«Астана» «Манчестер Юнайтедті» жеңді

I тобының бесінші турындағы ойын «Астана Аренада» өтіп, 2:1 есебімен алаң иелерінің жеңісімен аяқталды.

«МЮ» Қазақстанға өзінің жас ойыншыларын алып келді, мықтыларынан тек Англия құрамасында ойнап үлгерген Люк Шоу мен Джесси Лингард алаңға шықты. Қарсылас сапында алғашқы минуттардан бастап алаңға шыққан ойыншылар арасында бірден үш дебютант болды.

10 минут өтпей жатып Лингард алыстан жасаған соққысымен допты Ненад Эрич қақпасында тулатты. Бұл бірінші таймда соғылған жалғыз гол болды.

Қызықтың бәрі үзілістен кейін басталды. «Астана» жеті минуттың ішінде екі доп соғып, есепте алға шықты.

55-ші минутта Дмитрий Шомко есепті теңестірсе, 66-шы минутта сербиялық легионер Антонио Рукавинаның өткір пасына тосқауыл жасамақ болған 19 жастағы қорғаушы Дишон Бернард допты өз қақпасына кіргізіп алды. Одан кейін есеп өзгермеді.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған