EURO-2020-дағы Украина құрамасының киім үлгісіне байланысты келісімге қол жетті

156

Еуропа футбол қауымдастықтары одағы (УЕФА) мен Украина футбол қауымдастығы кеше басталған Еуропа чемпионатына Украина құрамасы ойыншылары киетін киімнің дизайны бойынша келісімге келді. Формада Қырым түбегі қоса бейнеленген карта мен «Украина жасасын!» деген ұран қалдырылады, ал «Батырлардың даңқы арта берсін!» деген ұран жасырылады.

Мұның алдында УЕФА киімдегі осы сөзге қарсылық білдіріп, оны алып тастауды сұраған. Ұйым өкілдерінің айтуынша, бұл – саяси ұран, ал футбол ережелері бойынша додада саяси ұран айтылмауы керек.

Украина құрамасының баспасөз хатшысы киім дизайны өзгермейді деген еді. Десе де, 11 маусымда кешкісін Украина футбол қауымдастығының президенті Андрей Павелко УЕФА-мен келіссөзде «жеңісті компромиске» қол жеткенін хабарлады.

Құрама бұрын бекітілген киіммен шығады, оған тек жаңа элемент – Украина футбол қауымдастығының атқару комитеті әзірлеген үлкен эмблема қосылады. Ол эмблемада Украина картасы, гербі және «Украина жасасын» деген және бір жазу болады. «Батырлар даңқы арта берсін» деген ұрансөз осы эмблемамен жасырылады.

УЕФА Украина құрамасының киіміндегі осы жазуды алып тастауды талап еткен.
УЕФА Украина құрамасының киіміндегі осы жазуды алып тастауды талап еткен.

УЕФА бұл ұранның жасырылатынын растады және украин құрамасының әр матчының алдында УЕФА өкілі ойыншылар киімін тексеретінін ескертті.

Ресей футбол одағының шағымынан кейін УЕФА Украина құрамасының киім үлгісін тексерген. УЕФА-ның айтуынша Ресей аннексиялаған Қырым түбегі қоса бейнеленген карта ережені бұзбайды, себебі БҰҰ мемлекеттің осы шекарасын мойындайды.

Ал «Батырлар даңқы арта берсін!» деген ұранның саяси астары бар, себебі бұл сөз тіркесін көбіне Украинаның ұлтшыл ұйымдары қолданады.

Халықаралық құқықтық құжаттарда Қырым Украина жері деп көрсетіледі, ал Ресей ол түбекті 2014 жылы заңсыз аннексиялаған болып саналады. Мәскеу бұл пікірмен келіспейді. Батыс елдері Ресейге осы үшін санкциялар салған.

Футболдан Еуропа чемпионаты 11 маусым – 11 шілде аралығында құрлықтағы 11 қалада (Лондон, Санкт-Петербург, Баку, Мюнхен, Рим, Амстердам, Бухарест, Будапешт, Копенгаген, Глазго, Севилья) өтеді. Жарысқа іріктеуден өткен 24 елдің құрамасы қатысады. Ресей В тобында, ал Украина құрамасы С тобында ойнайды.