Ойындар өрнектеген 11 күн

150

Еуропа біріншілігінің топтық кездесулері өз мәресіне таяды. Қарсыластар қазір үшінші тур ойындарын өткізуде. Әзірше кімнің бәйгеден келетінін болжау қиын. Серкелер қатары сетінеген жоқ. Көбі құйрық тістесіп, әлі де тізгін тартып, өз мықтылығын паш етуге асығар емес. Тек Италия бауырын жазып, мүмкін болған тоғыз ұпайды толық иеленді. Роберто Манчини шәкірттері тіпті өз қақпасын голдан аман ұстап тұр. Үш кездесуде қарсыластар қақпасына жеті гол соқты.

                         Манчини, Сабрина және Жуков

Бас бапкер Уэльспен өткен матчта негізгі құрамда ойнаған жігіттерге демалыс беріп, алаңға бұған дейін матчты сырттан тамашалаған футболшылар шықты. Олардың да өресі биік еді. Мысалы, «Ювентустан» келген Федерико Бернардески мен «Ториноның» капитаны Андреа Белоттиды, әйтпесе «Ювентустың» тағы бір Федерикосы, Федерико Кьезаны осал деп көріңіз. «Пари-Сан-Жерменнің» жартылай қорғаушысы Марко Вератти мен «Аталантаны» алға сүйреп жүрген Маттео Пессинаны кез келген құраманың бас бапкері мүмкіндігі болса, аттай қалап алар еді. Бірақ олардың бәрі де «Скуадра Адзурраның» бағына біткен саңлақтар.

Италия үш кездесуде де атой салатындай бар. Біріншіден, ойындардың бәрін Римдегі Олимпиадалық стадионда өткізді. Екіншіден, сапына кілең сай тасындай іріктелген ойыншыларды жинап отыр. Рас, кез келген құрама өз елінің ең жарамды деген жігіттерін жинайды ғой. Дегенмен Италияның жөні бөлек. Тап қазір 1982 жылғы жағдай қайта орнағандай. Бұл елде футбол таланттарынан көз сүрінеді. Оның үстіне Роберто Манчинидің де білімі жетіліп, тәжірибесі толысқан кезі. Ежиде туса да, ел назарына Генуяда ілінді.         1982 жылы «Сампдорияға» ауысқан Манчини әлгі команда сапында табаны күректей 15 жыл өнер көрсетті. Тоқсаныншы жылдары Генуяның даңқын «Сампдориямен» қатар, әнші Сабрина Салерно да асқақтатып тұрды.

Сол Сабрина бірде Алматыға келді. Қазақ футболына қызмет еткен, кейін ірі жобаларды өткізуге мұрындық болған Борис Жуков әлгі әншіні Қазақстанға алдырып еді. Аяқдоп шаруашылығының тыныс-тіршілігінен жақсы хабардар екеніміз анық, Борис дос бізді де Салерномен кездесуге шақырды. Кісі баласын сөзбен үйіріп алатын Жуков кездесуге барсақ қызыққа кенелетінімізді де еске салды. Сабринаның аты асқақтап тұрған кезі ғой. Соны меңзеген болар деп, межелі уақытта уәделі жерге жеттік. Әнші демалып жатыр екен. Қонақүйде күтіп отырмыз. Борис айтады: «Келгенің дұрыс болды. Саған мықты бір материал дайындап қойдық. Көресің де, таңғаласың». Ән мен спорттың ұштасатын кезі көп. Алайда тап Сабринаның бізді немен таңғалдыратынын онша пайымдай алмадық.

Көп ұзамай әнші де көрінді. Тоқсаныншы жылдар үшін таңсық дүние: ашық-шашықтау киінеді екен. Өзі кербез секілді. Әлде ерке. Бізді таныстырды. Спорт тілшісі. Футбол комментаторы екенін айтып жатыр. Сол сәтте Салерноның көзі жарқ етіп, «Манчини» демесі бар ма? Роберто Манчинидің «Сампдориядағы» жұлдызды кезі. Джанлука  Виалли екеуі голдан тау тұрғызып жүрген заманы, хабардар екенімізді тілге тиек еттік. «Генуяның генийі» дегеніміз сол еді, тілмашсыз-ақ түсінді-ау шамасы, шабыттанды да кетті. «Клуб Сампдория» деген әнді шырқады. Ол – ол ма, көмекшісін бөлмесіне жүгіртіп жіберіп, видеотаспа алдырды, тысы Роберто Манчинидің суретімен көмкерілген екен. Бізге сыйға тартты. Бұл енді, шынында да, біз үшін теңдессіз сыйлық. Жуков досқа алғысты жаудырып жатырмыз. «Маған емес, Сабринаға айтсаңшы», – дейді сабырлы Борис. Оған да тіл жеткенше «грациалатып» қоямыз.

