Аты аңызға, тірісінде абызға айналған Әбіш Кекілбайұлының бүгін туған күні. Тірі болса Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері бүгін 80 жасқа толар еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жазушының есіміне көше беру салтанатына Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев пен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қатысты. Көше астананың сол жағалауында ЭКСПО аумағына жақын маңда орналасқан. Мәңгілік ел көшесімен қиылысады. «Бүгінгі күн – үлкен қуанышты сәт деп ойлаймын. Өйткені, Тұңғыш Президентіміз – Елбасының ұсынысымен осы Еуразияның төрінде Сарыарқаның төсінде жаңа астанамыз салынды. Елбасы көтерген осы бастамасына тілегін қосып, шын жүрегімен ниетін білдіріп, қолдау көрсеткен Әбіш ағаның атында көше ашылып жатыр. Біз Алла тағалаға «Әбекеңді алып кеттің» деп өкпе айта алмаймыз. Қазақта осындай ұлы абыз адам болғаны үшін рахмет айтайық. Екі ғасырдың тоғысында, тәуелсіздіктің елең-алаң кезеңінде Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы, Әбіш Кекілбайұлы секілді ұлы тұлғалардың болуы – біздің қазаққа Алланың көрсеткен қолдауы, жақсылығы деп есептейміз. Даңғылдың бойында жүретін өскелең ұрпақ Әбіш Кекілбайұлының кім екенін, осы Нұр-Сұлтан қаласының не үшін салынғанын ескеріп, тәуелсіздігімізді баянды етуге үлестерін қоса берсін деп тілейміз», – деді жиын барысында Қырымбек Көшербаев. Мемлекеттік хатшы өз сөзінде салтанатты шараға келген жазушының жары Клара Жұмабайқызын құттықтады. Өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елорда көшелерінің біріне Әбіш Кекілбайұлының есімі берілуін тарихи оқиғаға теңеді. «Елбасының қасында жылдар бойы серік бола жүріп, қазақ елін Мәңгілік ел етуге үлкен еңбек еткен ағамыз мәңгі есімізде болары сөзсіз. Әбіш ағамызға бүгін ас беріліп, кешке еске алу кеші өтеді. Бұл – мемлекетіміздің мәдениет қайраткерлеріне, жазушыларға, қазақ елінің бірлігін көтеріп жүрген азаматтарға деген үлкен құрмет. Сондықтан, бүгінгі іс-шара баршамызға құтты болсын», – деді қала басшысы. Айта кетсек, Әбіш Кекілбайұлы 1939 жылы 6 желтоқсан күні Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы (бұрыңғы Гурьев облысы) Оңды ауылының Мырзайыр деген жерінде туған. Арғы атасы Жаңайұлы Қожаназар қазақтар көшін Маңғыстауға бастап келген топтан. Әбіш Кекілбайұлының алғашқы өлеңдер жинағы «Алтын шуақ» 1962 жылы, «Бір шөкім бұлт» 1965 жылы жарық көрді. Ауыл өмірінен жазылған повесть, әңгімелер жинағы «Дала балладалары» — Әбіш Кекілбайұлының кең тынысты эпик, суреткерлік болашағын танытады. 1974 жылы «Дәуірмен бетпе-бет» сын мақалалар жинағы, «Бір уыс топырақ», 1979 жылы «Тырау тырау тырналар», Маңғыстау түбегінің өткені, бүгіні, болашағы туралы «Ұйқыдағы арудың оянуы» тарихи танымдық баян, 1982 жылы «Шыңырау» повестер жинағы, 1992–93 жылдары таңдамалы екі томдық, 1995 жылы «Заманмен сұхбат» 1998 жылы «Азаттықтың ақ таңы», публицистикалық мақалалары, толғамдары, 1999 жылы 12 томдық шығармалар жинағы жарыққа шықты. Әбіш Кекілбайұлының «Үркер» (1981), «Елең-алаң» (1984) романдары қазақ әдебиетінің үлкен табысы ретінде бағаланып, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығын алды. 2001 жылы шыққан «Талайғы Тараз», 2002 жылы шыққан «Шандоз» тарихи тақырыпты ғылыми дәйекпен, дерекпен түсінікті ұғымды етіп жеткізудің жаңа бағыт-бағдарын белгілеп берді. 2009 жылы «Сыр десте» деп аталатын автордың көп жылдық ой-толғаулары, эссе, естелік, сөйлеген сөздерінің 5 томдық жинағы жарыққа шықты. Әбіш Кекілбайұлының көптеген шығармалары ТМД халықтары мен шетел тілдеріне аударылған. Ол ҚазССР Мемлекеттік сыйлығының 1986, Қазақстан Республикасы Президентінің бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының 1995, «Отан» орденімен 1999, Түркі елдері қауымдастығының шешімімен «Түркі дүниесіне сіңірген еңбегі үшін сыйлығын» алады. 2003 жылы «Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен марапатталды. Әбіш Кекілбайұлы 2015 жылы желтоқсанда өмірден озды.
inform.kz