Батыр Баукеңде «қылыш қайқы болса да, жұмысын түзу атқарады» дейтін бір сөз бар. Өлеңі көкжал, өзі қанденнен де жаман ақындарымды көргенде «қисық» болмасқа амалың қалмайды әттең…
Өлімтігін бір тиын қылып сыйлыққа жанталасып жатқан замандас аға-бауырларымды көргенде кешегі Бернс, бүгінгі Зефанаяларды сағынамын. Әйтпесе сол жермен алысып күн көрген Роберт пен келімсек деген атауы бар Бенджаминге ақша керек емес пе еді, абырой керек емес пе еді? Әрі-беріден соң, Бернс көз жұмғанда Англия ханшайымы тағайындаған стипендиядан бас тартқан шайырдың қатыны да құрлы болмадық қой, қызталақ. Нешінші баласы екені есімде жоқ, жаңа босанып жатқан сол әйел затының ішер аузы, тышар көті жоқ па әлде? Ұлыбританияда Британ Империясы Орденінен артық сыйлық жоқ. Оны Ханшайымның өзі табыстайды. Оны алған адам жоқшылықты ұмытады былай айтқанда. Сол орденнен бас тартқан эмигрант Бенджамин Зефанаяның уәжі: Даунинг стрит 10-ға әділдік іздеп барғанда Премьерге менің қаншалықты қажетім болмаса, маған да бұл сыйлықтың соншалықты қажеті жоқ! Оны журналшы қауым сол кезде «Зефаная послал Королеву» деп айқайлатып жазып та жатты. Сөйткен ақынын қудалаған үкіметті және көрмедім. Қудалағаны былай тұрсын, қайсыбір жылы Алматыдағы Британ Кеңесі сол Зефанаяның өлеңін Рождество мерекесіне орай таратылатын открыткаларына басу үшін қазақ тіліне аудартты да. Ал бізде қалай? Бізде бәрі керісінше. Бізде қаншалықты принципсіз болсаң, соншалықты сүйкімдісің. Ал өлең оттай береді…
(Дәурен Берікқажыұлының Фейсбуктағы парақшасынан алынды)