әлі де мойындай қоймаған. Әсіресе төрешілермен жұмыс істеу процесі жолға қойылмады. Мен тең дәрежеде белдескен немесе сәл басымдылық танытқанның өзінде жеңіс үнемі қарсыластарымның уысында кететін. Әлі есімде, әлем чемпионаттардың бірінде төрешінің әділетсіз шешім шығарғаны үшін ресми түрде протест жазу үшін тиесілі 500 АҚШ долларын таба алмай зыр жүгірген едік. Жиған-тергеніміз – 400 долларға әзер жетті. Бұл сомаға «қанағаттанбаған» қазылар алқасы жеңісті қарсыласыма беріп жіберді. Міне, спорт саласында жақсы жанашырың болмаса, осындай келеңсіздіктерге ұрынуың ғажап емес. Мен осы белестерімнің барлығына өзімнің қажыр-қайратымның арқасында жеттім. Маған ешкім кемектескен жоқ.
«Әттеген-ай» деген сәттерім аз емес
Спортта жеңіс пен жеңілістің қатар жүретіні рас. Кейде жүріп өткен жолыма зер салсам, «әттеген-ай» дейтін сәттерім аз болмағанын аңғарамын. Мәселен, Олимпиада алтынына қолым жетпеді, әлем чемпионы атана алмадым. Кейде осыған күйінемін. Егер деңгейім жетпей, бабым кем болса, бір сірә. Алайда нағыз жұлдызды шағымда сол биікке көтерілуіме болатын еді. Бірақ бұйырмайтын зат бұйырмайды екен. Жасыратыны жоқ, әр жеңіліс жүйкеңді жұқартып, еңсеңді түсіреді. Мәселен, Сиднейде өткен Олимпиада ойындарындағы сәтсіздікке көп күйіндім. Ол жарыста бастапқы екі қарсыласымда айқын ұтқанымен, беларуссиялық Герман Кантоевқа қосымша уақытта есе жібердім. Содан кейін-ақ мазам кетті. Бұл мен үшін ауыр соққы болды. Бесінші және алтыншы орын үшін белдесуге зауқым соқпады. Өйткені мен Олимпиадаға басқа мақсатпен келген едім. Бар ойым – Атлантаның қоласын Сиднейдің алтынына алмастыру еді…
Ескі жарақатым жиі мазалады
Әуелде Афины Олимпиадасына қатыссам деген ой болды.Біраз уақыт бойы айтулы додаға ерекше құлшыныспен даярландым. 2002 жылы Пусанда өткен Азия ойындарында төртінші орынды қанағат тұттым. Басқа да байрақты жарыстарға қатыстым. Бірде – ұтамын, бірде – ұтыламын. Осылай уақыт өтіп жатты. Бірақ Олимпиада ойындары жақындаған сайын жас кезімде алған жарақатым жиі мазалай бастады. Сексенінші жылдардың аяғында білектің сүйегін сындырып алған едім. Дер кезінде емдетпей, өзі бітіп кеткенше, еш мән бермей жүре бердім. Соның салдарынан қолымды жерге көп тіреп тұра алмайтынмын. Өйткені білегім иекемге келмейді. Әбден мазам кеткеннен кейін тексертсем, дұрыс бітпеген екен. Операция жасатып едім, дәрігерлер оны басқа сүйекке жалғап жіберіпті. Кейін тағы бір қаратсам, енді бұл жарақаттың емделмейтінін айтты. Амал жоқ, өзімнің салғырттығым және дәрігерлердің қателігінің кесірінен үлкен спортпен қош айтысуға тура келді. Ал сол жарақаттанған білек осы күнге дейін икемге келмей жүр.
Келімсектердің Қазақстанға келгенін қаламаймын
Мен боз кілемде өнер көрсеткен он жылдан астам уақыт ішінде ұлттық құрамадағы қазақтар санаулы ғана болды. Тәуелсіздік алғаннан кейін тек Мұрат Мәмбетов, Берік Деңгелбаев, Мадияр Құрамысов сынды балуандар аса ірі додаларда бақ сынау мүмкіндігіне ие болды. Кейіннен олар спорттан қол үзіп кетті. Сол ортада мен жалғыз қалдым. Кейде әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарында мен өзімді Ресей құрамасының сапында жүргендей сезінетінмін. Өйткені командада кілең өзге ұлттың өкілдері. Жалғыз қазақ мен ғана. Арамызда мені де шеттеткісі келген бапкерлер болды. Әзербайжаннан Әбіл Ибрагимовты, Өзбекстаннан Ділшот Мансуровты шақыртты. Бірақ олардың маған әлдері жетпей, екеуі де еңсесі түсіп, елдеріне қайтты. 2001 жылы Софияда өткен әлем чемпионатында өзбекстандық Мансұровпен жолымыз қиысып, оны 11:1 есебімен тізе бүктірдім. Кейіннен сол жігіт әлем чемпионы атанды. Ал Ибрагимовты жаттығу залында талай илектедім. Жалпы мен келімсектердің Қазақстанға келгеніне қарсымын. Ол үрдісті тоқтату керек. Бұны мен бүгінгі күнмен ғана өмір сүруге бейім бапкерлердің тірлігі деп түсінемін. Олар келешекті ойламайды. Егер ойласа, өз өрендерін неге алға сүйремейді? Қыруар қаражатты шетелдіктерге шашқаннан гөрі, Қазақстандағы талантты жастардың игілігі үшін жұмсаған жөн. Еліміздің әр өңірінде Қап тауы бөктерінен немесе басқа жақтан келген балуандардың алдын орайтын жерлестеріміз жетерлік. Соларды іздеп тауып, шеберліктерін шыңдап, қатарға қосуымыз керек.
Жамал Камаш