Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада РФ Премьер-Министрі Михаил Мишустинді қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Президенті Телерадиокешеніне сілтеме жасап.
«Құрметті Михаил Владимирович, біздің елордамызға қош келдіңіз! Сіз Үкімет басшысы ретіндегі алғашқы шетелдік сапарыңызды Қазақстанға жасап отырсыз. Біз үшін оның үлкен символикалық әрі Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы стартегиялық ынтымақтастық және өзара әрекеттестікті дамыту тұрғысынан алғанда практикалық та мәні бар. Мен осы сәтті пайдалана отырып, сізді жоғары лауазымды қызметке тағайындалуыңызбен құттықтаймын. Сондай-ақ, өзімнің әріптесім Ресей Федерациясының президенті Владимир Владимирович Путинге ізгі тілектер мен сәлем жолдағым келеді», – деді ҚР Президенті. Сондай-ақ, Президент Ресей Үкіметінің басшысына екі ел цифрландыру саласында да әріптестік орнататынына сенім білдірді. «Мен сіздің Еуразиялық экономикалық одақтың Үкіметаралық кеңесіне қатысқаныңызды білемін. Форумның тақырыбы өте өзекті: цифрландыру, жасанды интеллект. Біз Қазақстанда осы саламен мықтап айналысып жатырмыз. Бізге сіздердің бұл салада мол тәжірибелеріңіз бары мәлім. Сондықтан бұл салада да ынтымақтастық орнатамыз деп санаймыз»,— деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Өз кезегінде РФ Премьер-Министрі Михаил Мишустин Қазақстан Президентіне жылы қарсы алып жатқанына және елордаға шақырғанына алғыс айта отырып, Қасым-Жомарт Тоқаевты Жеңіс күні аясында 9 мамырда Мәскеуде күтетінін жеткізді. «Ресей Президенті Владимир Путиннің де ізгі тілектері мен сәлемін үлкен ілтипатпен жіткіземін және осы сәтті пайдаланып Сізді 9 мамыр – Жеңіс күнінде Мәскеуде күтетінімізді еске сала кеткім келеді», – деді Михаил Мишустин. Одан бөлек Ресей Үкіметінің басшысы әріптесі Асқар Маминмен екі тараптың өзара ынтымақтастығының барлық спекторын барынша терең талқылағанын атап өтті. «Ресей мен Қазақстан — бауырлас елдер. Әріптестік, одақтастық қарым-қатынаста. Сауда-экономикалық және институционалдық әрекеттестік, өңіраралық және іскер орталардың байланысы артып келеді. Біздің елдеріміз, сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық интеграция процесінде, ҰҚШҰ, ТДМ, ШЫҰ-да және басқа да көпжақты форматтарда маңызды рөл атқарады» деп атап өтті. Сөз соңында Қазақстан Президенті Жеңістің 75 жылдығына орай Мәскеуге шақыруды қуана қарсы алатынын жеткізді. Айта кетейік, кеше Алматыда ЕАЭО «Жаһандық экономиканың цифрлық болашағы» атты форумы өтті. Форумға Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Молдова премьер-министрлері қатысты.