Бердімұхамедов ұлын жаңа қызметке тағайындады

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов жалғыз ұлы 37 жастағы Сердар Бердімұхамедовті Ахал уәлаяты әкімінің орынбасары қылып тағайындады. Азаттықтың Түркімен қызметінің хабарлауынша, Бердімұхамедовтің жаңа қызметке тағайындалғаны туралы 2 қаңтар күні үкімет сайтында қысқа ақпаратпен ғана хабарланды.

Сердар Бердімұхамедов бұған дейін бір жылдан аз уақыт сыртқы істер министрінің орынбасары болған.

Түркіменстанның оңтүстігіндегі Ахал уәлаяты Иран және Ауғанстанмен шектеседі. Уәлаяттың әкімшілік орталығы Аннау қаласы ел астанасы Ашхабадтан небәрі сегіз километр қашықта орналасқан.

Сердар Бердімұхамедов жаңа қызметке тағайындалғанымен, оның парламент депутаты мандаты сақтала береді. Ол парламентке 2018 жылы наурызда өткен сайлауда депутат болған.

Кіші Бердімұхамедов депутат болып сайланғаннан кейін ұзамай сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалған соң тәуелсіз бақылаушылар оны биліктегі әкесінің ықтимал мұрагері деп атай бастаған.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған