Қажымұқанды насихаттау – қазақты құрметтегенмен бірдей

797

Қазақтың маңдайына біткен дарынды ұлы, даңқты балуан атанған Қажымұқан Мұңайтпасұлының биыл өмірге келгеніне 150 жыл толды.

Қолыма қалам алып, «Жас Алашқа» жазуыма мына бір жайт себеп болды. Теледидарды қосып қалсам, Таразда қазақ күресінен Қазақстан кубогы өтіп жатыр екен. Сөз жоқ, қазақ күресі бұрынғыдай бұра тарту, белден басып жеңісті жұлып беру, көпе-көрінеу күштіге қиянат жасау секілді қараулықтан ада болып келеді екен. Жамбыл облысы бұл сайысты жоғары деңгейде ұйымдастырыпты. Оларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

«Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына және Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 150 жыл толуына орай» деп айдар тағып өткізіпті. Ойландым да, қолыма қалам алып, балуан бабамыздың аруағы алдындағы перзенттік парызым санап, өзімнің ұсынысымды айтуды құп көрдім.

Әрине, қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын ұрпаққа өнеге болатындай қадірлеп мерекелеу керек. Отыз жылдыққа орай, әртүрлі шаралардың өткені жақсы, құптарлық іс. Ал Қажымұқан бабамыздың 150 жылдығын елішілік турнирлерге таңа бермей, неге өзінің атынан халықаралық турнир өткізбеске? Түркістан облысында қазақ күресінен түйе балуандар арасында Қажымұқан турнирі өтпейді емес, өтеді. Жекелеген атымтайжомарт азаматтардың жанын сала ұйымдастыруымен болатын балуандар белдесуі, әйтеуір, жүлгесі үзіліп қалмай жалғасып келеді. Айтпағым – биыл балуанның туғанына 150 жыл толуына орай, қазақ күресінен халықаралық турнир өткізуіміз керек. Сондай-ақ оны тек бір мәрте өткізіп, үзіп тастамай, жыл сайын жалғасын табатын гран-при дәрежесіндегі додаға айналдыру қажет. Бұл – мәдениет және спорт министрлігінің тікелей қолға алатын шаруасы.

Ресейде грек-рим күресінен Иван Поддубныйды еске алуға арналған халықаралық турнир өте жоғары деңгейде өтеді. Бұл турнирдің «кіші әлем чемпионаты» деген бейресми мәртебесі де бар.

Ал енді күллі орыс халқының табынып, тамашасын асыра мақтап айтып жүретін Поддубныйыңыздың құрметтеген санаулы балуандарының бірі Қажымұқан Мұңайтпасұлы болған. Ендеше неге біз де Қажымұқанды өзінің биігінде құрметтемейміз? Мұңайтпастың ұлына еліміздің әр қаласында ескерткіш ашылып, бой көтерсе артық етпейді. Әзірге Нұр-Сұлтанда, Түркістанда ашылды. Оған қоса, «Алматы Арена» болмаса «Халық Арена» спорт кешенінің біріне Қажымұқанның есімін берген дұрыс. Ұрпақтың рухын оятып, спортсүйгіш болсын десек, осындай ұлықтауды да атқарғанның пайдасы зор.

Қажымұқан Мұңайтпасұлы 1871 жылы өмірге келіп, 1948 жылы өмірден өтті. 77 жыл ғұмыр кешіп, артына өшпес із, өлмес атағын қалдырған Қажымұқан – қазақ халқының ішінен шыққан тұңғыш кәсіпқой балуан. Күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған алғашқы қазақ. Жер жүзін аралап, әлемнің 28 мемлекетінде күреске түсіп, 56 медаль иеленді. Мұны да қомсынсаңыз, шаруаның баласы 25 жыл шет мемлекетте өмір сүре жүріп, өз ұлтының, халқының атағын асқақтатып, күреске түсті. Оңай болса, 25 жыл сырт мемлекетте тұрып, шеберлігін паш ететін саңлақтар неге шықпайды? Өткен ғасырда тек қазақ ұлты ғана емес, күллі түркі халықтарының ішінде Қажымұқандай биікке көтерілген балуан жоқтың қасы. Біз бұған мақтануымыз керек.

Қажымұқан тұңғыш рет 1906 жылы Германияда әлем чемпионатына қатысып, жеңіске жетеді. Бірақ алып империяның құрығы ұзын, бұратана халықтың өкілі шығандап шыққанын жақтыра қойсын ба?! Сондықтан да Қажымұқан әлемдік сайыстарға бір емес, бірнеше лақап есіммен қатысты. Ол сол кездегі саясаттың жасауымен жапон болып «Ямагата Мухунури» атанды, «орыстың мықтысы» деп таныстырып, «Қара Иван» болып та күресті. Заманында Қажымұқанды әлем халқы «Қара Мұстафа» деген лақап атымен де таныды. 1913, 1915 жылдары «Сигизмунд белдігі» деген халықаралық сайыста жеңіске жетті.

