Қара қыздың алтыны намысыңды қайрайды

2839

Біздікі құлдық сана. Жатты жарылқауға келгенде, алдыға жан салмаймыз. Қырық қазақ тұрып, жалғыз орыс үшін орысша шүлдірлейміз. Қазақты алаяқ, орысты адал көреміз. Машинамыз бұзылып қалса, қымбат болса да орыстың шеберханасына жүгіреміз. Орыс біледі. Орыс жасай алады. Орыс алдамайды. Орыс өтірік айтпайды. Осы мінез біздің бәріміздің қанымызға сіңген. Әсіресе, биліктегілердің қаны түгілі, етінен өтіп, сүйегіне жеткен…

Алыстан қайырып келгенде, айтпағымыз орыс туралы емес еді. Әңгімеміздің нысанасы – Қазақстан атынан жүгіріп, жеңіл атлетикадан қазаққа тұңғыш алтын алып берген қара қыз. Қазақтың сүлікқара арғымақтарындай, сылаң қағып, 3000 шақырым жерге кедергіден аттап жүгіруден Жеруто қыз көш бастады. Бұл жеңіске қатты қуанғандар да болыпты. «Қазақстан атын әлемге танытты, көк туымызды желбіретті», деп жатқандар баршылық. Қуана алмағандар да жоқ емес. Біз сол қатардамыз. Неге қуана алмадық? Бәлкім, біздің бойымызда құлдық сана кемдеу шығар? Бәлкім, қара қыздың шып-шып терлеген қошқыл етіне жабысып қалған көк туымызды қызғанған шығармыз?

Ал спортты ұстап отырған басшылар қандай күйде болды екен? Олардың біз сияқты қызғанбағаны анық. Оларда ащы терге шыланған көк туға деген ешқандай жанашыр сезім болмасы да анық. Министрлер мен шенеуніктерге атақ керек! Президенттің алдында алтын алдық деген есеп керек! Біздің шенеуніктер қазақты орыс түгілі, Кенияның қара қыздарынан да кем көреді. Олардың ұғымында қазақтың аяғы қысқа, адымы тар, өкпесі жабық. Өз ұлтын қор санау психологиясы спортты ұстап отырғандарда ғана емес, биліктің бишігін ұстаған азаматтардың бәрінің бойында бар мінез. Оны әңгіме басында айтқанбыз.

Қара қызды аттай қалап, миллиондап айлық төлеп, жердің түбі Кениядан алып келгендегі негізгі мақсат – олимпиададан алтын алу. Бірақ олимпиадаға деген асық мінездің астарында құлдық сананың буы бұрқырап тұр. Сол құлдық психология қазақтар жүгіре алмайды, қазақ жеңіл атлетикаға бейім емес деген бейпіл пікірге жамбастап жатып қалған.

Қазақтан жел аяқ шықпайды деу қате пікір. Біреулер африкалықтардың жаратылысы шаңдатып шаба беруге бейім дегенді айтады. Бірақ ХХІ ғасырда бәрі мүмкін. Есек мінген өзбектер қазір көкпарды қырғыз бен қазақтан кем тартпайды. Пәкене бойлы қытайлар жеңіл атлетикадан алтын бермейтін болған. Бұрын спорт адамның жаратылысына бағынатын, қазір тәрбиеге, еңбекке бағынады.

Біз қашанғы ЛЕГИОНЕРЛЕРГЕ тәуелді болмақпыз? Спорт жарыс қана емес. Бұл ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелейтін құрал ғой. Қазақстан атынан бес кениялық қыз жүгіргенше, алтын алмаса да, олимпиаданың алаңқайынан қазақтың бір қара қызының шаңдатып шауып өткені мың артық! Сол қызға қарап, ертең-ақ желіге бұзау қуып әкеп, байлап жүрген ауылдың қаракөз тұлымдылары олимпиадада атой салмасына кім кепіл?!

Анау жел қанат Жеруто алтыннан алқа таққан шығар, бірақ соның жеңісі бір қазақтың баласын желпіндірген жоқ. Себебі, ол қазақ емес. Қанша жерден көк туды жамылсын. Қазақстан атынан аламанға шықсын. Бәрібір қазақ бола алмайды. Қазақ бола алмаған соң, оның жеңісінің бары да, жоғы да бәрібір. Бұлар ақша үшін еңбегін сатып жүрген келімсектер. Ондайларды әспеттеп, легионерлер дейміз тағы.

Кейбір «данышпандар»: «ЛЕГИОНЕРЛЕР арқылы спортты дамытып алуға болады» деп жүр екен. Егер сол келімсектер арқылы қазақ спортын өркендетеміз десек, футболшыларымыз әлдеқашан француздармен бір алаңда доп теуіп, Бразилия төрінде қазақтың көк туы желбіреп тұрар еді. Қазақстанның аладобын әлемге танытамыз деп шетелден талай қара бала, сары балаларды бірнеше миллион доллар айлық төлеп тұрып әкелдік. Доп тептірдік. Әлі нәтиже жоқ. Өйткені олардың мұнда Отаны жоқ. Ақша ғана бар. Ақшаға адам да, есек те жалданады.

Бірді айтып бірге кеттік. Әңгімеге оралсақ. Қазақ доп тебе алмайды. Қазақ жүгіре алмайды. Қазақ жүзе алмайды. Сонда қазақтың қолынан не келеді? Егер үкімет спортты ақша жейтін қарауылы жоқ қазына сияқты көрмесе, спортты дамыту аса қиын шаруа емес! Шетелден жалдамалы спортшы емес, жаттықтырушы әкеліп, қырда қозы бағып жүрген қара домалақтарды жинап берсек, жүгіргеннің көкесін көрсетер еді. Мұны біз емес, спорт мамандары айтады. Егер спортқа бөлінген ақшаны министрден бастап, басқарманың басшылары бөлісіп алмаса, әр ауылда спорт залдары мен спорт алаңдары салынса, жүйрік жерутолар қазақ топырағынан да туар еді. Бұл да спортшылардың пікірі. Біз соған жеткізбей, жеп қойып жатырмыз. Ақшаны емес, қазақтың болашағын жеп жатырмыз. Талай желқанат қаракөз қыздарымыздың, аладопты ұршықша үйіретін ауыл балаларының өмірін жеп жатырмыз. Қашан тояр екенбіз?..

Жарас КЕМЕЛЖАН