Үкімет 4 мамырдан бастап жұмысқа кірісетін қызмет түрлерінің тізімін бекітті

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды zakon.kz.

Еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, карантин жағдайында өңірлердегі шектеу шараларын одан әрі жеңілдету жөніндегі ұсыныстар туралы Премьер-Министрдің орынбасары Е. Тоғжанов баяндады.

Мемлекеттік комиссия өңірлердің әкімдерінің ұсыныстарын қарап, Денсаулық сақтау министрлігінің позициясын ескере отырып, бірқатар шешім қабылдады.

1. Биылғы 4 мамырдан бастап барлық өңірлерде жұмысқа кірісетін кәсіпкерлік субъектілерінің қызмет түрлерінің тізімі бекітілді:

аумағы 500 ш. м. дейін болатын азық-түліктік емес дүкендер сағат 17:00-ге дейін (барлық түрлері);
фотосалондар, гүл сататын дүңгіршектер;
шаштараздар (жазылу бойынша);
медицина орталықтары (жазылу бойынша);
стоматологиялық клиникалар (жазылу бойынша);
жылжымайтын мүлікпен операцияларды жүзеге асыратын компаниялар, жарнама агенттіктері, адвокаттар, нотариустар;
шағын қаржы ұйымдары, сақтандыру компаниялары, ломбардтар, айырбастау пункттері;
ақпараттық-коммуникациялық технологиялар компаниялары.
2. Биылғы 4 мамырдан бастап далада спортпен шұғылданып, жаттығу жасауға рұқсат етіледі.

3. 4 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыдан Қызылордаға, Петропавлға, Өскеменге және Семейге әуе қатынастарын қайта жандандыру туралы шешім қабылданды. Рейстер санитарлық талаптардың нормаларын күшейтумен, аз жолаушылармен және салонда ерекше қашықтықты сақтап отырғызу арқылы жүзеге асырылады.

Өңірлердің әкімдіктеріне тиісті шаралар қабылдап, жұмысқа кірісетін нысандарда санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қатаң бақылауды қамтамасыз ету тапсырылды.

Сонымен қатар отырысқа қатысушылар ТЖ кезінде ірі инвестициялық жобаларды іске асыру, сыртқы сауда операцияларын жүргізу және т.б. мәселелерді қарастырды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған