Ердоған C-400 кешеніне байланысты АҚШ пен Түркия қарым-қатынасы нашарлағанын айтты

75

Америка мен Түркия арасындағы қарым-қатынас дұрыс бағытта келе жатқан жоқ. 23 қыркүйекте Нью-Йоркте БҰҰ Бас ассамблеясында сөйлеген Түркия басшысы Режеп Ердоған осылай деп мәлімдеді.

Түрік басшысы Анкараның Джо Байден әкімшілігімен қарым-қатынасы әу бастан дұрыс басталмағанын айтып, егер НАТО мүшесі АҚШ қорғаныс саласында көмектеспесе, басқа елден көмек сұрайтынын ескертті.

Ердоған сөзіне сүйенген Түркияның Haberturk басылымының жазуынша, екі ел арасындағы келіспеушіліктер Түркияның Ресейден С-400 зымырандар жүйесін сатып алуынан туындаған. Вашингтон бұған наразы.

«Түрік-Америка қатынасы жақсы өрбіп жатыр деп айта алмаймын» деді Нью-Йоркте журналистер сұрақтарына жауап берген Түркия басшысы.

Түркия Мәскеумен миллиардтаған долларға бағаланған C-400 жүйесін сатып алуға келіскеннен кейін былтыр Дональд Трамп әкімшілігі түріктің қорғаныс саласына санкция салған.

Кей сарапшылардың пікірінше, С-400 НАТО мен АҚШ пайдаланатын F-35 ұшақтарына қауіп төндіреді.