Жусан исі…

316

«Алыста қалған балалық шағым… Көзімді сәл жұмсам-ақ: шуылдаған балалардың ең соңында сол аяғын жер сыпырғандай көлденең сүйретіп, ес қалмай далбақтап жүгіріп келе жатқан Аянды көргендей болам. Сондайда оның алқына шыққан әлсіз, жіңішке дауыспен: «Ей, тоқтаңдаршы, мен сендерге бүгін кешегіден де қызық ертегі айтамын», – деген жалынышты үнін естимін», – деп  басталушы  еді,  бала  кезімде   оқыған  «Жусан  исі»  деген повесть. 

Авторы  Сайын  Мұратбеков. Шығарманы  оқи  отырып,  күрсінбеген,  көзіне  жас алмаған  оқырман  кемде-кем-ау. Шағын  жанрдың шебері атанған жазушы Сайын  Мұратбековтың мықтылығы  да  сол,  оқырманынын  самарқау  қалдырмайтын. Бірге  жетелейді, күрсіндіреді,  күйіндіреді, қуандырады. Сонау қолға кітап алып,  оқи бастаған  шақта-ақ.  Анау «Жабайы  алма», «Басында  Үшқараның»,  «Жусан  иісі» «Менің  қарындасым» тағыда  басқа   туындыларын  бас  алмай  қайталап  оқи  беруші  едім. Бөлек  дүние-тұғын. Кейінен  КазГУ-дің  журфагіне  түскен  соң  бірнеше  мәрте жазғандарымды   Жазушылар  одағына апарып  жүріп,  Сайын  ағаны сұрастырғанмын.  Ойым  жақын  танысу еді. Үлкен жазушыны   көргім келген. Тіпті  шығармаларындағы   кейіпкерлер  өмірде   бар  адамдар  ма,  жоқ,  қиялдан туған   жандар  ма,  соныда  білгім  келген.  Бірақ  ол кісімен  кездесе алмадым…

Бірақ Сайын  Мұратбеков  мен  үшін жазуы  бөлек,  мықты  қаламгер    ретінде қала  берген. Әліде  үйдегі  сөреде  тұрған кітаптардың  ішінен ол  кісінің  жазғандарын   құмарым  қанбаған  адамдай қайтадан  отырып  оқи беремін. Сонау  алыста  қалған  ауылға  қарай  жетеуші еді, Сайынның әңгімелері… Ауылды, жүйткіп  өте  шыққан  бала  дәуренді   сағынушы  едім…

«…Аянның ертегі айтатындығы Сайынның өзіне аздап келеді. Бірақ, Аянның прототипі бар. Ол – ауылда тобығы тайғандықтан, аяғын қисаңдатып, сәл ішіне басатын Ұзақбай деген бала. Сол баланың тағдыры шығармаға арқау болған. «Жабайы алмадағы» Қанат та өмірде бар адам. Қанаттың тағдыры – Сайынның ауылындағы Науқан деген баланікі. Оның да әкесі соғыста қайтыс болған. Шешесі соғыс уақытында колхоздың жұмысынан зорығып өлген. Қазір Науқан ауылда тұрады. Ақсақал болды. Он алты баласы бар. «Жабайы алмадағы» балалар Сайынның ауылындағы «Қызыл жұлдыз» бригадасының балалары. Ал «Басында Үшқараның» деген әңгімедегі Әсет – Сайынның өзі. Бір жылы Бердібек Соқпақбаев, Тахауи Ахтанов, Сайын үшеуі Қапалдағы Сайынның атасының жайлауын аралап, Бұрхан бұлаққа барып қайтқан. Келгеннен кейін ойыма бірдеңелер келіп жүр. Бір шығарма жазсам ба екен деп жүрді. Келер жылы Әкім Тарази өз ауылының жайлауына шақырып кетті. Содан келді де, күзге салым «Басында Үшқараның» әңгімесін жазып шықты. «Мұң жапырақ» деген повесі болатын. Шағын үзіндісін бір журналға жариялаған да: «Аса жақсы жазылған жоқ. Өзіме ұнамады», – деп жүрген. Бірде үйге кірсем пештің алдында керек емес қағаздарын, біраз қолжазбасын бұрқыратып жағып отыр. «Мұның не?» – десем, ««Мұң жапырақ» жақсы шыққан жоқ. Өртеп жібердім. Ойланып қайта жазармын», – деді. Бірақ, қайта жазуға отыра алмады. «Енді бір үлкен дүние жазсам, соған отырсам», – деуші еді. Үлгермеді…»  деп  еске алады жазушының жары Мәриям  апай «Ақ  желкен»  журналына  берген  сұхбатында. Сайын  Мұратбеков    өткен ғасырдың 50- жылдарының соңы,  60- жылдардың  басында    әдебиет  көшіне өзіндік қолтаңбасымен  келген талантты  қаламгер. Шоқтығы  биік «Жабайы  алма»  романы үшін   Мемлекеттік  сыйлық  алды. Сайын аға бар  болғанда  биыл   жетпістің  жетуіне  толар  еді…

Қалихан  ЫСҚАҚ,  жазушы,  драмтург:

–Сайын Мұратбековпен  таныстығым  ол  Алматыға  келген  соң  басталды.   Оның  алдында хат  арқылы  жазған  дүниелерін  жіберіп  тұратын.  Мен  «Лениншіл  Жас»  газетінде әдебиет   бөлімін  басқарушы  едім. Алайда  оның дүниелерін    көбіне  жарата алмайтынмын. Себебі, Сайынның   жазғаны  менің  талғамынан  шықпады.  Тым  қарапайым,  тым  қарабайырлау  болып  келетін.  Кейіннен  Әбу ақсақал (Сәрсенбаев)  Сайынның  сол  кезде  жазғандарын   сүйрелеп  жүріп  жинақ  етіп  шығарып  берді. Сол  кітап  қолыма  тиген  соң  ғана,   оның  жазу  стилі,  мәнері  сәл  өзгешелеу  екенін  ұқтым. Жүре келе  біз  қатты  араласып  кеттік.  Сайын, Әкім  Тарази,  Рамазан Тоқтаров, Қабдеш  Жұмаділов   бәріміз   жақсы  достар  болдық.  Жұрт  бізді  бес  «тапал»  деп атайтын. Сайын  «Әй  мені  «тапалға»  қоспаңдар  мен  сендерден   бір-екі  сантиметр   болсамда  биікпін»  деп  қалжыңдайтын. Сондайда Сәкен Жүнісов:  «бір-екі  сантиметр  тұрмақ  он  сантиметр  болсаңда  бойшаңға  жатпайсын»  деп  қағытатын. Біздің  топқа    ақындардан  Жүмекен Нәжімеденов,  сыншы  Зейнолла Серікқалиев  қосылды. Асқар  Сүлейменов  ол  да  бар. Достыққа  адал  едік. Сырымыз да,  жырымыз да  ортақ  еді. Қазір   жазушылар        арасынан  ондай  ортаны  көріп  жүрген  жоқпын.  Жазғандарымызды  газетке, баспаға  бермей  тұрып  бір-бірімізге  оқытып,  кем-кетігі  болса  түзеп,  сын айтып  отырушы едік.  Біріншіден  жазғандарымыздың   олпы-солпы  жерлерін  жұртқа көрсетпеу, екіншіден   ол  кезде  цензура  деген  болды, жазғандарымыздағы  саясатқа  томпақтау  тұсын   жонып,  өткізіп  жіберетінбіз. Бір  жылдары  біз  тобымызбен   жиналып киностудияға  бардық.  Ол  жерде  жеті-сегіз  жыл қызмет  еттік. Айманов,  Бегалин,  Қарсақбаев секілді тұлғалар  дүниеден  өткен соң,  Олжас Сүлейменов: «Проза мен  поэзияның  сарайы  бос  қалыпты, соны  толтыру  керек. Жігіттер  енді үйге қайтайық»  деді. Тобымызбен  жиылып  Жазушылар  одағына  қайтып  келдік.  Кейінен  Олжас  Одақты  басқарды.  Біз  келгенде  Жазушылар  одағын  Әнуар  Әлімжанов  пен Ілияс Есенберлин  басқарып  тұрған-ды. Сол  адамдар бізге сүйеу  болды.  Әсіресе  Сайынға  Әнуар  Әлімжанов  көп қолқабыс  етті.  Ол  бір  шатаққа ұшырап   қалған  кезде де  Әнуар  сүйреп  алып  шықты.  Қысқасы  Сайын Мұратбековтың қалың  оқырманға  кеңірек   танылуында Әлімжановтың  орны  ерек  еді. Оны  мойындау  керек.  Жазушылығына  келетін  болсақ, ол сол  кездегі  қалам  ұстағандардың  ішіндегі  үздігі  еді. Оған  талас  жоқ. Мен   Жазушылар  Одағында  24  жыл үздіксіз  жұмыс істедім.  «Ақсу  жер  жанаты»  деген   романды  жазып жатырмын» деп  сөз арасында айналамдағыларға  айтып  қалатын-мын. Содан  бірде, «мынаны  жазушылар  одағынан  қуайық.  