Өзбекстан азаматтығынан айрылуы мүмкін азаматтардың жаңа тізімі жарияланды. Мәскеудегі Өзбекстан елшілігі жариялаған жаңа тізімде 1150 адамның аты-жөні бар.
Ақпарат бойынша, тізімде аты-жөні көрсетілген азаматтар шетелде үш жылдан артық жұмыс істеген, бірақ әлі күнге дейін консулдық есепке тұрмаған.
«Ферғана» ақпарат агенттінің хабарлауынша, Өзбекстан азаматтығынан айрылуы мүмкін адамдардың басым бөлігі – этникалық қазақтар (947 адам). Тізімде сонымен бірге өзбек, этникалық орыс, қарақалпақ, татар, беларусь, корей, түркімен сияқты ұлт өкілдері бар. Олардың жасы – 21 мен 97 жас аралығында.
Мәскеудегі Өзбекстан елшілігінің хабарлауынша, «Өзбекстан азаматтығы туралы» заңның 21-бабына сәйкес, алдағы уақытта бұл адамдарды азаматтықтан айыру мәселесі қаралады.