НАТО Украинаға көбірек көмек көрсетуге уәде етті

716

НАТО одақтастары Украинаның электр қуаты мен жылуын қалпына келтіруге көмектесетін Киевке көбірек қару-жарақ пен құрал-жабдықтар уәде етті. Өйткені Украина президенті Владимир Зеленский Мәскеу күштері бірнеше аймаққа басып кіруге тырысып жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy шетелдік БАҚ-қа сілтеме жасап.

Сейсенбі күні украиндар әуе шабуылы туралы ескертетін сиреналардан кейін бомбадан қорғанатын арнайы паналарға қарай қашты. Бірақ артынша елде «бәрі таза» деген сигнал естілді. Дегенмен Донецк облысының шығыс бөлігінде Ресей әскерлері украиналық нысандарды артиллериялық зеңбірек, миномет және танкпен шабуылдады.

Зеленскийдің айтуынша, Ресей әскери күштері шығыста Луганск пен солтүстік-шығыста Харьковқа шабуыл жасады. Бұл Украинаның қыркүйек айында қайтарып алған соңғы аймақтары еді.

Зеленский майдандағы жағдайдың күрделі екенін айтты.

«Донецк, Луганск және Харьковтағы өте үлкен шығындарға қарамастан, басқыншылар әлі де алға ұмтылуда. Олар оңтүстікте бірдеңе жоспарлап отыр», — деді Владимир Зеленский.

Украина осы айда Ресей әскерлері шегінгеннен кейін оңтүстікте Херсонды бақылауды қалпына келтірді.

НАТО альянсы елдерінің Сыртқы істер министрлері, соның ішінде АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен сейсенбіде Бухарестте екі күндік кездесуді бастады. Олар украиндардың қауіпсіздігі мен жылуын қамтамасыз ету және алдағы қысқы науқан кезінде Киев қарулы күштерін қолдау жолдарын іздеді.