Кітабын  жазсын. Келісімге  отырып, 25  пайыз  ақшасын беріп  қоялық»  демесі  бар  ма?  Ол  кезде  Сайын  «Жазушы»  баспасының  директоры еді.  Содан мен  бір  жылға  демалыс  алып,   романды  жазуға  кеттім.  Соған  жағдай  жасады. Одан  кейін  Мәскеу  бардық,   оқыдық  дегендей. Қайда  жүрсекте  бір-бірімізге  қамқор, сүйеу болып  жүрдік. Керек  десеңіз, ас-судың өзін  бір  үйден  ішетінбіз.  Кейде  Сайынның,  кейде  бізден, кейде  Рамазанның үйінен   дегендей. Сайынның  «Жабайы  алмасы»  керемет  дүние  ғой. Жалпы  оның  шығармаларын  бірінен-бірін  бөліп  алуға  болмайды.  Бәрі  сарындас. Кейбіреулер  «Мемлекеттік  сыйлықты  неге  кеш  алды?»  деп  сұрап  жатады.  Оның  әр  түрлі  себебі  болды. Арамыздан  Қабдеш  сыйлықты  бірінші  болып  алды. Ол  кезде  біздің  мынадай  әдетіміз  бар-тұғын.  Барлығымыз   кісі  көбейіп  кетпесін  деп, сыйлыққа деп  құжаттарымызды  тапсырамыз,  жеме-жемге   келгенде,  құжаттарымызды  алып  кетіп,  өз  ортамыздан бір  адамды қалдыратын едік. Сөйтіп  жүріп  уақытты  біраз  өткізіп алдық. Сайында, Әкім де, Менде  Мемлекеттік  сыйлықты  кеш  алдық. «Осылар-ақ  алып  болсыншы. Таласып-тармаспай-ақ  қоялық.  Уақыты  келер»  деп  жүрдік. Бір  жағынан    өзімізге сендік. Өйткені  бізден  қара  үзіп, дара  шыққан  таланттар  кем. Ақыры  алдық  қой. Мәселе  сыйлыққа  тіреліп  тұрған  жоқ.  Ең  бастысы  оқырман  таныса, шығармаларымыз   шаңға  көміліп  бір  бұрышта  үйіліп  жатпаса болды  да. Сайын  өмірде  бір  тоға,  жайлы  адам  секілді  көрінгенмен  жұмысқа  келгенде  қатаң  еді.  Намысшыл еді. Бірде  мен  болған  жоқпын. Әкім,  Рамазан  үшеуі  мейрамханада  отырған  ғой. Сол  жерде көкірегі    жерде  жоқ,  астамсыған  бір  негрді  майлы  құйрықтан  бір  теуіпті. Жыны  келген  болуы  керек. Әлгі  шағымданып,  милиция  келіп  Сайынды  алып  кетіпті. Соның  кесірінен  бір-екі ай  қызметсіз  жүрді. «Сайын-ау,  Сайын,  келемін  десең  орның дайын. Келмеймін  десең, енеңді  ұрайын»  деп әндететініміз  сол  кез. Бірде  сонау  Есік шаһары  жағынан  саяжай  алдық.  Алдымен   алғаны  сол  Сайын. Қалай  жұма,  сенбі  болады.  Жиналып алып  тобымызбен  сонда  кетеміз. Дүйсенбі  күні  кері  қайтамыз. Сол  Сайын, Қабдеш,  Рамазан, Әкім.  Ол  бір  қызық  дәурен  еді. Өтті,  кетті. Не  дейін?.. Жастықтың  буы  бар  кезде  осы  жігіттер бірге жүрдік. Арамыздан қыл  өтпес  дос  болдық. Өкініш  жоқ  өткенге. Бұлардың  қай-қайсы  да  үлкен  талант  иелері  еді. Қазақ  әдебиетінде  өзіндік  орны бар,  салмақтары  бар қаламгерлер. Сайын  дегенде,  көз  алдыма  жастықтың  буы  бұрқырап  бірге  жүрген  күндер  келеді. Досқа адал  еді, қаламы  қарымды  талант  еді. Жазмыштан  озмыш жоқ  деген осы. Қайтейін…