Қысқасы, сол Роберто қазір Италияның бас бапкері және сенімді жігіттерді жинап алған. Жасы да, жасамысы да пышақтың жүзіндей өткір. Шеттерінен шабыс тілеп тұр. Уэльске қарсы шыққан футболшылар да ойынды опырып тастады ғой. Матч алдында сәуегейлер қос қарсыластың тең тарқасатынын айтқан. Біз бас шайқадық. Білетін едік. Манчини кез келген асуды бағындыруды мақсат санайды. Өзі де мол табысқа кенелді ойыншы кезінде. Кежегесі кейін тартқан кезі жоқ. «Сампдория» сапында жүрсе де, Италияның негізгі жүйріктері «Рома», «Интер», «Ювентус» секілді серкелеріне қарсы қаймықпай ойнайтын. Сол мінез әлі де өн бойында. Чиро Имобилле, Никола Барелла, Лоренцо Инсинье, Джовани Ди Лоренцо, Мануэль Локателли секілді мықтылардың тілін тапқан жаттықтырушы Леонардо Спинаццола, Леонардо Бонуччи, Джорджо Кьелини сынды тәжірибелі футболшыларды да іске тартты. Айтпақшы, Кьелини Швейцариямен өткен матчта жарақат алып, алаңнан ерте кетуге мәжбүр болды. Италия футбол қауымдастығы таратқан мәліметке сенсек, қазір Джорджоның жағдайы жақсы секілді. «Дер кезінде ауысыппын, жүре тұрғанымда жарақатым асқынып кетеді екен. Бірер күнде сақайып кетемін», – депті Кьелинидің өзі.

«Сассуоло» сапындағы Доменико Берардиге де сенім артқан Манчини Италияда футболшыны тек «Ювентус» пен «Наполи» секілді жүйріктерден іздеумен шектелмейтінін байқатты. Демек, қазіргі «Скаудра Адзурра» –Робертоның төл туындысы. Өз қалауымен жасақтаған команда. Жиырмадан астам ойыншыны өзі жусатып, өргізе алады. Тапсырма беріп және оның сапалы орындалуын қадағалай алады. Мұндай Италия алысқа самғауы әбден мүмкін. Үш ойында бауырын жазып шауып, содан кейін тоқтап қалатын жабыға ұқсамайды. Уэльспен өткен кездесуде де тоқсан минут бойы қарсыласына барынша қысым жасаған Италия бір голмен шектелді. Маттео Пессина 39-минутта есеп ашқан болатын. Одан кейін де алаң иелері айылын жиған жоқ. Оған дәлел – қарсыластар қақпасына бағытталған 23 соққы. Допқа иелік етуі – 70 пайыз. Жеті рет бұрыштамадан доп беруінің өзі неге тұрады?! Егер Уэльс қорғаушылары мен қақпашы Дэнни Уорд қайрат қылмағанда өзгеше есеп тіркелер еді.

Мерси, Баку!

«Футболдан түңілдірген түріктер» деп күңкілдейтіндер көбейді. Шынында да, Шенол Гюнеш шәкірттері биылғы құрлық біріншілігін өте сүреңсіз өткізді. Не кедергі болғанын өздері біледі. Сырт көзге бір шикіліктің бар екені анық байқалып тұрды. Әйтпесе құрамы жағынан Түркия талайдан осал емес еді. Әсіресе Швейцария мен Уэльсті ұтатындай шамасы болды. Алайда екі қарсыласына да есе жіберді. Міне, елден бұрын Бакуды тастап шықты. «Мерси, Баку!» – деп. Әзірбайжан астанасына алғыстан басқа ештеңе айта алмайды. Екі матчын ұйымдастырып берді. Жергілікті жұрт қал-қадерінше құрмет көрсетті. Қолдау жасады. Стадионға жиналған халықтың басым көпшілігі түріктерді қолдады. Енді алаңға шығып, болыса алмайды ғой. Ондай мүмкіндік туса, ел қол қусырып отырмайтын еді. Алайда алаңдағы Бурак Йылмаздардың аянышты кейпі көрермендердің көңіл күйін түсірді. Бір Бурак емес, өзгелері де білгенінен жаңылды.

Жарайды, Римде Италия тарпа бас салып, «таяқтың» астына алды дейік. Бакуге келгеннен кейін белсенсе болар еді ғой. Жоқ, Уэльске қарсы тағы да қайрат көрсете алмады. Тепкен доптары қисық ұшты. Пас беруде де қателікке ұрынды. Бірін-бірі түсіне алмады. Шенол Түркия құрамасының тізгінін алға ұстаған кезде жергілікті басылымдардың бірінде «Гюнеш!» деген тақырыппен мақала жарық көрді. «Түрік футболының күні шықты» деген мағынада. Биылға Еуроға қатысқан команда да түрік аспанындағы күнді одан сайын жарқыратар дегенбіз. Қайта бір құшақ бұлт апарып, Анадолы аспанындағы күнді қалқалап қоятын болды.

Швейцария ширақ қимылдады. Бірінші таймда Угуржан Чакыр қорғаған қақпаға екі гол соқты. Гол соққанда да, 6-минутта Харис Сеферович өз мықтылығын паш етті. «Бенфиканың» шабуылшысы түрік қорғанысын бұйым көрмеді. Қайта-қайта бұзып-жарып, Чакырдың әбден мазасын алды. Жүйкесі тозған қақпашы жиырма минуттан кейін Джердан Шакири соққан голға бас шайқап қарап жатты. Айтпақшы, Шакири енді Швейцария тарихында ірі турнирлерде ең көп гол соққан ойыншы. «Ливерпуль» шабуылшысы  әлем біріншілігіне  екі рет қатысып, төрт доп, құрлық чемпионатында үш доп соғып, жеті голмен жеке-дара топ бастады. 1954 жылы өткен дүниежүзілік жарыста өз атына бірден алты гол жазған Йозеф Хюги ешкімді алдына шығармай келген еді. Джердан енді дара шықты. Жалпы, оның еншісінде 25 гол бар. Дегенмен Александр Фрайға жетуі екіталай. Фрай Швейцария құрамасының сапында 42 гол соққан.

Түріктерге қайта оралайық. Білекті түріп тастап, ойынға араласатын кезі еді ғой Хакан Чалханоглулардың. Италияда, «Милан» сапында өнер көрсететін жартылай қорғаушы жасындай жарқырай алмады. Жарқырау қайда, аяғында допқа сүрініп, ойынның берекесін кетірді. Әйтпесе нағыз жілігіне май толған кезі. Немесе Юсуф Языджыны алайық. 2019 жылы «Трабзанспордан» «Лильге» ауысқан жартылай қорғаушының трансферлік құны 16,5 млн евроны құрады. Келе іске кіріскен Юсуф былтыр Еуропа кубогы жолындағы жарыста да өз шеберлігін паш етті. «Спарта» мен «Миланның» қақпасына үш-үштен гол соғып, әлгі қаржыны ақтай бастады. Биыл да бабында болды. Түркияны шыңға шығаратын жігіттің бірі осы еді. Оның да ойыны жүрмеді. Әлде ойнағысы келмеді ме? Құны 20 миллион долларға тақайтын Языджы ұлттық құраманың қосалқы футболшысы атанатыны қалай? Шешуші Швейцарияға қарсы ойында да Юсуф матчқа тек екінші тайм ортасынан ауғанда араласты.

«Ромаға» тиесілі, бірақ ағылшын премьер-лигасында «Лестер сити» сапында өнер көрсететін Дженгиз Ундерді осал деуге келе ме? «Лестердің» тасқамал қорғаушысы Чалар Сүйінджі мен «Ювентус» сенім артқан Мерих Демирал шабуылшы түгіл, стадионда қалықтаған құсты өткізе ме өз қақпасына?! Алайда екеуінің қамалын Швейцария ойыншылары үш рет бұзды. Ойын сайын гол жіберетін команда аз, биылғы құрлық біріншілігінде. Солардың көшін Түркия бастады.

Біз әлі Бурак Йылмаз туралы айтқан жоқпыз. Команда капитаны әлдекімге ашуланып, уақыт өткізді. «Лильге» жүлде әперуге жараған шабуылшы енді неге мүлт кете берді? Өзі былай депті: «Жанкүйерлерден кешірім сұраймыз. Іріктеу сындарында іркілмесек те, жауапты жарысқа әлі ысылмаған секілдіміз. Бағымызды сынасақ та, барымызды көрсете алмадық».

Түркия 2022 жылы өтетін әлем біріншілігінің іріктеу матчында да жақсы ойнап жүр. Катар мундиалына жолдама алатын шығар. Тағы бір жыл уақыт бар. Бәлкім, шырағы сол кезде жанар осы жігіттердің. Биыл ұлттық құраманы құрдымға жіберді. Құдықтан шығару өз қолдарында.

Ғұнғырияңыз ұнап тұр

Өткенде айттық, Венгрия мен Португалия арасындағы матчта алаң иелері 84 минут бойы жақсы ойнағанын… Әлгі бір есепке алынбаған гол сағын сындырып кетті. Криштиану Роналдудың бағы аспандап тұр ғой. Әйтпесе сол күні Карлус Сантуш шәкірттері соншалықты биік самғай алмайтын еді. Ғұнғырияңыз әлем чемпиондары саналатын Францияға қарсы тас-түйін шықты. Кейбір сарапшылар Дидье Дешам шәкірттері қарсыласын менсінбей шықты дейтін дәйекті алға тартып жүр. Ол енді француздарды ақтап алудың әлегі. Қай команда мұндай турнирде біреуге шекеден қарай алады? Оның үстіне небары екінші тур.

