Ерекең елді ренжітті – Шымкент әкімі Ерлан Айтаханов сынға қалды

Ерекеңе мен шамалы ренжідім, дейді Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, шымкенттік блогер Әсет Әссанди желіде.

Үлкен мерекелерде, алқалы жиындарда, ірі басқосуларда Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалғыз тілі бар екенін неге естерімізден шығарамыз? Жиырма сегіз жыл бойы бізге бар құрметсіздігін танытып, мемлекеттік тілімізді меңгеруге ұмтылмақ түгілі, сол күйі менсінбей кеткендер түсінбей қалады деп үрейленіп, Ресей Федерациясының мемлекеттік тілінде сайрап кететініміз неліктен? Құлдық психологиядан арылу өте қиын болды ғой біз үшін, деген сауал тастайды ол.

– Мен ерекше жақсы көретін інім Ерлан Айтаханов Шымкент қаласының әкімі болып тағайындалған күні шәпкемді көкке қарай лақтырғаным бар еді – Шымқала шүлдірлеуді қойып, бабалар тілінде сөйлейтін болды ғой деп. Солай боп та келе жатқан. «Түркістан» сарайында өткен қала мұғалімдерінің Тамыз кеңесінде де, кейін журналистермен болған арнайы кездесуде де қала әкімі мемлекеттік тілімізде ғана сөйлеп, көңілімізді жұбатқандай әсерде болып келе жаттық, – деп жазады блогер.

Оның сөзінше, бұл Айтаханов та кешегі Ғабидолла Әбдірақымовтан алысқа кетпеген екен.

– Алайда, күні кеше «Түркістан» сарайындағы Ата заңымыздың мерекесіне арналған қалалық іс-шарада Ерекең баяндамасын түгел мемлекеттік тілімізде оқып беруге қымсынды ма, әлде басқа бір себебі болды ма, бір кезде үнемі шүлдірлеп жүрген алдыңғы әкім Ғабидолла Әбдірақымовты еріксіз көз алдымызға елестетіп жіберді. Әкімдеріміз мемлекеттік тілде айтқанын артынша өзге тілге аударып, қайталап жатса, тіліміздің не қадірі қалды?..
Әлде бұл саясат үшін қажет пе? Әй, қайдам… Саясат үшін қажет болатын болса, елімізде үш тұғырлы тіл саясаты жүргізіліп келе жатқаны қашан – онда қазақша-орысшамен шектелмей, әкімдердің бәрі сол заматта ағылшын тілінде де сайрай жөнелу керек еді ғой!.. Әлде олай емес пе?.. Ренішім осы – еліміз үшін, тіліміз үшін…

Дерек көз: https://kaz.zakon.kz/

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған