EURO-2020: Испания 17 соққы жасап, гол соға алмады

85

14 маусымда футболдан Еуропа чемпионаты топтық кезеңінің бірінші турында Словакия құрамасы Польшаны жеңсе, Испания мен Швеция тең тарқасты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Е тобында Словакия құрамасы Польшадан 2:1 есебімен басым түсті. Кездесу Санкт-Петербургтегі «Газпром Арена» стадионында өтті.

Есеп 18-минутта ашылды, «Ювентус» пен Польша құрамасының қақпашысы Войцех Щенсный допты өз қақпасына соғып алды.

Екінші таймның басында польшалық жартылай қорғаушы Кароль Линетти таразы басын теңестірген. Бірақ 62-минутта поляк Гжегож Крыховяк қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды.

Словакия он ойыншымен қалған қарсыласына шешуші гол соғып, жеңісті жұлып әкетті. Қорғаушы Милан Шкриньяр 69-минутта көзге түсті. Есеп – 2:1, Словакия турнирді жеңіспен бастады.

Ал Севильяда Испания мен Швеция құрамалары кездесті. Бұл ойын 0:0 есебімен аяқталды.

Испаниялықтар шведтер қақпасына 17 соққы жасағанымен, есеп аша алмады. Швеция футболшыларының да гол соғатын мүмкіндік болды.

Е тобында бірінші турдан кейін Словакия көш бастап тұр. Швеция екінші, Испания үшінші орында келеді. Польша құрамасы – төртінші орында.

Енді 18 маусымда Швеция мен Словакия кездеседі. Ал Испания мен Польша матчі 19 маусымда өтеді.