Ақ үй: Трамп пен Ким ақпан айында кездеседі

129

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын ақпан айының екінші жартысында кездеседі деп хабарлады Ақ үй. Жұма күні Трамп Солтүстік Корея басшысының арнайы уәкілі Ким Ен Чхольды қабылдаған. Ақ үй бұл ақпаратты осы кездесуден кейін хабарлады.

Кездесудің әзірге нақты қай жерде өтетіні белгісіз. Саммиттің басты тақырыбы – Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасы.

Трамппен кездеспес бұрын арнайы уәкіл АҚШ мемлекеттік хатшысы Майкл Помпеомен кездескен. Мемлекеттік департамент кездесудің «жақсы» өткенін хабарлап, онда Солтүстік Кореяның өткен жылы Сингапурдағы саммитте алған міндеттері талқыланғанын айтты.

Өткен жылы маусым айында Сингапурда өткен АҚШ-Солтүстік Корея саммитінен кейін Пхеньянның ядролық қарудан бас тартуға дайын екені хабарланған еді. Алайда әлі күнге дейін оны жүзеге асыру жоспары жарияланбады.