Қажымұқан бабамыздың кемеліне келіп, күші қайнап тұрған шағы әлемге әйгілі Иван Поддубный, Иван Шемякин, Алекс Аберг, Иван Заикин, Георг Лурих, Георг Гаккеншмидт, Поль Понс, Вейланд Шульц секілді балуандардың даңқы дүркіреген шақпен тұспа-тұс келді. Міне, осындай алыптармен айқаса жүріп, белдесуде кеудесін бастырмай, өз ұлтының абыройын асқақтатты. Кейбір деректерде 1906, кей жазбада 1911 жылы деп көрсетілетін Қажымұқанның әйгілі жапон алыбы Саракикиге қарсы айқасы да ерлікке пара-пар іс. Әлемнің таңдаулы балуандары беттеп шыға алмаған кезде Қажымұқан ғана жүрегі дауалап күреске түседі. Саракики Қажымұқанның астыңғы ернін жыртып жібереді. Ал Мұқан болса оны тулақша илеп, айқын басымдықпен жеңеді. Тіпті осы күресуден кейін-ақ Саракики өмірден өтті деген де дерек бар.

1910 жылы Оңтүстік Америка құрлығының чемпионы атанды. 1911 жылы Түркияға барып шеберлігін паш етеді. 1937 жылдардағы қудалау мен жазалаудың салқыны балуанды да шарпиды. Патшаның қолынан сый алған, сыбайласы көп дегенді желеу етушілер даңқты балуанның соңына түседі, аңдуды күшейтеді. Амалы құрыған Қажекең бас сауғалап елден кетіп, Өзбекстанды паналайды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ел аралап, цирк өнерін көрсетіп, көпшіліктің көңілінен шығады, жиналған қаражатқа ұшақ сатып алып, майдан даласына жібереді. Ғұмырының 50 жылын күреспен, белдесумен өткізген балуанның атақ-даңқы ұлтымыз үшін зор мақтаныш. Біз осыны ұмытпауымыз керек.

Эстония елінің Георг Лурих деген балуаны өткен. Даңқы жер жүзіне таралған осы балуан Қажымұқан туралы басын шайқап, тамсана айтқан екен. «Шығыс халқында осы бір балуанның қайтпас қайсарлығы мен дала ұлына тән мінезі мен ызақорлығы ерекше» деген. Бұдан өткен қандай мінездеме керек?

Әлем чемпионы деген атағы бар Лурих 1911 жылы Мәскеу төрінде Қажымұқанмен күресіп, 20 минуттай арпалысып ала алмаған. Ақыры төреші сайыста тең түсті деп шешім қабылдаған.

Осындай даңққа ие болған Қажымұқан бабамыздың өмірбаяны мен көрнекті суреті әр спорт кешенінің төрінде тұруы тиіс. Өйткені біздің ұрпақ елдің тұтқасын ұстауы үшін Қажымұқандай қайсар, өр мінезді болуы керек.

Қажымұқан бабамызды заманында Темірбек Жүргеновтің әкесі Қара деген кісі ерекше қадірлеп, құрмет тұтқан. Тіпті өзінің жора-жолдас, бауыр-туысына емес, тай тұяқ алтынын арнайы шақыртып, Қажымұқанға тарту еткен. Бұл нені білдіреді? Бұл айналасына сыйлы, қадірі артқан Қара деген адамның қазақтың абыройын асқақтатып жүрген балуанға деген ілтипатын аңғартады. Әйтпесе тай тұяқ алтынға құда түсушілер де, сұраушылар да аз болмаған. Бірақ Қараның көңілі Қажымұқанға ауғандықтан, балуанға байлап беріп отыр.

Екінші дүниежүзілік соғыс уағында жасы жетпістен асқан Қажымұқан ел аралап цирк өнерін көрсетіп, халықтан ақша жинағаны белгілі. Оны қарақан басының қамы үшін емес, майдан даласына ұшақ сатып алу үшін аударды. Балуанның қария шағындағы қайтпас қайсарлығы мен қайратының арқасында жиналған қаржыға алынған ұшақты ұшқыш Қажытай Шалабаев басқарып, 217 мәрте майданға кірген. Дәл Қажымұқан секілді тапқан-таянғанын елінің ертеңіне деп жұмсаған спортшы бар ма? Міне, «елім» деп туған Қажымұқанның соқтықпалы-соқпақты өмір жолында ұлтына жасаған жақсылығының бір парасы осындай.

Жазғы олимпиада ойындары, әлем, Азия чемпионаттары секілді дүбірлі додаларға аттанарда балуандар ғана емес, басқа спортшылар да Қажымұқан бабамыздың басына барып дұға оқып, бата тілеп аттанса дейсің. Атам қазақ «Баталы ел арымас» деп тегін айтпаған. Бабаның басында ел ақсақалдарынан бата алып, дұға тілеп аттанса тілегі қабыл болады.

Қорыта айтқанда, балуанның биылғы 150 жылдық мерейтойына орай, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларының бірінде еңселі ескерткіш орнатылса деп едік. Ол арманымыз да орындалды. Енді халықаралық турнирдің жүлдесін қомақты етіп тағайындап, әлемнің таңдаулы балуандарын шақырып, дүбірлі дода өткізуді іске асыру қажет.

Оңалбек ӘУЕЛБЕКОВ