Рас, құрлық біріншілігінің алғашқы матчында немістердің адымын аштырмады. Ебін тауып жеңіске жетті. Содан желігі қайтып, желі шыққан секілді. Венгрияны ұтқанда плей-офф бәсекелеріне жолдама алып, Португалияға қарсы көп күш шығындамайтын еді. Рас, алаң иелері өте жинақы ойнады. Көзбен жасқап, сөзбен тұқыртып алса өздері біледі. Әйтеуір, Мбаппелердің айбынынан ештеңе қалмады. Еділ патшаның есімін иеленген Атилла Фиола бірінші таймның соңында есеп ашып, өз командасын алға шығарды. Соған дейін сеңдей соғылысқан француз футболшылары істің насырға шапқанын түсінді. Оның үстіне үзіліс те бола қалды. Дидье Дешам шәкірттеріне тың тапсырма беріп, енді қалай қимылдау керектігін түсіндірді.

Екінші таймда Петр Гулачи қорғаған қақпаға лап қойған Франция 66-минутта таразы басын теңестірді. Килиан Мбаппе бастаған шабуылды Антуан Гризманн түйіндеді. Одан кейін де француздар бірнеше рет қауіп төндірді. Әсіресе сол қанаттан Поль Погбай қысым жасады. Бірақ Гулачи де, Вилли Орбан бастаған қорғаушылар да селт етпеді. Қателікке бой алдырмаған күйде матчты аяқтады. Қорытынды есеп – 1:1. Ойын аяқталған соң, Ғұнғарияның ержүрек ойыншылары жанкүйерлер топтасқан тұсқа келіп, ежелгі сарбаздарша сап түзеп тұра қалысты. Өздеріне құрмет көрсеткен көпшіліктің ықыласына көңілдері толып, мемлекеттің әнұранын шырқай жөнелді. Міне, отансүйгіштік! Елжандылық! Тыңдаған адамның денесі тітіркенеді. Айқасты аяғына дейін апарған, қасық тері қалғанша арпалысқан арыстандай аяқдопшылардың еліне берген есебі! Франция ұтса қайда қалыпты? Шамасы жетпеді. Алдырмады мадьярдың майталман жігіттері!

                                               Лев тынысы

Лев жұмысы бізге мәлім. Тынысы – ойыншылары. Олар Португалияға қарсы ойында бас бапкерді ұятқа қалдырмады. Айтқанын тыңдады, тапсырмасын орындады. Йоахим Лев та ойын аяқталған бетте тілшілермен тілдесіп, шәкірттеріне көңілі толғанын айтыпты. Ә дегеннен шабуылға иек артқан Германия алғашқы 10 минуттың ішінде кемі екі гол соғатындай екпін танытты. Бұрыштамадан қайта-қайта пас шығарып, Руи Патрисиуды әбден састырды. Португалияның сенгені – Роналду. Кезекті бұрыштаманың бірінде әуелеген допты ала қашқан Криштиану алға ұмтылған әріптесіне пас ұсынды. Өзі де атша шауып, шабуылға дем беруге асықты. Көзді ашып-жұмғанша Мануэль Нойер қорғаған қақпа маңынан табылып, есеп ашып үлгерді.

Неміс қорғаушылары түкке түсінбеген секілді. Олар орындарынан қозғалғанша, жартылай қорғаушылар мен шабуылшылар іске кірісті. Бас-аяғы төрт минуттың ішінде Рубен Диаш пен Рафаэль Герейроға автогол соққызды. Негізі, бір допты Кай Хаверцтің атына жазуға да болатын еді. Еңбек Кайдікі. Алайда Рубеннің де көмегі тигені анық көрінді.

Италияда, «Аталанта» сапында ойнайтын  Робин Госенстің де жұлдызды шағы туған секілді. Өте жылдам, тез шешім қабылдайтын жартылай қорғаушы шабуыл шебіндегілерге үнемі доп жеткізумен шұғылданды. Өзі де реті келсе соққы бағыттаудан кет әрі емес. Әсіресе 60-минутта әлгі ниеті анық байқалды. Руи Патрисиу қақпасына төртінші голды соққанда. Оған дейін Кай Хаверц те бір допты өз атына жазған.

Португалия сапынан Диогу Жота да мергендігімен танылғанын айта кетейік. Қорытынды есеп – 4:2. «Ғ»  тобындағы төрт команданың да плей-оффтан үміті үзілген жоқ. Соңғы турда Венгрия Германиямен ойнайды. Франция Португалияның шамасын байқап көреді. Ұтылғаны жарыстан шығып қалуы мүмкін.

Амангелді  Сейітхан