 

Смағұл  Елубаев, жазушы:

– Сайын ағамен  мен 1967 жылдың көктемінде  таныстым.  Ол  кезде  Каз  ГУ-дің  бірінші  курс  студентімін.  Оның  алдында «Жұлдыз»  журналуына  Сайынның   «Таңғы  шық»  деген    әңгімесі  басылды. Сол  дүние  маған  керемет  әсер  етті.  Содан  бастап  ол кісіні    көрсем,  таныссам  деген  бір  арман  оянды. Бірінші  курс  студенті  болсақта  сол  кезде редакцияларға,  жазушылар  одағына  жиі  барып, жазғандарымызды  көрсетіп, ондағы  жазушы ағаларымыздан  ақыл-кеңес алып  жүретін  едік. Бірде  Жазушылар  одағына  бара  қалдым. Бір есікке кіріп жазғандарымды көрсетіп  шықтым. Сосын  дәлізде  кездескен  тағы  бір адамнан  Сайын  Мұратбековтың  қайда  отыратынын  сұрадым. Ол «анау  өзің  шыққан есікте отырады»  деді  де  жөніне  кетті. Сөйтсем әлгінде  мен ақыл-кеңес  сұраған  адам Сайын  болып  шықты. Қайтадан кіріп қолын  алып  жатырмын. «Аға  танымай  қалдым»  деп  кешірім  сұрап  қоямын.  Шашы  бұйра,  өңді  жігіт екен. Сол таныстықтан кейін  ол кісінің  өмірінің соңына  дейін мен  іні,  ол аға  болып  қаттты араластық. Достыққа  өте адал  адам еді. Дара  талант  еді.Әдебиеттегі  ұстазым  еді.  Қазақ  әдебиетінің  жауһарларына  айналған  туындылары  жетерлік. Соның  ішінде   мен  үшін «Жабайы алма», «Басында   Үшқараның»  деген   дүниелері  алабөтен. Алғашқы  таныстықтан  кейін  жазғандарымды  сол кісіге көрсетіп алып  отырдым.  Жақсысын,  жақсы,  әлсізін  жөнде  деп жазу  құдіреті, сөзің  сыйқыры    жөнінде  біраз  көсіліп  әңгіме айтатын. Алғашқы  әңгімелерімнің  жарық  көруіне Сайын  ағаның  көмегі  болды. Жасырып  қайтемін. 1972  жылы үйлі-баранды болдым. Пәтерде  тұрамыз.  Кішкентайлы  едік. Бірде  Сайын  ағаға барып   баспана  жөнінде  мұң  шақтым. Әрине  оны  өзімнің  ұстазым  Зейнолла  Қабдоловқа  не  болмаса  киноматография  комитетінде қызмет етіп  жүріп,  бастығым  Қалтай  Мұхамеджановқа айтпадым. Неге екені  қайдам, Сайын аға  маған әлдеқайда  жақын,  сырлас    қаламгер  еді. Сол кісіге  жеткіздім.   Сайын  ағаның   ерекше  бір  қасиеті «көрейін», «ертең»  не  болмаса «тағы  бірде сөйлесейік»  деп  ешқашан айтпайтын. Сол күні  түнде сол  кездегі  Кинматоргафистер одағының директоры,  досы  Камал аға  Смайыловқа  барып,  мен  жөнінде сөйлескен  екен. Көп  ұзамай екі  бөлмелі  пәтерге  ие  болдым. Бұл  Сайын Мұратбековтың   маған  жасаған  үлкен бір жақсылығы  еді. Оны  ұмытуға  болмайды. Ағаларға  қарыздармын. Амал  қанша,  Сайын  аға ерте кетті. Өмірінің  соңында   сусамыр дертіне  тап  болып,  берер  жыл  көзі  мөлдіреп  төсек  тартып  жатып  қалды. Қатты  қиналдым. Қолдан  келер  қайыр  жоқ. Жалпы  қазақ  әдебиетінде  шағын жанр,  әңгіме  жанрын  шыңға шығарған сөзсіз  дүлдүл  Бейімбет Майлин  еді. Оның  жолын  қумаған,  ықпалына  түспеген  жан  прозада кемде-кем. Бәрімізді  Бейімбеттің  шекпенінен шықтық  деп айтуға  болады. Сол Би-ағаңның жолын  қуған,  шағын  жанрға бүкіл  өмірін  арнаған  жалғыз  жазушы  болса,  ол  Сайын  Мұратбеков  еді. ХХ  ғасырдың  екінші  жартысында  қазақ  әңгімесін жаңа белеске  көтерген осы  қаламгер десем қателеспеймін. Мен  Сайынды  мақтағым  келмейді. Кез-келген   көзі  ашық  оқырман оның прозасына  көз жүгіртсе,  оның ірі талант, жазғандары шетінен  дүр  дүние екеніне  көз  жеткізер еді. Төсек  тартып жатқанда   соңғы  уақытта  жазған  екі әңгімесін  қайта  қаруға  мүмкіндігі болмай  жатқанын  өкінішпен  айтып  қалып  еді. Ол әңгімелері жарық  көрді  ме,  жоқ  па,  ол  жағы  маған  белгісіз.,,

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