EURO-2020: Үш матчте екі гол соққан Англия топта бірінші орын алды

115

22 маусымда футболдан Еуропа чемпионатының үшінші турындағы кезекті матчтер өтті, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

D тобындағы ойында Хорватия мен Шотландия кездесті. Ойын Глазгодағы «Хэмпден Парк» стадионында өтті. Хорваттар қарсыласын 3:1 есебімен жеңді. Хорватия сапында Никола Влашич (17-минут), Лука Модрич (62) пен Иван Перишич (77) гол соқты. Ал шотландиялықтардың жалғыз голын Каллум Макгрегор (42-минутта) салды.

Модричтің голы әдемі болды. Жартылай қорғаушы айып алаңына енер тұста қақпа бұрышын дәл көздеді.

Лондонда D тобының екінші матчі өтті. Англия құрамасының футболшылары Чехияны 1:0 есебімен жеңді. Жалғыз допты 12-минутта Рахим Стерлинг соқты.

3 матчта 2 гол ғана соққан Англия құрамасы 7 ұпай жинап, топтан бірінші орынмен шықты. 4 ұпай еншілеген Хорватия екінші орын алды. Дәл осынша ұпайы бар Чехия үшінші орында. Бұл екі құрама да плэй-офф кезеңіне шықты. Шотландия бір ғана ұпаймен топта соңғы орын алды.