
Ертең футболдан XVI Еуропа чемпионаты басталады.
– Ең көп (3 рет) чемпион болған командалар – Германия (1972, 1980, 1996 жылдары) мен Испания (1964, 2008, 2012). Франция құрамасының еншісінде екі алтын бар (1984, 2000). Ал КСРО (1960), Италия (1968), Чехословакия (1976), Голландия (1988), Дания (1992), Грекия (2004) және Португалия (2016) командалары Қарт құрлық футболының алтын тәжін бір реттен киген.
– Жалпы, осыған дейін 15 чемпионаттың финалдық турнирлерінде 286 матч өткізіліп, 687 гол соғылған.
– Еуропа доп додасы тарихындағы мерейлі голдар мыналар:
1-гол – Милан Галич (Франция – Югославия – 4:5, 1960)
100 – Ален Жиресс (Франция – Бельгия – 5:0, 1984)
200 – Ким Вильфорт (Дания – Германия – 2:0, 1992)
300 – Златко Захович (Испания – Словения – 2:1, 2000)
400 – Тьерри Анри (Франция – Швейцария – 3:1, 2004)
500 – Хави Эрнандес (Испания – Ресей – 3:0, 2008)
600 – Луиш Нани (Португалия – Исландия – 1:1, 2016)
Биыл, Құдай қаласа, 700-голды көреміз (800-голға да куә болуымыз мүмкін).
– Екі финалдық матчта гол соққан футболшы біреу – Фернандо Торрес (Испания, 2008 және 2012).
– Финалдық ойында алаңнан қуылған футболшы да біреу – Ивон Ле Ру (Франция, 1984).
– Финалдық турнирлерде ең көп гол соққандар – француз Мишель Платини мен португалдық Криштиану Роналду (9 доптан). Платини тоғыз голының бәрін бір-ақ турнирде, 5 ойында енгізген! К.Роналду болса, өз голдарын төрт чемпионатта (21 матчта) салған. Португалдық мегажұлдыз енді бір гол соқса-ақ, жеке-дара алға шықпақ.
– Еуропа чемпионаттарында ең көп ойын өткізген де – Криштиану Роналду (21 кездесу). Одан кейінгі орындардағы неміс Бастиан Швайнштайгер – 18, итальян Джанлуиджи Буффон – 17, ал француз Лилиан Тюрам, голланд Эдвин ван дер Сар, испандар Андрес Иньеста мен Франсеск Фабрегас – 16 матчтан ойнаған. Бұлардың бәрі өз құрамаларымен әлдеқашан қош айтысқан. Демек, Роналдудың әлі де өзгелерден алыстай түсуіне мүмкіндік мол.
– К.Роналду биыл өзінің бесінші Еуропа чемпионатына қатыспақ. Бұл да – рекорд. Даңқты португалдықтан бөлек төрт чемпионатқа қатысқан футболшылардың саны – 15: Лотар Маттеус, Бастиан Швайнштайгер, Лукас Подольски (бәрі – Германия), Петер Шмейхель (Дания), Эдвин ван дер Сар (Голландия), Лилиан Тюрам (Франция), Алессандро Дель Пьеро, Джанлуиджи Буффон (екеуі де – Италия), Улоф Мелльберг, Златан Ибрагимович, Ким Чельстрем, Андерс Исакссон (бәрі – Швеция), Петр, Чех, Томаш Росицки (екеуі де – Чехия) және Дарио Срна (Хорватия). Бірақ бұлардың ешбірі де биылғы додаға қатыспайды.
– Ең жылдам соғылған голдың авторы – Дмитрий Кириченко (Ресей). 2004 жылы ол грек қақпашысын матчтың 1 минут 07-секундында-ақ қапы қалдырған.
– Ең ірі есептер: Дания – Югославия – 5:0 (1984), Франция – Бельгия – 5:0 (1984) және Голландия – Югославия – 6:1 (2000).
– Биылғы Еуропа чемпионатына 24 команда қатысады:
«А» ТОБЫ: Түркия, Италия, Уэльс, Швейцария
«В» ТОБЫ: Дания, Финляндия, Бельгия, Ресей
«С» ТОБЫ: Голландия, Украина, Австрия, Солтүстік Македония
«D» ТОБЫ: Англия, Хорватия, Шотландия, Чехия
«Е» ТОБЫ: Испания, Швеция, Польша, Словакия
«Ғ» ТОБЫ: Венгрия, Португалия, Франция, Германия
– Чемпионаттың барлық ойындарын «Қазақстан» және «Қазспорт» арналары тікелей эфирден көрсетеді.
Сәкен Сыбанбай